Демократияның бірден-бір көрінісі саналатын жергілікті өзін-өзі басқару жүйесі бүгінгі күні елімізде даму жолында. Бұл жүйе Қазақстанға шетелдік тәжірибе арқылы келсе де, халқымыз үшін таңсық нәрсе емес. Ерте заманнан-ақ қазақ халқы ауылдарда өздерінің көшбасшыларын сайлап, ақсақалдар, белсенді азаматтар билік ісіне араласып отырған. Жерглікті мәселелерді ортаға салып, өз арасында шешімін тапқан. Бүгінгі жергілікті өзін-өзі басқару ертеден келе жатқан басқару жүйесінің жалғасы іспеттес. Ауыл азаматтарын билік ісіне араластыру мақсатында қабылданған заң қазіргі уақытта өз жемісін беруде. Әсіресе, ауылдық округтерде құрылған жергілікті қауымдастықтың жұмысы жандануда. Оны күнделікті өмірде көріп, біліп жүрміз. Мемлекеттік қызмет саласында ұзақ жылдар қызмет еткен Асыл Байтулақов та осы пікірді ұстанады. Десек те, бұл жүйені қарапайым азаматтарға әлі де түсіндіру керек деген ниетті. Оны Асыл Байтулақұлымен жасаған сұхбат барысында айтып өткен болатын.
– Құрметті Асыл Байтулақұлы, осы уақытқа дейін бірнеше округте басшы болып, жергілікті өзін-өзі басқару жүйесінің дамуына өз үлесіңізді қостыңыз. Қарапайым азаматтар үшін бұл жүйе қаншалықты тиімді?
– Аты айтып тұрғандай, жергілікті тұрғындар өзін-өзі басқаруға, яғни, елді мекеннің мәселесін шешуге мүмкіндік алады. Бұл жүйе ертеректе де қазақ даласында жүзеге асқан. Еліміздің тарихында жергілікті өзін-өзі басқарудың дәстүрлері бар. Тәуке ханның «Жеті жарғы» заңдар жинағы орта ғасырдың өзінде түрлі қоғамдық және мемлекеттік институттар өкілеттігінің барлық саласын анық бөле білген. Жергілікті өзін-өзі басқаруды енгізу кезінде өзіміздің тарихымызды, рулық және ауылдық басқару саласында пайдаланылған құндылықтар ескеріле келе, жүйенің заман талабына сай үлгісі жасалған. Бүгінгі таңда аталған жүйе ауыл тұрғындарына ғана емес, мемлекет үшін де тиімді болып отыр. Айталық, жергілікті атқарушы билік ауыл ішінде, тұрғындар арасында қандай проблемалық мәселе бар екендігін жетік білмеуі, елді мекен үшін бірінші кезектегі маңызды мәселенің шешімін қалай табу керектігін ескермеуі мүмкін. Осы тұста округте құрылған жергілікті қауымдастық өкілдері тұрғындардың ұсынысын жеткізіп, талап-тілектерін ортаға салып, ортақ шешім шығарады.
– Басқару жүйесіне ауыл тұрғындары белсене араласады ма?
– Шыны керек, әлі күнге өзін-өзі басқару жүйесінің не екенін білмейтін азаматтар да бар. Кейбір қауымдастық өкілдерінің өзі округтің тыныс-тіршілігіне белсене қатыспайды. Сондықтан болар, жүйенің шикі тұстары әлі күнге түзелмей келеді. Мысалға, ауылда мектеп, балабақша немесе емхана салынса, қаражат жоғарыдан бөлінеді. Тиісінше, құрылысы аяқталған нысанды қабылдап алу жоғарғы жақтан басталады. Ең соңында жергілікті атқарушы орган қол қояды тиісті құжатқа. Содан болар, қазіргі қолданысқа берілген нысандардың сапасына деген тұрғындардың наразылығы көптеп туындауда. Оны болдырмас үшін, жергілікті қауымдастықтың өкілдері белсенді жұмыс жасауы керек секілді. Елді мекенге салынып жатқан ғимараттардың сапасын бақылауға алса және де сол нысанның қабылдау актісіне қол қою қауымдастық пен ауылдағы билік өкілдерінен басталса мәселе оң шешімін табар еді.
