Сейсенбі, 13 Сәуір 2021 12:08

Сейфолла Рыстанұлы: Қазақтың өмірінің өзі – тұнып тұрған қолөнер

Қазақтың қазақ екенін танытатын бай тілі мен көнеден келе жатқан үлкен қазына – салт-дәстүрі деп ойлаймын. Ал сол дәстүрді ұрпақтан-ұрпаққа мирас етіп жеткізуші, саф күйінде сақтаушы да басқамыздан бұрын қолөнершілер десем, артық айтқандық болмас. Жөн-жоралғыларымызда қолданатын байырғы бұйымдарды бүгінге жеткізіп, оның сыры мен сиқырын ашып, халыққа дәріптеушілер де – қолөнершілер.

Темірге тіл, жаңқаға жан бітіріп, ою ойып, кесте тоқып, тері илеп, киіз басып, тек табиғи өніммен тұрмыста қажеттінің бәрін өздері жасап отырған аталарымыз бен әжелеріміз қандай дарын иелері еді. Бүгінгі кейіпкеріміз белгілі қолөнерші, суретші Сейфолла Рыстанұлы қолөнер жайында өз ойымен бөлісті.

– Қолөнерге қызығушылығыңыз қайдан пайда болды?

– Атамыз Тауданбек деген белгілі бүркітші, тері илеумен айналысқан шебер болған екен. Әкеміз де, біз де ерте жастан қолөнерді жанымызға серік еттік. Мен Монғолияда туып, сонда өстім. Ол жақта қазақылықтың тамаша сақталғанын білесіз. Салт-дәстүр де, қолөнер де күнделікті тұрмыспен біте қайнасып, бірлесіп жатыр. Оларды бір-бірінен бөліп қараудың қажеті жоқ. Әке-шешеміз қызметте болғанымен үйге келгенде анамыз қолына кестесін алып, үйдің ішін безендіретін. Тұскиіз кестелеп, сырмақ сырып, текемет басатын. Әжеміздің кимешегін өрнектеп, біздің киімізді өзі тігетін. Әкеміз құрал-сайманын сайлап, сандық пен кебежеден бастап тұрмыста қажетті бұйымдардың бәрін өзі жасайтын. Осыны көріп өскендіктен қолөнер біз үшін өмір салтының бір көрінісі іспеттес. Қарап тұрсаңыз, қазақтың өмірінің өзі – тұнып тұрған қолөнер. Ал киіз үйі – нағыз көрме, музей. Киіз үйдің кереметін айтпағанда, ата-әжелеріміз оның ішіндегі қарапайым басқұр мен баулардан бастап аяқ астындағы төсеніштерді де әрлеп-әсемдеп ою-өрнекпен тікті, жиһаз бен ыдыс-аяқты да асқан шеберлікпен қолдан жасады. Үйдегі ер азамат пен келіннің пысықтығы, іске икемі осыдан көрінді. Сондықтан қолөнер – әр қазақтың қанында бар қасиет. Тек бойда бар бұл өнерді көпшілік іске асыра алмай жүр. Қазақтың ұлы ойшылы, ақын Абай Құнанбайұлы өзінің отыз үшінші қара сөзінде: «Дәулетті өмір сүргің келсе, қолөнер үйрен. Байлық уақытпен бірге жоқ болар, ал өнер өлмейді» деген екен. Осы сөздің түп-төркінін халық енді түсініп жатқандай.

  

– Халықтың қолөнерге деген қызығушылығы артты ма?

– Бүгінде халықтың көзі ашық, көкірегі ояу. Бір кездері ұмыт болған қолөнерге қазір қызығушылық жоғары. Қазақы бұйымдар мен қолдан жасалған дүниелер сатылымда да көп, тапсырыспен жасатушылар да артты. Қарапайым мысал, байқасаңыздар, ұлттық ою-өрнекпен көркемдеп киім киетіндер көбейді. Бұрын ондайды кездестірмеуші едік. Үйінің бір бөлмесін қазақты нақышта жабдықтап, бес қаруын жасатып, сандығын қойып, төріне тұскиіз ілу қазір сәнге айналды.

