«Талдыбұлақ орта мектебінде қазақ поэзиясының мұзбалақ ақыны Мұқағали Мақатаевтың туғанына 95 жыл толуына орай «Сөнбейтін шырақ – Мұқағали жыры» мектепішілік әдеби-сазды кеш ұйымдастырылды. Шараның мақсаты – оқушыларға ақынның отты жырлары арқылы поэзияның тереңдігін таныту, туған жерге, ата-анаға, махаббат пен адамгершілікке деген сезімдерін байыту болды.
Іс-шара барысында оқушылар ақынның жүрекке жылы тиетін лирикалық өлеңдерін мәнерлеп оқып, сөзіне жазылған әндерді шырқады. Мектебіміздің өнерлі өрендері ақын шығармашылығына тереңінен бойлап, жан дүниелерімен сезініп, өздеріне жүктелген тапсырманы жоғары деңгейде орындап шықты.
Әдеби кеш көрермендерге ерекше әсер сыйлап, поэзия әлеміне саяхат жасағандай күй сыйлады. Мұқағали жырлары – ұрпақтан-ұрпаққа жалғасатын, ешқашан сөнбейтін рухани шырақ екені тағы бір мәрте дәлелденді.
Осындай тағылымы мол кештер жас ұрпақтың әдебиетке деген қызығушылығын арттырып, ұлттық құндылықтарды құрметтеуге тәрбиелейді.
А.САБАНШИЕВА,
Талдыбұлақ орта мектебі
директорының тәрбие ісі жөніндегі орынбасары.



