Дүйсенбі, 28 Шілде 2025 16:52

Ұстаздық ұлағат немесе абыройын асқақтатқан алғыстар

«Ақырын жүріп, анық бас,

Еңбегің кетпес  далаға.

Ұстаздық еткен жалықпас,

Үйретуден балаға» – деп жырлаған, ұлы ақын Абай Құнанбайұлының осы бір шумақ өлеңі Тоғжан Аубакирқызына арнап жазылған сияқты.  Өйткені  «ұстаз және ұстаздық ұлағат» – деген сөз тіркесінде терең де мазмұнды ой, өткен өмір белестерінің қиындығы мен  қуанышы астасып, бүгінде  жемісті жылдар нәтижесін тапқандай. Шынында да ұстаздың алдынан өтпейтін еш мамандық жоқ. Ел билеген басшы да ұстаз алдында бас иеді.  Сондықтан да ұстаз – ардақты есім.

Біздің Президентіміз де «Ұстазы жақсының ұстамы жақсы» деген халықпыз. Ұстазсыз адам болмайды. Бәріміз де кезінде мұғалімнің тәлімін алып, білімін үйрендік. Әр адам қандай жетістікке жетсе де, білім берген ұстаздарын ерекше қадірлейді» деп, ұстаздық мамандықты жоғары бағалаған.  Өйткені  ұстаздық мамандықтың жауапкершілігі жоғары,  ұлағатты сөздері өсіп келе жатқан жас жеткіншектердің келешекте білімді, көкірегі  ояу, түсінігі терең тұлғалы азамат болып қалыптасуына жол ашады.

Әңгімемізге арқау болған ұстаз – ағылшын тілі пәнінің мұғалімі болып, мектеп ұжымы оның еңбегін өте жоғары бағаласа,  бүгінгі таңда еліміздің әр өңірлерінде еңбек етіп жүрген шәкірттері  алғыстарын айтып, сапалы білім, саналы тәрбие бергеніне жақсы тілектерін білдіруде.  «Бағалай білгенге бақ қонады, қуана білгенге құт қонады»,- деген осы емес  пе?  

«Ұстаз болу – жүректің батырлығы, сезімнің ақылдығы» – деп, танымал ақын Ғафу Қайырбеков айтпақшы,  қиын да болса,  ағылшын тілінің  маманы болуды жүректің батылдығы мен сезімнің ақылдығымен таңдап, Алматы шетел тілдері педагогикалық институтына оқуға түсіп, оны жақсы бағамен оқып бітіріп, 1977 жылдан бас-тап, зейнетке шыққанға дейін бір орынында  – Қорам орта мектебінде 45 жыл еңбек еткен ардагер ұстаз Тоғжан Бастаубаева  болатын.

Тоғжан Аубакирқызы – 1953 жылы осы Қорам ауылында дүниеге келіп, 1960 – 1970 жылдары алдыңғы қатардағылардың  бірі болып, орта білім алған түлек еді..  Ол кезде ағылшын тіліне деген аса қызығушылық   болған жоқ. Алайда, Тоғжан шәкірттеріне келешекте әлем тілі қатарында басқа тілдерден басым болатынын сезіп айтқандай-ақ, бүгінгі кезде ең маңызды мамандықтардың бірі болды. Болашақты болжай білуімен, шәкірттеріне сабақты қызықты әрі әмбебап етіп, тілді тез үйрету үшін, ойын, пікірталас, диалог, суретке қарап сөйлем құрау сияқты сабақтармен қатар түрлі шаралар өткізу тәсілдерін ұтымды қолдана білді.