– Оның себебі неде деп ойлайсыз?

– Бұрындары шеттен келетін арзанқол дүние халықтың көңілінен шықпады деуге болар. Бәлкім, сол себептен де нарықта сұраныс болмады. Сондай-ақ жаңа айтқанымдай, халықтың көзі ашылды. Тарихын танып, өз дүниесін түгендеп, ата-баба мұрасына ден қойып жатыр. Осылайша, 2000 жылдардан бері қазақтың өз қолөнері дамып, жоғалтқанымыз қайта жаңғырды. Мысалы, ұста Дәркембай ағаларымыз ұмыт бола бастаған торсықтың түр-түрін халыққа қайтарып берді. Бұл – бір ғана мысал. Одан бөлек, салт-дәстүріміз бен жөн-жоралғыларымызда пайдаланатын көптеген ұлттық бұйымдарымыз қайта жаңғырып, бірте-бірте қолданысқа еніп жатыр.

 

– Халықтың сұранысы артты. Ал қолөнершілер тарапынан сұранысқа сай ұсыныс бар ма?

– Иә, кешегі күннен көп хабары бар, халқымыздың әдет-ғұрпы мен тарихын, тұрмыс-тіршілігін жан-жақты зерттеп, қазақтың баяғыдағы бұйымдарын сол қалпында жеткізіп отырған қолөнершілер баршылық. Тіпті асыл мұрамызды бүгінгі күнге бейімдеп, заманға сай жаңартып жатқан қыз-жігіттердің жұмысы жоғары бағаға ие.

Мықты суретші, қолөнерші Айжан Бекқұлова еліміздің түкпір-түкпіріндегі қолөнершілердің басын қосып, Қазақстан қолөнершілер одағын құрған. Сонда барлығымыз бір-бірімізбен тәжірибе алмасып, технологияларымызбен бөлісіп отырамыз. Республикалық, халықаралық байқауларға қатысып, шеберлігімізді шыңдаймыз. Сол байқауларға қатыса жүріп, Орта Азия және Тынық мұхиты елдерінің шебері атағының және екі дүркін Қазақстанның шебері атағының иегері болдым. Айжан Бекқұлова ендігі уақытта қолөнершілер орталығын ашу үшін жанталасып жүр. Шетелдерге шыққанда қолөнершілер орталықтарына қызығасың. Көршілеріміз қырғыз бен өзбекте де мұндай орталықтар бар. Бізде жоқ.

  

– Ол орталықтардың ерекшелігі неде?

– Ол жерде шеберханалар, көрме залдары мен мектеп-студиялар орналасады. Яғни қолөнерші мен қарапайым халық арасына жасалған көпір деуге болады. Шебер өз жұмысын халыққа тікелей көрсетуіне, танытуына мүмкіндік алса, өз кезегінде халықтың да шебермен және оның жұмысымен етене танысуына жол ашылады. Бұл арадағы көрінбейтін қабырғаны жояр еді. Өйткені көпшілік халық қолөнершілерді тани бермейді. Тек көрмелер мен жәрмеңкелерде танып-біліп жатады. Ал көрме екі күннің бірінде өте бермейді ғой. Сондықтан шетелдіктердің бұл тәжірибесі өте маңызды.

 

– Ұлттық бұйымдарға бұрындары шетелдіктер көп қызығатын.

– Дұрыс айтасыз, өнерді бағалай білетін туристер тарапынан қызығушылық әркез жоғары. Ол кезде біздің тұтынушы-тапсырыс берушілеріміздің көп бөлігі де шетелдіктер болатын. Шетелдерге түрлі фестивальдер мен көрмелерге барғанда қазақтың қолөнеріне тамсана қарайтын халықты көп кездестіреміз. Сырттан бөлек өз елімізде де көрмелерге шығамыз. Сонда жерлестеріміз де үлкен қызығушылық танытып, сұрап-біліп, қажетіне тапсырыс беріп жатады.

