Кездесуде Елбасы төтенше жағдай кезінде мемлекеттік шараларды қолдау және мұқтаж адамдарға көмек ұйымдастыру бойынша «Nur Otan» партиясының белсенді жұмысын атап өтті.
– Пандемия бүкіл адамзатқа қауіп төндіріп тұр. Президент пен Үкімет қиын жағдайға тап болған адамдарды, көпбалалы отбасыларды, мүмкіндігі шектеулі жандар мен қарттарды көмекпен қамтамасыз ету жөнінде шаралар қабылдады. Осы орайда партияға мемлекеттік шараларды қолдау бойынша белсенді жұмыс істеуді тапсырдым, - деді Қазақстанның Тұңғыш Президенті.
Сондай-ақ Нұрсұлтан Назарбаев «Birgemiz» қоғамдық қорының жұмысына тоқталып, бұл бастаманы қолдаған қазақстандықтарға алғысын білдірді.
– «Birgemiz» қорына біраз қаражат жиналды. Осынау қиын кезеңде мұқтаждарға көмек ұйымдастыру мақсатымен менің қор құру жөніндегі бастамамды қолдағаны үшін Қазақстанның бизнес қауымдастығына алғыс айтқым келеді. Мен «ERG» компаниялар тобының басшылығы А.Машкевичке, А.Ибрагимовқа, П.Шодиевке, «Қазақмыс» корпорациясының басшылығы В.Кимге, О.Новачукке, Э.Огайға, сондай-ақ Т.Құлыбаевқа, Б.Өтемұратовқа, Р.Сәрсеновке, А.Клебановқа, Ғ.Есеновке, А.Рақымбаевқа, А.Беловичке, Қ.Боранбаевқа, Қ.Шәріпбаевқа және тағы да басқа азаматтарға алғыс білдіремін, - деді Елбасы.
Сонымен бірге Қазақстанның Тұңғыш Президенті «Jas Otan» жастар қанатының белсенділері мен еріктілерінің жұмысын атап өтті.
– Партия белсенділері мен «Jas Otan» еріктілері Қазақстан бойынша 50 мыңнан астам отбасыны ең қажетті тауарлармен қамтамасыз етті. Жалпы бұл жұмысқа үш мың ерікті жұмылдырылды. Мен оларға да алғыс айтамын, - деді Нұрсұлтан Назарбаев.
Сонымен қатар, Елбасы «Birgemiz» қорынан 152 мыңнан астам отбасына 50 мың теңге көлемінде біржолғы көмек көрсетілгенін айтты.
- Біз бұл жұмысты жалғастыруымыз керек. Мамыр айының басынан бастап халыққа көмек көрсетудің екінші толқынын бастаймыз. Бұл Үкімет бөліп отырған көмектен бөлек қосымша қолдау, - деді Қазақстанның Тұңғыш Президенті.
Сондай-ақ «Nur Otan» партиясының Төрағасы дағдарыстан кейінгі кезеңдегі экономикалық өсімді қамтамасыз ету мәселелеріне тоқталды.
– Президент те, Үкімет те осы қиын уақытта бәріне көмектесу үшін барынша жұмыс істеп жатыр. Коронавирус пандемиясы өтеді, алдағы уақытта біздің алдымызда экономиканы қайта қалпына келтіру мәселесі туындайды. Біраз адам жұмыссыз қалып, экономика бәсеңдеді. Жағдайдың жақсаруына қарай бизнестің кейбір түрлеріне қызметін жандандыру үшін жеңілдік жасаған жөн деп ойлаймын. Кәсіпкерлер өзін және айналасын қорғау үшін барлық тиісті шараларды қабылдауы керек, - деді Елбасы.
Өз кезегінде Б.Байбек партияның дағдарысқа қарсы іс-шараларды жүзеге асыру және халыққа көмек көрсету жұмыстары туралы баяндады.
– Қазіргі таңда «Birgemiz» қорына 20 миллиард теңгеге жуық қаражат жиналды. Біз материалдық көмектен бөлек Нұр-Сұлтан, Алматы және Шымкент қалаларындағы мұқтаж отбасыларға медициналық бетперде тарата бастадық. Сонымен қатар, елорда мен Алматыдағы екі мыңнан астам дәрігер мен медицина қызметкерінің әрқайсысына Қордан 50 000 теңгеден берілді, - деді «Nur Otan» партиясы Төрағасының бірінші орынбасары.
Кездесу соңында Нұрсұлтан Назарбаев тағы бір мәрте барша қазақстандықты жаһандық пандемиямен күресте бірігуге шақырды.
– Бірлігіміз, ынтымағымыз бен бір-бірімізге деген қамқорлығымыз бізді жетістікке жетелейді. Үйде отыру оңай емес екенін түсінемін. Шағын бизнеске де ауыртпалық түсіп тұр. Алайда қазір жетістікке жету үшін шыдамдылық қажет », - деді Қазақстанның Тұңғыш Президенті.
elbasy.kz