Дүйсенбі, 08 Маусым 2020 10:31

Аудандық полиция басқармасының басшысы, полиция полковнигі Талғат СЕЙЛХАНОВ: Қылмыспен күрес кешенді жүргізілуде

Полиция – қоғам сенімінің айнасы. Елімізді күндіз-түні кірпік қақпай күзетіп, тәртіпсіздіктің алдын алып, қауіпсіздік қорғаны болып жүрген полиция қызметкерлері бүгінде кез-келген жағдайда бізге пана болады. Алысқа бармай-ақ, кешегі елімізде жарияланған төтенше жағдай кезінде де, қауіпсіздік сапында болған тәртіп сақшылары індетке қарсы күресте алдыңғы шепте болды. Бұл олардың кәсібилігі мен Отанға деген құрметін айғақтайды. Алып ауданымызда да полиция қызметкерлерінің еткен еңбегі ұшан-теңіз. Соны оқырманға жеткізу мақсатында аудандық полиция басқармасының басшысы, полиция полковнигі Сейлханов Талғат Айтбекұлымен тілдескен болатынбыз.

– Талғат Айтбекұлы, әңгімені елді әлекке салған коронавируспен күресу мақсатында жариялаған төтенше жағдайдан бастасақ. Карантин полиция қызметкерлерінің кәсіби шеберлігін көрсете алды ма?

– Ішкі істер саласында қызмет етуге ниеттенген адам барлық нәрсеге дайын болуы керек. Әрдайым қоғамның тыныштығы мен қауіпсіздігі біздің мойнымызда. Осы сенімді полиция қызметкерлері абыроймен атқарып шықты. Аудан аумағындағы екі ірі елді мекен Есік қаласы мен Шелек ауылында 10 блок-бекет орнатылды. Ондағы тәртіпті күзетуге 30 тәртіп сақшысы тартылды. Бір ғана Есік қаласының өзіндегі блок-бекеттерден тәулігіне 1500-2500 адамды тексеріп өткізіп, тіркеп отырды. Сонымен қатар, коронавирус дерті анықталған науқастармен байланыста болған азаматтарды анықтау да бізге жүктелді. Карантин режимін қадағалау, қоғамдық орындардағы тәртіпті сақтау, қауіпсіздік мәселесі де күн тәртібінен түскен жоқ. Осындай қиын кезеңнен ауданымыз медицина қызметкерлері мен тәртіп сақшыларының арқасында аман-есен өтті.

– Карантин тәртібін бұзғандар болды ма?

– Блок бекеттерде тәртіп бұзып, заңға бағынбаған азаматтар тіркелген жоқ. Десек те, санитарлық-эпидемиялық қадағалау қызметкерлерімен бірлесе жүргізілген рейд барысында карантин режимін сақтамаған, тазалық-санитарлық жұмыстарын қадағаламаған 5 кәсіпкердің ісі сотқа жіберілді. Оның үшеуі Есік қаласында, Түрген мен Көктөбе ауылдарында анықталды. Сонымен қатар, белгіленбеген уақытта себепсіз көшеге шыққан, қоғамдық орындарда топталып жиналып, жеңіл көлікке 3 жолаушыдан артық отырғызған 175 тұлға анықталып, әкімшілік құқық бұзушылық бойынша хаттама толтырылды.

Бір қуанарлығы, карантин кезінде адамдар үйінде болғандықтан пәтер ұрлығы, үй тонау қылмысы айтарлықтай азайды. Жалпы алғанда, төтенше жағдай кезінде аудандағы қылмыс көрсеткіші 50 пайызға төмендеді.

– Ауданымыз аграрлы болған соң, мал ұрлығы жиі орын алады. Бұл қылмыспен күрес қалай жүзеге асуда?

– Оныңыз рас, бізде мал ұрлау фактісі жиі болады. Жыл басынан бері 42 мал ұрлығы тіркеліп, қылмыстың 47 пайызы ашылды. Жүргізілген іс-шаралар нәтижесінде мал ұрлығымен айналысатын 2 қылмыстық топ құрықталды. Сондай-ақ, 11 мал ұрлығының ізі суымай ашылып, күдіктілер қолға түсті. Зардап шеккен азаматтарға 7 млн 625 мың теңге көлемінде ақша қайтарылды. Төрт түлігінен көз жазып қалған азаматтардың 56 бас малы өздеріне берілді. Қазіргі уақытта аталған бағытта 24 қылмыстық іс тергеушілердің қарауында жатыр.

Негізінен, мал ұрлығы иелерінің жауапсыздығынан орын алып жатады. Тәртіп сақшылары оларға түсіндіру жұмыстарын жүргізіп, қараусыз қалдыруға болмайтындығын айтып, ескертуде. Мамыр айында жүргізілген рейд жұмыстарының нәтижесінде, 200-ге жуық транспорт тексеріліп, арнайы құжатсыз тасымалданған 150 факт тіркелді. Оларды әкімшілік жауапкершілікке тарту үшін құжаттар мал дәрігерлеріне жіберілді.