– Ұлттық бұйымдардан қандай заттарға сұраныс көп?

– «Негізгі сұраныста мынау» деп белгілі бір бұйымды атай салу қиын. Өйткені қолөнердің бағыты көп. Бірі киім-кешек, көрпе-сырмақ тігумен айналысса, енді бірі зергерлікті серік етеді. Музыкалық аспап жасайтындар бар, тұрмыстық заттардың шеберлері, ат әбзелдерін қайта жаңғыртып жүрген ұсталар бар дегендей, олардың әрқайсысына түсетін тапсырыстың түрі де әрқалай. Мысалы, мен терімен айналысатындықтан теріден тоқылған картиналарға, сандықтарға сұраныс көп. Одан бөлек белдіктер мен пышақтарға, түрлі кәдесыйларға тапсырыс беріп жатады.

– Теріден бөлек қолөнердің қай түрімен айналасыз? Қолыңызға жеңілі қайсысы?

– Балам екеуіміз, негізінен, күміспен, өңді металмен, темірмен, терімен, сүйекпен, ағашпен жұмыс жасаймыз. Тұрмыста қажетті сандық, пышақтан бастап, жігіттің бес қаруы, зергерлік бұйымдар, тапсырысқа қарай кез келген затты жасай береміз.

 

Сұхбаттасқан Құралай МҰРАТҚЫЗЫ

 

 

Оқылды 2506 рет

Соңғы жаңалықтар

Желт 10, 2025

Көкжөтелдің қаупі

Көкжөтел – ол ұстама түрдегі ұзақ жөтелмен өтетін, тыныс алу жолдары, қан тамыры мен…
Желт 10, 2025

Жаңа туған кездегі профилактикалық…

Профилактикалық екпелер - инфекциялық аурулардың алдын-алу және…
Желт 10, 2025

Балаларға жаңа жылдық тәттілерді…

Мереке (туған күн, жаңа жыл т.б.) қарсаңында балаларға арнап тәттілер мен сый-жиынтықтар…
Желт 10, 2025

Моншалар мен сауналарға қойылатын…

Қоғамдық монша, сауналарға барған кезде ол орындардың санитариялық жағдайына ерекше…
Желт 04, 2025

Сыбайлас жемқорлық түсінігі және…

Сыбайлас жемқорлық — мемлекеттің тұрақты дамуына, қоғамдық қатынастардың ашықтығы мен…
Желт 04, 2025

Пиротехникалық бұйымдардың…

Пиротехникалық бұйымдарды (фейерверктер, отшашулар, жарық беру және дыбыстық эффектілер…
Желт 04, 2025

Неліктен ұнды фортификациялау маңызды

Халықтың денсаулығы мен тамақтану сапасын жақсарту – мемлекеттік саясаттың стратегиялық…
Желт 04, 2025

Стоматологиялық ауруханаішілік…

Ауруханаішілік инфекцияларды әртүрлі микроорганизмдер тудыруы мүмкін. Оның ішінде…
Желт 04, 2025

«1 желтоқсан - АИТВ инфекциясына…

АИТВ - бұл адам ағзасының жасушаларына енетін және оны түрлі инфекциялардан қорғайтын…

Күнтiзбе

« Желтоқсан 2025 »
Дс Сс Ср Бс Жм Сб. Жк
1 2 3 4 5 6 7
8 9 10 11 12 13 14
15 16 17 18 19 20 21
22 23 24 25 26 27 28
29 30 31        

Кез келген материалды
көшіріп басу үшін
mezet.kz - ке гиперсілтеме
қою керек 

Яндекс.Погода

 

https://kurs.kz/ - Курсы валют в обменных пунктах г. Алматы и других городах Казахстана

Жарнама

для детей, достигших 12 лет