Өткен бір жылдары Англияның Бирмингем қаласынан Қазақстан еліне келіп, әр өңірін аралап жүрген ерлі-зайыпты мистер Мэттью Джонсон мен мисс Хелен Джонсон деген волонтерлер Шелек  ауданына келеді. Осы хабарды естіген Тоғжан директормен келісіп, мектепке арнайы шақыртады.  Ағылшын тілінен ашық сабақ өткізіп, «MiSS ENQLISH  LANQUAQE» – «Ағылшын тілінің аруы» атты іс-шараны тамашалатады. Шетелдік қонақтар бұл шараны қызыға көріп, балалармен бірге шараға қосылып кетеді. Шара соңында оқушылардың ағылшын тілін үйренуге сондай ынталы екеніне риза болып, алғысын айтып, марапаттайды. Бұл кездесу оқушыларды шет тілін үйренуге деген құлшынысын арттыра түседі. «Ұстаз – ұлық емес, ұлы қызмет» деп осындайда айтылса керек-ті.

«Ұстаз таланты болса, шәкірт талапты болады» – демекші, Тоғжан Бастаубаеваның сабақ оқытудағы ұтымды тәсілі – оқушыларды сабаққа қызықтыра білуінде.  Оған – Ливерпуль қаласынан шыққан атақты  әншілер тобының шығармашылығы туралы ашық сабақ өткізгені дәлел.  Көрнекілік құралдарда әншілер тобының суреттері  ілініп, оқушылар «Битлз» тобының әндерін ағылшын тілінде орындап, қызықты мәліметтермен  бөлісіп, сабақ тартымды әрі қызықты өтеді. Сабақ соңында оқушыларға марапатталып, ынталандырылады. «Жай мұғалім хабарлайды, жақсы мұғалім түсіндіреді, керемет мұғалім көрсетеді, ұлы мұғалім шабыттандырады» – деген тұжырымның соңғы екеуі Тоғжанға да арнап айтылған десек, қателеспейміз.

Енді бірде Білім және ғылым министрлігінен ауылда ағылшын тілін оқыту үрдісін тексере келген комиссия, Қорам ауылының мектебіне де ат басын бұрып, сыныптарда өтіп жатқан ағылшын тілі пәні сабақтарына қатысып, жоғары бағаларын беріп, ұстаз Тоғжанға алғысын білдіреді.  Тәжірибе жинақтай келе, Тоғжан Бастаубаева шетел тілі пәні секциясының меңгерушісі болса, кейін жоғары санатты ұстаз атанды. Сынып жетекшілігімен де түлектерінің құрметтісі. Еңбегі де бағаланып, облыс, аудан білім бөлімі басшыларынан марапаттар алды. Бірақ... «Бір қарын майды, бір құмалақ шірітедінің» кебін киген ұстаз:  «Зейнетке шығар жылдары   мектеп ұжымы ұсынған  «Ы. Алтынсарин» төсбелгісінен қалай айырылып қалғанымды өзім де білмеймін, менің орныма басқа біреу иемденіп кетті» – деп, көкейінде қалып қойған қынжылысын да айтты, әңгіме арасында.  Бұл өмірде ақшадан да, атақтан да құдіретті дүние бар. Ол –  ниеттің, тілектің, батаның құдірет күші.  Тоғжан өзінің біліктілігінің арқасында ақ тілек, алғыс, ақ батамен абыройы асқақ.

Күн сайын қарқынды ілгерілеп келе жатқан қоғамда көп тіл білудің маңызы артып келеді. Тарихқа үңіліп қарасақ, білімді, талантты, атақты тұлғалардың бәрі 5-7 тілді еркін меңгергенін білеміз. Ал қазіргі жаһандану дәуірінде дамудың даңғыл жолына түсу кезеңінде ағылшын тілінің шоқтығы биік. Елімізде қазақ тілі – мемлекеттік, орыс тілі – ұлтаралық, ал ағылшын тілі – халықаралық тіл болып табылады. Соңғы отыз жылда Қазақстанда ағылшын тілінің басымдылығы 10 есе өсіпті.  Ағылшын тілі дүние жүзінде қолдану аясы жағынан да артып келеді.  Кеңестік кезеңдегі кереғар саясат КСРО-ның аудиториясынан асып шықпаса, ағылшын тілі әлемдік зайырлы дүниетанымға негізделіп барады.