– Бүгінде жастардың тәрбиесімен қауымдастық өкілдері айналысып жатыр ма?
– Әрине, тұрғындар арасынан сайланған қауымдастық мүшелері ауылдағы барлық жұмыстарға атсалысады, жастар тәрбиесімен де айналысады. Алайда, тәрбие ісінде ұйымдастырушылық пен бірізділік жоқ. Ежелгі қазақ даласында ауылдың сотқар азаматтарының мәселесін ақсақалдар мен билер алысқа апармай-ақ, өз арасында шешіп, тезге салған. Мен әкім болып тұрған тұста да бұл жұмыстар атқарылды. Бірақ, тиісті деңгейде емес. Бүгінде учаскелік полиция инспекторы ауылдағы бұзақылықты көптеп анықтап, кінәлілерді жазаласа, жоғарғы жақ сол елді мекенде жұмыс атқарылып жатыр деп есептейді. Ал аталған қылмыстар тіркелмеген жердің учаскелік инспекторы «түк бітірмеген» деп саналады. Сондықтан, өзінің абыройын ойлаған тәртіп сақшысы кінәліні жазалауға асығады. Меніңше, бұл жағдайға керісінше қарау керек. Ауылда қылмыс оқиғасы тіркелмесе, демек, учаскелік инспектор өз жұмысын тиісінше атқарып жүр деген сөз. Сонда ғана, ұсақ қылмыс жасаған азаматтарды учаскелік полиция, әкімдік, қауымдастық өкілдері үш жақтан жөнге салар еді. Өзінің ауылдастарынан, жақындарынан сөз естіген адам ешқашан жаман әрекетке қайта бармайды.
– Жергілікті бюджет мәселесіне тоқталсаңыз. Жиналған қаражатты қауымдастық тиімді жұмсауға қауқарлы ма?
– Жоғарыда айтқанымдай, ауылдың проблемасын тұрғын-дардан артық ешкім білмейді. Ал сол жұртшылықтың арасынан сайланған қауымдастық мүшелері түскен қаражатты алдымен қайда жарату керектігін жақсы біледі. Мектеп, амбулатория сынды әлеуметтік нысандар қауымдастықтың құзырына кірмейтіндігі белгілі. Десе де, көп қаражатты қажет етпейтін жұмыстар да жеткілікті. Көшені жарықтандыру, балалар алаңы, су құбыры мен жолдардың ағымдағы жұмыстары қауым-дастықпен ақылдаса отырып шешіледі. Сол үшін де мүшелікке түрлі сала өкілдері сайланады.
Осы тұста тағы бір мәселенің ұшы шығады. Ауданымыз ауқымды, 25 округ пен 1 қала бар. Әр округтің экономикалық жағдайы әртүрлі. Тиісінше, салық түсімі де түрлі деңгейде. Бір округте барлық жағдай жасалып, енді бірі қиын жағдайда тұруы мүмкін. Ал есеп-шотқа түсетін қаражат ауылға жағдай жасауға жетпей қалады. Айталық, күре жолдың бойында орналасқан Ават, Бәйтерек ауылдарында кәсіпкерлер санының көптігіне байланысты бюджеттік түсім де жоғары болады. Бірақ, бұл ауылдарды Шелек өңіріндегі кейбір елді мекендермен салыстыруға келмейді. Сондықтан, үнемде-лген қаражат ауданға емес, қиын жағдайдағы округтерге берілсе біраз мәселенің түйіні тарқатылар еді.
– Сұхбатыңызға рахмет.
Әңгімелескен
Сардарбек НҰРАДИН