Жапон елінің тарихынан күні бүгінге дейін жібі үзілмей келе жатқан джиу-джитсу әлемдік сахнадан ойып тұрып орын алған спорт түрі. Жыл сайын джиу-джитсудан дәстүрлі өткізілетін әлемдік турнир биыл да жалғасты. Италия мемлекетінде тізе қос-қан кіл мықтылар арасында жерлесіміз Қанат Жақыпбаев та бар-тын. 77 кг салмақта қайыповтық Қанат топ жарып, Әлем чемпионы атанды.
Иә, бұл Қанат Еркінұлының алғашқы асуы емес. Ол осыдан 3-4 жыл бұрын да бұл ерлігін қайталаған еді. Нақтырақ айтсақ, 2013 жылы Польшада өткен, 2014 жылы Португалияда өткен әлем чемпионатында топ жарған. Сөйтіп, небәрі 28 жасында әлемнің үш дүркін чемпио-ны деген атақты ерен ерлігімен қорғап шықты. 10 жылға жуық спорттың осы түрімен айналысып келген Қанат Жақыпбаев финалда польшалықты тізе бүктірген. «Біз Италияға 7 спортшы боп бардық Қазақстан атынан. Соның бесеуі алтын, біреуі күміс, енді бірі қола медальды еншіледі» дейді жерлесіміз. Ия, бүгінгі орталық ақпарат құралдарының берген мәліметіне сүйенсек, спорттың осы түрінен әлемдегі ең үздік үш мемлекеттің қатарына ендік. Әрине, мұнда жерлесіміз Қанат Жақыпбаевтың да толағай еңбегі бар екені даусыз. «Өзімнің үш ұлым бар. Соның ортаншысы – Қанат. Жасынан спортқа әуес болды. Бастапқы жылдары бокспен шұғылданған еді. Кейіннен джиу-джитсуға ойысты. Алдына қойған мақсат жолында жанын салатын бала боп өсті. Ж.Қайыпов ауылында туып, сонда мектебін тәмамдады» дейді әлем чемпионының әкесі аудандық мәслихат депутаты Еркін Жақыпбаев. Жерлесіміз бүгінде Алматы қалалық Алмалы аудандық ішкі істер басқармасында қызмет етеді. Бәрекелді, Қанат! Өмірде де спортта да қанатың талмасын!
Қайнар ЖҰМАҒОЖА.