Спорт денсаулықтың ғана емес, әлемдік татулық пен бейбітшіліктің де кепілі. Спорт адамға физикалық күш қана емес, рухани күш сыйлай алатын да әлеуетке ие. Бүгінде спорт ердің де, елдің де атын шығаратын үлкен майданға айналды. Сол майданда өнерін көрсетіп, олимпиаданың шыңын бағындыруды кез келген спортшының армандайтыны хақ. Десе де, ол деңгейге жету үшін төзім мен қайрат, талап пен жігер керек-ақ. Сонымен қатар, білікті жаттықтырушы мен материалдық базаның да орны бөлек. Бүгінде мемлекетіміз спорттың дамуына ерекше көңіл бөлуде. Сол мақсатпен республиканың әр аумағында спорт сарайлары мен мектептері салынуда. Ал ескіргендері жаңартылуда. Сондай мектептердің бірі – Шелек ауылында орналасқан №2 Еңбекшіқазақ ауданының балалар мен жасөспірімдер спорт мектебі. Аталған мектептің жай-күйімен танысып, еселі еңбектерін жарыққа шығару мақсатында мектеп директоры, еркін күрестен жоғары дәрежедегі жаттықтырушы Мұрат ӘБДРАМАНОВ мырзамен сұхбаттасып қайтқан едік.
– Мұрат Несіпханұлы, мекемелеріңіз Шелек өңіріндегі спорттың дамуы үшін еселі еңбек етіп отырған үлкен шаңырақ. Соңғы кездері ғимараттарыңыз жаңартылып, жұмыс барысында да жаңа бір деңгейге көтерілгендеріңіз байқалады. Осы дәрежеге жетулеріңізге мемлекеттің және басқа да демеушілердің қаншалық көмегі болды?
– Негізінде бұл мектеп Шелек аудан болып тұрғанда аудандық спорт мектебі ретінде құрылған болатын. Кейіннен екі аудан біріктірілгеннен соң Еңбекшіқазақ ауданының спорт мектебінің бір бөлімшесі ғана болып қалды. Десе де Шелек өңірінің спортын дамытудағы рөлінен айырылған жоқ. Қаншама спортшыларды тәрбиелеп, биік жетістіктерден көріне білді. Тек өткен жылдың шілде айында №2 Еңбекшіқазақ ауданының балалар мен жасөспірімдер спорт мектебі болып қайта құрылды. Бүгінде спорттың тоғыз түрінен шәкірттер тәрбиелеп жатырмыз. Мектебімізде 26 жаттықтырушы жұмыс істейді. Барлығы да жоғары білімді әрі өз саласының майталмандары. Соның ішінде алтауы спорт шебері.
Ғимаратымыздың да жаңартылғаны рас. Оқу-жаттығуларға қажетті керек-жарақтарымыз бен материалдық базамыз да жасақталу үстінде. Бүгінде бокс залы жаңартылып пайдаланылуға берілген. Ал күрес залы әлі де жөнделіп жатыр. Жақында ол да пайдалануға берілмек. «Жақсының жақсылы-ғын айт, нұры тасысын» демекші, спорттың дамуына өз үлестерін қосып, мектебімізге демеуші болып отырған азаматтарды атап кетпесек болмайды. Сондай азаматтардың бірі – Жангелді Осан. Бұл азамат оқушыларымыздың жарыстарға баруына және ол жақтағы шығындарына қолдан келгенше көмегін аямайды. Әсіресе, шетелге жарысқа барған шәкірттеріміздің көбі осы кісінің демеушілігімен қатысып келді. Жаңағы жөнделу үстінде деген күрес залына да жеке қаржысымен көмек бергелі отыр. Тек қаржылай ғана емес, оқушыларымызға рухани да қолдау жасап отырады. Осында тәрбиеленіп жатқан шәкірттермен кездесу өткізіп, олардан ақыл-кеңесін аяған емес.
– Шәкірттеріңіздің жетістіктері туралы айта кетсеңіз.
– Жалпы айта берсек шәкірттеріміздің жеткен жетістіктері өте көп. Аймақтық, республикалық, халықаралық турнирлерде топ жарып жүрген үздіктеріміз бар. Атап айтсақ, аймақтық республикалық бірінші-лікте шәкірттеріміз А.Қанат 30 кг салмақ дәрежесінде, ал Б.Құдайберген 42 кг салмақ дәрежесінде топ жарып, бірінші орынды жеңіп алды. Сонымен қатар, О.Бақнұр 48 кг салмақ дәрежесінде екінші орынды иеленсе, 30 кг салмақ дәрежесінде М.Қайсар, 60 кг салмақ дәрежесінде Е.Айтнұр, 54 кг салмақта Д.Ашкеев ІІІ орынды еншіледі. Бокстан өткен Алматы облысының чемпионатында Ғ.Нұрсәулет 44 кг салмақта чемпион атанды. Өскемен қаласында еркін күрестен өткен Қазақстан чемпионатында 50 кг салмақта М.Жеңісқызы чемпион болса, А.Ашимова 53 кг салмақта жүлделі ІІ орынды иеленді.