   Тоғжан өз кезінде ағылшын тілін оқушыларына тегін әрі жетік біліп, үйренуге бар білімін сарқыды. Қазір ағылшын тілін үйренемін дегендер ақылы курстарды таңдайтыны –шындық. Тоғжанның өзінің жолын жалғастырған шәкірті  PhD профессор Малмақова Айгүл Ербосынқызы: «Қазір Малайзияның Куала Лумпур қаласында өтіп жатқан «53rd IUPAC   qeneral assembiy» және «50th Worid chemistry conqress»  аясында «IUPAC 2025» конгресіндемін. АҚШ, Ұлыбритания, Франция, Италия, Голандия сияқты тағы басқа елдерде өткен дүниежүзілік конференциялар мен тағылымдамаларым ағылшын тілі пәнінен  білім мен танымымды арттырған Тоғжан Аубакировнаның арқасы.  Деніңіз сау, амандықта болыңыз менің ұлағатты ұстазым!» – деп, жүрекжарды ыстық ықыласын  білріпті.

Рушангуль Турдыбакиев Абылайхан атындағы қазақ Мемлекеттік халықаралық қатынастар және әлем тілдері университетін 1994 жылы бітіріп, осы жоғарғы оқу орнында қызметке орналасып,  халықаралық қатынастар факультетінің  деканы, орынбасары бола жүріп, халықаралық көптеген байқауларға қатысқанын, сондай-ақ  Ұлыбритания, Голландия сияқты елдердің атақты университеттерінен білім деңгейін жоғарлатқанын айта келе, осындай жетістікке жеткізген мектептегі ұстазы Тоғжан Аубакирқызына алғысын айтып, ізгі тілегін жеткізіпті.

Осы университеттің түлегі Индира Дулятова да өзі мамандық алған жоғарғы оқу орнының «Роман-герман» филология»  факультетінде зерттеуші-филолог мамандығы бойынша студенттерге сабақ береді.  Ал Құралай Жампейіс те осы университтің  «аударма және филология» факультетінде қызмет етеді, филология ғылымдарының кандидаты, қауымдастырылған профессор ұстазы туралы: «Тоғжан Аубакированың сабағы біз үшін тек білім көзі ғана емес, шабыт пен мотвацияның бастауы еді. Ағылшын тілінің грамматикалық құрылымдарын өмірлік жағдаяттармен  ұштастырып, оны шынайы қарым-қатынас құралы ретінде қабылдауға үйретті. Тілге деген қызығушылығым мен сүйіспеншілігім сол сәттен бас-тау алды. Тоғжан Аубакирқызы  тек кәсіби шебер мұғалім ғана емес, әр оқушының жүрегіне жол таба білетін нағыз тәлімгер еді. Ол менің қабілетіме сеніп, «Сенен жақсы мұғалім  шығады»  – деп, үнемі қолдау білдіретін. Мен үшін ұстазым – ұлы тұлға. Оның ұстаздық еңбегі мен өмірлік өнегесі менің кәсіби жолымды табуға тікелей ықпал етті», – деп ыстық ықыласын жеткізді.

Қазақстан Республикасының  4-ші шақырылымының депутаты, қаржы және бюджет комитетінің мүшесі, Сәдуақасов  Қайрат Құтымұлы да ұстазы Тоғжан Бастаубаеваға жүрекжарды ашық хатын арнапты. Әл-Фараби атындағы Қазақ ұлттық университетінің математика және қолданбалы математика факультетін оқып бітіргеннен кейін қызметінде зор пайдасы тиген, ағылшын тілін өте жоғары деңгейде оқытқан ұстазына алғысын жеткізген.

