Бір саудагер ұлына күнделікті бір аббасиден (парсының күміс тиыны) беріп:
— Ұлым, мынаны ал және оны көбейтуге тырыс, – дейді екен.
Ал ұлы болса, әкесі берген ақшаны күнде суға лақтыра салуды әдет қылыпты. Саудагер бұл туралы білсе де баласына ештеңе демепті. Ұлы еш жерде жұмыс істемеген екен, ештеңемен айналыспапты да. Әкесінің үйінде тұрып, тек ішіп-жеп қана жатады екен.
Күндердің бір күні саудагер бүкіл туыс-туғанына:
— Егер ұлым сендерден ақша сұраса, бір тиын да бермеңдер, – деп ескертіпті. Содан кейін баласын шақырып:
— Балам, барып жұмыс істе, ақша тап. Сенің еңбекпен тапқан ақшаңның қандай болатынын көрейін, – депті.
Ұлы болса, туыс-туғандарын аралап, ақша сұрапты. Бірақ олардың ешқайсысы бір тиын да бермепті. Амалдың жоғынан әлгі бала жалданып жұмыс істейді. Сөйтіп, күні бойы жалаң аяғымен әк езіп, оның ақысына бір аббаси алыпты. Кешке ақшасын әкесіне әкеліп береді. Сонда саудагер:
— Ал, балам, енді мына бір тиынды апарып суға лақтыр, – депті. Ұлы аббасиді қолына ала сала:
— Әке, оны қалай суға лақтырмақпын. Осы бір тиынды қара терге түсіп, қалай тапқанымды білесіз бе? Күні бойы жалаң аяқ әк езгеннен аяғым күлдіреп, күйіп қалды. Жоқ, бұл еңбегімнің ақысын суға лақтыруға қолым бармайды, – деген екен.
Еңбектеріңіз бағалансын!
Аударған: Құралай Мұратқызы
Шығыс тәмсілі
Дереккөз: pritchi.ru