Тек жекелей ғана емес командалық спорт түрлерінен де жетістіктеріміз мол. Мәселен, 2018 жылғы 2005-2006 жылы туылған жасөспірімдер арасында волейболдан өткізілген қысқы облыстық чемпионатта ІІІорын алсақ, 2005 жылы туылған жасөспірімдер арасында футболдан өтілген чемпионатта Еңбекшіқазақ ауданының құрама командасы ІІІ орын иеленді. Құрама командадағы 7 ойыншы біздің мектептің шәкірттері.
Біздің ұлттық спорт түрлерінен де алған жүлделеріміз де ауыз толтырып мақтануға тұратын жетістік деп санауға болады. Осы жылы өткізілген халықаралық құсбегілер турнирінде ителгі салғандар арасында Е.Атығай І орын, ал Қ.Исабеков ІІ орын алды. Одан бөлек, осы жылдың сәуір айында өткен құсбегілер арасындағы республикалық чемпионатта С.Баетбай бүркіт салудан ІІІ орын алса, қаршыға салудан І орын иегері атанды.
Ал өзімнің мақтан тұтатын тағы бір Майгүл Нұрәлі деген шәкіртім бар. 53 киллограмм салмақ дәрежесі бойынша күресіп жүр. Өзінің талабы мен жаттықтырушыларының тәрбие-сінің арқасында Жапония, Австралия, АҚШ, Еуропа секілді елдерді аралап келді. Бәрінде жүлделі орыннан көрінуде.
– Спорттың дамуында тек кәсіби спортшылардың жетістіктері ғана емес, бұқаралық спорттың да алар орны ерекше. Ендеше Шелек өңіріндегі бұқаралық спорттың дамуына қандай үлес қосып жатырсыздар?
– Бұқаралық спорт саласы да біздің назардан тыс қалған емес. Шелек және басқа ауылдардың тұрғындары арасында спорттық жарыстар жиі өтіп тұрады. Көбінесе командалық ойын түрлерінен жарыс өткізіледі. Кез келген спорттық жарыстар мен акциялардан біздің мектеп сырт қалып көрген жоқ. Жарыстарда жаттықтырушыларымыз төреші болып, одан басқада көмектерін көрсетеді. Бізден тәлім алып, бүгінде әр салада жүрген түлектеріміз де Шелек өңірінің спортын дамытуға өз үлестерін қосуда. Сондықтан бұқаралық спортты дамытуда азда болса еңбегіміз бар деп айта аламыз.
– Келесі сөзді мектептің осы кезге дейінгі жетістіктері үшін еңбек етіп, шәкірт тәрбиелеген ардагер жаттықтырушылар туралы өрбітсек...
– Мен бұл мектепте 1983 жылдан бері қызмет етіп келемін. Осы аралықта небір айтулы жаттықтырушылар болды. Олар өз ісінің хас шебері әрі майталман спортшылар еді. Мысалы, еркін күрестің дамуына зор үлес қосып, бүгінде зейнеткер болып отырған Асан Тоқажаев деген ағамыз бар. Қазақша күрестен спорт шебері, кезінде одақтық спартакиадаларда күрескен Асқарбек Рахимов деген азаматты да бүгінде көп ел біледі. Қазіргі күні орман шаруашылығында қызмет етіп жүрген Дәулет деген бауырымыз бар. Ол да кезінде осы мектепте жаттықтырушы болып, талай шәкіртті тәрбиелеген. Мектеп шәкірттерінің жүлделі орындардан көрінуіне атсалысып, еңбегі сіңген жаттықтырушы. Ардагер жаттықтырушылардың ішінде Бекболат Сағымбаев пен Рыскелді Жақабаев ағаларымыздың орны бөлек. Бүгінде екеуі де зейнетте.
Осы Еңбекшіқазақ ауданынан шығып, елінің мақтанышына айналған еркін күрестен Ке-ңес Одағы чемпионатының күміс жүлдегері, Қазақстан Республикасының Еңбек сіңірген жаттықтырушысы Мәлік Нәдірбековті де айта кетуіміз керек. Бұл кісі қандай жарыстар өтсін бізге қолдау көрсетіп, өзінің ақыл-кеңестерін аямайды. Біздің қатысқан жарыстарымыздың барлығынан тысқары қалып көрген емес.
– Алдағы күндерде қандай жоспарларыңыз бар?
– Әрине, жоспарымыз көп. Сол жоспарды орындауға талпынып келеміз. Адамды адам ететін – үміт. Адам болған соң болашақтан үміт күту парызымыз. Яғни, біз де өзге ұстаздар секілді шәкірттеріміздің ертеңінен үміт күтеміз. Болашақта ауданымыздан да бір олимпиада чемпионы шықса екен деп армандаймыз. Және сол арманымызға жету үшін тынбай еңбектеніп келеміз. Сондықтан болашақта олимпиа-да шыңын бағындырар шәкірт тәрбиелеу біздің мектебіміздің басты жоспары болмақ.
– Сұхбатыңызға рахмет! Арманыңызға жетіңіз!
Әңгімелескен
Нұрсерік ТІЛЕУҚАБЫЛ.