Сондай-ақ, Айшагүл Османова, Дилара Караева, Тахмина Исмаилова, Назым Абилдаева,  Мукарам Сабирова, тағы басқа да көптеген шәкірттері ағылшын тілінің мұғалімі мамандығын игеріп, әр өңір  мектептерінде, кейбіреулері халықаралық оқу орталықтарында сабақ беріп  жүргендерін айтып, алғашқы ағылшын тілін үйреткен Тоғжан апайларына айтатындары – алғыс екенін жеткізді.

Жақында өзі жеткешілік жасап, осыдан 20 жыл бұрын ұядан ұшырған түлектері  бас қосу шарасына шақырып, зор құрмет көрсетуі, алғыстарын айтуының өзі – үлкен мәртебе. Тоғжан қазақ және орыс сыныптарына  ағылшын тілі пәнінен сабақ беруі, үш тілді жетік білуінің жемісі еді.

Қазақстанда жоғарғы оқу орындарында ағылшын тілі тереңдетіліп оқытылады. Олар – «Қазақ-Британ техникалық университеті», «Назарбаев университеті», «Еуразия Ұлттық университеті», «Әл-Фараби атындағы Қазақ ұлттық университеті» және тағы басқа оқу орындары. ҚазҰУ-де 36 мамандық пәндері ағылшын тілінде оқытылады. Қазіргі кезде осындай жоғарғы оқу орындарында Тоғжан Бастаубаева сияқты білікті мамандырдан дәріс алған шәкірттер қызмет етуде.  Ағылшын тілін меңгеру бұл – бүгінгі күннің өмір талабы.

Анарбек БЕРДІБАЕВ.

 

Оқылды 64 рет
Осы категориядағы басқа материалдар: « Жұмыссыздар үшін МӘМС жарнасы бюджет есебінен төленеді

Соңғы жаңалықтар

Шіл 28, 2025

Батан деген кім?

Түрген сайы деп басы Асы жайлауындағы жүздеген тұма – бұлақтардан, биік тау басындағы…
Шіл 28, 2025

Бала тілі неге кеш шығып жатыр?

Бала – өмірдің мәні. Ұлттың келешегі де – бала. Әр отбасының бақыты осы бір кішкентай…
Шіл 28, 2025

Дәнекерлеудің қас шебері

«Әке көрген оқ жонар, шеше көрген тон пішер» деген ғой, дана халық. Марат Айнединов те…
Шіл 28, 2025

Екі газетке де еңбегі сіңген

Егемендік алып, оңтайластыру кезеңі жүріп жатқан қиын кезде Шелек ауданын Еңбекшіқазақ…
Шіл 24, 2025

СПК «Қонаев» реализовала проект…

АО «СПК «Қонаев» совместно с партнером ТОО «DEL Construction» завершили строительство…
Шіл 24, 2025

Алматы облысында қолжетімді тұрғын…

«Қонаев» ӘКК» АҚ серіктесі «DEL Construction» ЖШС-мен бірлесіп, Іле ауданына қарасты…
Шіл 24, 2025

«Аким Алматинской области не знал,…

Заместитель премьер-министра РК Ермек Кошербаев прокомментировал скандал вокруг детского…
Шіл 18, 2025

Алматы облысында балабақшаларға…

Алматы облысында мектепке дейінгі білім беру саласы жаңа қаржыландыру жүйесіне көшіп…
Шіл 18, 2025

2025 жылы мал шаруашылығын…

Ағымдағы жылы «Асыл тұқымды мал шаруашылығын дамыту, өнімділік пен өнім сапасын арттыруды…

Күнтiзбе

« Шілде 2025 »
Дс Сс Ср Бс Жм Сб. Жк
  1 2 3 4 5 6
7 8 9 10 11 12 13
14 15 16 17 18 19 20
21 22 23 24 25 26 27
28 29 30 31      

Кез келген материалды
көшіріп басу үшін
mezet.kz - ке гиперсілтеме
қою керек 

Яндекс.Погода

 

https://kurs.kz/ - Курсы валют в обменных пунктах г. Алматы и других городах Казахстана

Жарнама

для детей, достигших 12 лет