2022 жылдан бері 25 қазанда ел Президенті Қасым-Жомарт Кемелұлы Тоқаевтың бастамасымен Республика күні мерекесі тұрақты түрде аталып келеді. Халқымыз тәуелсіздігімізді дәріптеп, ел тарихына құрметті арттыратын, татулық пен патриотизмді нығайтуға бағытталған бұл ұлықты мерекені ыстық қабылдады. Бұл күн – тәуелсіздіктің алғышартын қалаған, еркіндіктің бастауы болған қастерлі мереке. Өзгерістер жолына бет түзеген, бірегейлік пен бірлікті, әділдік пен адалдықты, тұрақтылық пен дамуды мақсат тұтқан барша қазақстандықтардың мерейлі күні. Соған сай 25 қазан күні Т.Молдағалиев атындағы аудандық мәдениет үйінде Республика күні аталып өтті. Салтанатты шараға еңбек ардагерлері, қала және ауылдық округ әкімдері, бөлім басшылары мен жастар қатысты.
Шараға қатысушылар ең әуелі мәдениет үйінің алаңындағы Туымыз ілінген биік тұғырға жиналды. Мемлекеттік Гимніміз шырқалып, Ту көтерілді. Салтанатты мереке мәдениет үйінде жалғасын тапты. Сахна төріндегі лэд экраннан мерекеге сай, патриоттық сезімге толы видео көрсетілді. Өз кезегінде аудан әкімінің орынбасары Ертай Нұрмаханов ұлықты мерекенің мәніне кеңінен тоқталды:
– Тарихқа көз салсақ, 1990 жылы дәл осы күні Жоғарғы Кеңестің қаулысымен Мемлекеттік егемендік туралы Декларация қабылданып, Қазақстанның тәуелсіз мемлекет ретіндегі саяси-құқықтық негіздері бекітілді. Бұл күнге 2022 жылы Президент Қасым-Жомарт Кемелұлы Тоқаевтың тапсырмасымен ұлттық мереке мәртебесі қайтарылды. Сол кезден бері Республика күні қоғамдық санада әр адамның өз елінің болашағына деген жауапкершілігін айқындайтын, азаматтық бірегейлік пен ұлттық бірлікті айшықтайтын жалпыұлттық мереке ретінде қалыптасты.
Мемлекет басшысы «Жасанды интеллект дәуіріндегі Қазақстан: өзекті мәселелер және оны түбегейлі цифрлық өзгерістер арқылы шешу» атты Қазақстан халқына Жолдауында атап көрсеткендей, қазіргі кездегі ең басты міндет – еліміздің егемендігін, жеріміздің тұтастығын нығайту – деді.
Сондықтан Егемендік декларациясының 35 жылдығын мерекелеудің негізгі идеологемасы еліміздің түрлі салада жеткен жетістіктері мен жүргізіліп жатқан трансформациялық өзгерістерді дәріптеу арқылы қоғам бірлігін арттыруға, азаматтарымыздың бойындағы отансүйгіштік сезімді күшейтуге, тәуелсіздікті одан әрі тұғырландыру.
Қазақстан азаматтарының тұлғалық, кәсіби, шығармашылық табысы – ел ішінде уақытылы жүзеге асырылған әлеуметтік-экономикалық және саяси реформалардың оң нәтижесінің жемісі. Сол себепті, ұлттық мерекенің идеялық мазмұны баршаға ортақ жоғары миссияны – Қуатты, Әділетті, Қауіпсіз және Таза Қазақстанды құру болып табылады.
Бұл миссияның жүзеге асуы қоғамдық сананы қалыптастыруда «Таза Қазақстан», «Заң мен тәртіп» қағидаттарын және «Адал азамат» құндылықтар жүйесін ілгерілетуге негізделеді.
Тәуелсіз Қазақстанның қалыптасуы мен дамуына, соның ішінде 54 этнос пен ұлыстың киелі шаңырағы бола білген Еңбекшіқазақ ауданы соңғы жылдары әлеуметтік-экономикалық жағынан бір қалыпты дамып келеді. Атап айтқанда, ауыл шаруашылығы тауарын өндірушілер өсімдік шаруашылығы, инвестициялық субсидиялар бағыттары бойынша 10 млрд теңгеге жеңілдікті несиелер, субсидиялар алынды. Аграрлық несие корпорациясы арқылы көктемгі егіс жұмыстарын қаржыландыруға «Кең дала» бағдарламасы аясында 24 шаруашылық 323 млн теңге несие алды. «Ауыл аманаты» бағдарламасы аясында 252 жобаның 2,5 млрд теңге құжаттары қаржыландыруға комиссияға жолданылды. Шағын және орта бизнесте жұмыс істеп тұрған шағын кәсіпкерліктің саны 26 мың 055 бірлікті құрап, 40 мыңға жуық адам жұмыспен қамтылды.
«Жайлы мектеп» бағдарламасы аясында биылғы жылы ауданымызда Қаражота ауылында 300 орындық және Алмалы ауылында 600 орындық 2 жаңа мектеп пайдалануға берілді. Жыл соңына дейін Ащысай ауылында 600 орындық, ал Сатай ауылында 900 орындық заманауи мектептердің құрылысы аяқталып, қолданысқа беріледі деп жоспарлануда. Сонымен қатар, Есік қаласында 130 және 180 пәтерлі, Шелек ауылында 120 пәтерлі тұрғын үйлердің құрылыстары жүргізілуде. Бұл атқарылған істің бәрі де, әрине, халықтың әл-ауқатын арттырып, әлеуметік жағдайын жақсарту үшін жасалып жатыр – дей келе, көпшілікті мерекемен құттықтап, қазақтың сүбелі сөздерімен ақ тілегін жеткізді.
Сонымен қатар, Ертай Сұлтанәліұлы ел дамуына өзіндік үлесін қосқан азаматтарымызға облыс әкімі Марат Сұлтанғазиев пен аудан әкімі Талғат Байеділовтің мерекелік марапаттарын табыс етті.
Аудандық мәдениет саласында қызмет атқарып жүрген айшықты өнерпаздар жоғары деңгейде ұйымдастырылған мерекелік концерттік бағдарламасын ұсынды. Сонымен қатар, Айбек Мұхамедәлі, Лала Бақытнұрқызы, Нұртас Қайратұлы, Бауыржан Қаңтарбай сынды эстрада жұлдыздары да өнерлерін паш етті. Патриоттық және халық әндерін шырқаған әншілер алқалы жұрттың қошеметіне бөленді.
Ринат НАРХАНОВ.