Осы қылмыстарды болдырмау мақсатында қазіргі уақытта аудандық прокуратурамен бірлесе пилоттық жоба әзірленуде. Яғни, әр елді мекеннің пошталық индексін сол ауылдың төрт түлігіне таңба қылып басады. Ол учаскелік полиция инспекторының тіркеу кітапшасына енгізіліп, бақылауында болады. Кейіннен, мал жоғалса да, ұрланса да оның қай ауылдікі екендігі анықталып, иесі тез табылатын болады. Айта кетерлігі, иесі салған таңба қала береді.

– Учаскелік полиция инспекторының бұдан басқа да жұмыстары жеткілікті емес пе?

– Әрине, ауылда болып жатқан қылмыстар мен құқық бұзушылықтар тікелей  учаскелік инспекторлардың бақылауында. Олар сол елді мекеннің тыныс-тіршілігін толықтай біліп, тұрғындармен жақын араласуды міндеттейміз. Жыл басынан бері тұрғындар тарапынан учаскелік полиция инспекторларына 440 арыз-шағым түсті. Оның ішінде тіркелген 195 қылмыс ашылып, тосқауыл қойылды.

Жасалатын қылмыстардың басым көпшілігі алкогольдік ішімдіктің кесірінен болатындығы жасырын емес. Осының алдын алу мақсатында әрбір ауылда, шағын аудан мен саяжайларда түсіндіру жұмыстары жүргізіліп жатыр. Бүгінде учаскелік инспектордың профилактикалық қадағалауында спирттік ішімдікке бейім 338 адам тұр. Оған қоса, 278 баланы тәрбиелеп отырған 121 әлеуметтік жағдайы нашар отбасы бар. 5 айдың ішінде 10 маскүнем мәжбүрлі түрде емделуге жіберілді.

– Қазіргі таңдағы өзекті болып отырған ұрлық пен тонау мәселесіне тоқталып өтсеңіз.

– Өзгенің мүлкіне қолсұғушылықпен күрес ешқашан күн тәртібінен түскен емес. Бүгінде аталған бағытта 219 қылмыстық іс ашылып, 60-тан астам адам жауапкершілікке тартылды. Ауданымыздағы әрбір төртінші ұрлық пәтер тонау болып табылады. Осы жылы пәтер мен тұрғын үйді тонау 50 пайызға дейін төмендесе де, онымен күрес қарқынды жүргізілуде. Қаскүнемдер көбіне жеке үйлерді тонайды. Аудан аумағында 321  тонау фактісі тіркелсе, оның 96-сы пәтерлерде болған.

Статистикалық мәліметтерге жүгінсек, қылмыскерлер пәтер немесе үйге көп жағдайда терезе, балкон арқылы және есік бұзу мен құлыпты бұзу арқылы кіреді. Дабыл, бейнебақылау жүйесі оларға тосқауыл болады. Сондықтан, соңғы кездері Есік қаласындағы көпқабатты үйлердің подъездері мен көшелерге бейнебақылау орнатылуда. Аудандық полиция басқармасының бастамасымен әкімдіктің қолдауымен адам көп шоғырланатын аумақтарға 13 кешенді бейнекамералар орнатылады. 

Жалпы биылғы жылы қылмыстарды болдырмау мақсатында заңға өзгертулер енгізіліп, жазалау қатаңдай түсті.

– Өзгертулер жайлы толығырақ айтып берсеңіз.

– Ағымдағы жылдың 11 қаңтарынан бастап ҚР Қылмыстық кодексіне толықтырулар мен түзетулер енгізілді.

Заңда ұрлыққа байланысты жауакершілік күшейтілді. Заңнамадағы өзгертулерге байланысты ұрлықтың орташа деңгейлік санаты «ауыр қылмыс» санатына ауыстырылды. Осылайша, айыпталушының қарсы тараптармен  келісімге келуі де, оны қылмыстық жауапкершіліктен босату мүмкіндігі алынып тасталды. Сонымен қатар, қылмыс бірнеше рет қайталанса мүлкін тәркілеп, 2 жылдан 7 жылға дейін бас бостандығынан айыру жазасы енгізілді, айыппұл салынбайды.

Мал ұрлығы да елімізде өзекті болып отыр, және онымен күрес күн тәртібінен түскен емес. Ендігі мал ұрлап, қолға түскен азаматтың мүлкі тәркіленіп, 5 жылдан 10 жылға дейін темір торға қамалады.

– Бізде жол апаты көп тіркеледі. Оның алдын алу шаралары жүргізіліп жатыр ма?

– Мамыр айында ауданда 65 жол көлік оқиғасы орын алып, салдарынан 89 адам зардап шекті. Өкінішке қарай, 12 адам қайтыс болды. Апаттардың басым көпшілігі жүргізушілердің жол ережесін сақтамауы мен жауапсыздығынан болады. Жоғарыда аталған апаттың 30 пайызы жылдамдықты арттыру, әрбір оныншы оқиға қарсы бағытқа шығу салдарынан болады.

