Сонау бір жаусоқты заманда туған топырағынан босқан ел дінсіз қауымның қолтығына барып паналайды. Олар қорғансыз елге өктемдік жасап, реті келсе дүние-мүлкін талайды.
Ауған ел бұл өлке баянды тұрақ болмайтынын сезіп, басқа жаққа қоныс аударуды ойластырады. Бірақ ат-көлік жоқ, қол қысқа, жолай шөл даланы кесіп өту үшін азық-түлік, мол су қоры керек... Бұлар қиналып, не істерін білмей тарыққан кезде, кәрі ата-анасы бар айдай сұлу қыз айтады:
– Қадірлі халқым, сіздер мынадай надан елде қалып қойсаңыздар түбінде ұрпақ азады, бәріміз дінсізге айналамыз. Мен сіздерді құтқарғым келеді. Осы елдің басшысы маған сөз салып, өзіне әйел болуымды қалайтынын айтты. Мен сол адамға әйелдікке барам, оның ақысына патша сіздерге ат-көлік және шөлден өтуге жететін азық-сусын береді. Соны алып, сіздер мұсылмандарға жетіп алыңыздар. Мен өз қауымымның діні үшін осылай етуге мәжбүрмін, – деп жылайды.
Елдің ақсақалдары ақылдасып қыздың уәжін құп көріп, барлығы оған ақ батасын береді. Халықтың батасын алған қыз патшаға адам жіберіп, өзінің келіскенін және шартын айтады. Патша мақұл көреді. Осылай дана қыздың арқасында ауған ел діттеген жеріне жетіп, жау-жардан құтылады.
Ал дінсіз патшаға әйел болған қыз күйеуінің айтқанын бұлжытпай орындап жүре береді. Қанша қиналып бейнет шексе де құлшылығын тастамайды. Көрген қиындықты тәңірдің сынағы деп қабылдап, «сынақтан кейін оның сыйлығы боларына» үміт етеді.
Елгезек әйелге риза болған күйеуі оған есімі жазылған алтын жүзік сыйлайды. Қыз бұл сыйлықты шағын қобдишаға салып, сандыққа тығып қояды. Арада айлар өтеді. Патшаны шайтан түртеді. Әйелі жоқта сандықты ашып қобдишадан жүзікті алады. Оны жоғалтып «кімге бердің?» деп әйелін қинамаққа бекиді. Сөйтіп жүзікті қыстақтың қасында ағып жатқан үлкен өзенге лақтырып жібереді.
Оқиғадан бейхабар әйел ертеңінде су алу үшін өзенге барады. Ауылдың балықшылары ау салып, көп балық ұстаған екен. Олар әдепті әйелге екі балық береді. Әйел үйге келген соң балықтардың ішін жарып тазалайды. О, құдірет, бір балықтың ішінен алтын жүзік шыға келеді. Анықтап қараса, өзіне күйеуі сыйға берген жүзік екен. Жүгіріп барып сандықты ашса қобдиша бос тұр. Әйел «бұл істе де бір ғибрат бар шығар» деп жүзікті орнына салып қойып, ешкімге айтпай жүре береді.
Бір күні күйеуі шақырады. Барса қабағынан қар жауып, ашуланып отыр екен. Бірден:
– Саған сыйға берген алтын жүзік қайда? – дейді. Әйел:
– Сандықта сақтаулы тұр.
Патша үйдегі сандықты сарайға алғызып, көптің көзінше: – Сандықты ашып жүзікті алып шық! – деп әйелге бұйырады. Әйел «бисмиласын» айтып сандықты ашады, ішінен қобдишаны алып шығып күйеуіне «міне, тақсыр» деп жүзікті көрсетеді. Патша да жүзікті таниды, дәл өзі. Бұл қалай болғаны, өз қолымен өзенге тастаған еді ғой…
Бұл істе үлкен ғибрат барын аңғарған патша әйеліне шындықты айтады және жүзікті қалай тауып алғанын сұрайды. Әйел де ештеңе жасырмай, болған оқиғаны баяндайды.
Тәңірдің өзі сүйген құлын қалай қорғайтынын ұғынған патша әйелге, «сен тура жолда екенсің мен сенің дініңді қабылдаймын, үйрет!» дейді. Әйел тағдырына мың рет шүкірлік айтып, күйеуіне өз дінін үйретеді. Патшасы мұсылман болған ел ақыры бәрі мұсылман болып тынады. Осылай бір тақуа әйелдің арқасында бір тайпа ел еш зорлықсыз ақиқат жолын тапқан екен.
Бекен ҚАЙРАТҰЛЫ