Жаяу жүргіншілердің қаты-суымен болатын жол апатымен күрес те күн тәртібінен түскен емес. 5 айдың ішінде осындай 15 оқиға тіркелді. Оның үштен бірінде жаяу жүргіншілер кінәлі.

Қайғылы оқиғаларды болдырмау мақсатында тәртіп сақшылары тарапынан кешенді шаралар жүргізілуде. Жыл басынан 2338 жол ережесін бұзу фактісі тіркелді, оның 14-і мас күйінде көлік тізгіндеген. Ереже бұзушылар 28 млн теңгеден астам айыппұл арқалады, 14 жүргізуші сот арқылы көлік жүргізу құқығынан айырылды. Патрульдік полицияның жұмысын жеңілдету мақсатында өткен жылы 23 планшет алынды, оның көмегімен 1000 электронды хаттама толтырылды.

Жоғарыда атаған 13 кешенді бейнебақылау камералары жол ережесін бұзған көліктерді де тіркеп отырады. Алматыдағыдай автоматты түрде жүргізушіге айыппұл жібермесе де, барлық ережебұзушыларды тіркеп, полиция басқармасына жібереді. Қазіргі таңда 3 кешен орнатылауда.

Күні кеше ғана бірнеше адамның өмірін қиған саяжайдың төменгі жағындағы жол апаты орын алған жерде көлік оқиғасы жиі болады. Сол аумақта жүргізушілер жылдамдықты арттырып, қарсы бағытқа шығып кетеді. Қазіргі уақытта біз аудандық көлік және автомобиль жолдары бөліміне сұраныс жібердік, жақын арада Үлкен алматы арнасынан Есік қаласына дейін бүтін жолақ (сплошная линия) сызылады. Яғни, саяжай ішінде рұқсат етілген жылдамдық 40 км\сағ болса, одан төмен 60 км\сағ. Сонымен қатар, тек осы жолдың бойында 1 патрульдік көлік күндіз-түні бақылау жүргізеді. Көлік апатының жиілеуіне байланысты аудан орталығында күнделікті жүретін 3 патрульдік көліктің санын екі есеге арттырдық.

– Сұхбатыңызға рахмет.

 

Тілдескен

Сардарбек НҰРАДИН

Оқылды 2667 рет

Соңғы жаңалықтар

Сәу 22, 2024

НЕДЕЛЬНЫЙ МАРШ ЧИСТОТЫ

Свыше 75 тысяч жителей Алматинской области приняли участие в марше чистоты «Киелі мекен»,…
Сәу 22, 2024

Қоғамды түзеуді өзімізден бастайық

Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев ел азаматтарын «Таза Қазақстан» экологиялық акциясы…
Сәу 22, 2024

Экологиялық мәдениетті артыруымыз…

Қоғамды жаппай тазалыққа шақыру өте өзекті мәселе деп есептеймін. Біз ұстаздар…
Сәу 19, 2024

Жастарды жат ағымдардан сақтау –…

Дін саласы – қоғамдағы күрделі әрі нәзік дүние. Сондықтан дін айналасындағы мәселелер де…
Сәу 19, 2024

Мәһір маңызды ма?

Соңғы кездері әлеуметтік желіде жастар арасындағы мұсылмандық неке қию рәсімінде…
Сәу 19, 2024

Науқан жалғасуда

Тазалық – саулық кепілі. Иә, тәнімізді һәм жанымызды таза ұстаумен қатар, өзіміз өмір…
Сәу 19, 2024

Тазалық – ұлы істердің бастамасы

Елбасымыз Қасым-Жомарт Тоқаев бастамасымен елімізде «Таза Қазақстан» экологиялық акциясы…
Сәу 18, 2024

Алматы облысы Еңбекшіқазақ ауданы…

Мен, Қасымшалов Дулат Сарсенбекұлы, 1990 жылы 12 наурызда Еңбекшіқазақ ауданы Шелек…
Сәу 18, 2024

Алматы облысы Еңбекшіқазақ ауданы…

Мен Әлімжан Жасұлан Сәбитұлы, 1992 жылы 8 шілдеде Райымбек ауданында дүниеге келдім. 2014…

Күнтiзбе

« Сәуір 2024 »
Дс Сс Ср Бс Жм Сб. Жк
1 2 3 4 5 6 7
8 9 10 11 12 13 14
15 16 17 18 19 20 21
22 23 24 25 26 27 28
29 30          

Кез келген материалды
көшіріп басу үшін
mezet.kz - ке гиперсілтеме
қою керек 

Яндекс.Погода

 

https://kurs.kz/ - Курсы валют в обменных пунктах г. Алматы и других городах Казахстана

Жарнама

для детей, достигших 12 лет