Сәрсенбі, 26 Тамыз 2020 09:18

Алланың өзі де рас, сөзі де рас

Алланың өзі де рас, сөзі де рас,

Рас сөз еш уақытта жалған болмас.

Көп кітап келді алладан, оның төрті,

Алланы танытуға сөз айырмас.

 

Аманту[1] оқымаған кісі бар ма?

Уәктубиһи[2] дегенмен ісі бар ма?

Алла өзгермес, адамзат күнде өзгерер,

Жарлық берді ол сіздерге, сөзді ұғарға.

 

Замана, шаруа, мінез күнде өзгерді,

Оларға кез-кезімен нәби[3] келді.

Қағида шариғаты өзгерсе де,

Тағриф[4] алла еш жерде өзгермеді.

 

Күллі махлұқ өзгерер, алла өзгермес,

Әһлі кітап[5] бұл сөзді бекер демес.

Адам нәпсі, өзімшіл мінезбенен

Бос сөзбенен қастаспай түзу келмес.

 

Махаббатпен жаратқан адамзатты,

Сен де сүй ол алланы жаннан тәтті.

Адамзаттың бәрін сүй бауырым деп,

Және хақ жолы осы деп әділетті.

 

Осы үш сүю болады имани гүл[6],

Иманның асылы үш деп сен тәхқиқ[7] біл.

Ойлан дағы, үшеуін таратып бақ,

Басты байла жолына, малың түгіл.

 

Дін де осы шын ойласаң, тағат[8] та осы,

Екі дүние бұл тасдиқ[9] — хақтың[10] досы.

Осыларды бұзатын және үш іс бар:

Пайда, мақтан, әуесқой — онан шошы.

 

Руза, намаз, зекет, хаж — талассыз іс,

Жақсы болсаң, жақсы тұт бәрін тегіс.

Бастапқы үшін бекітпей, соңғы төртті

Қылғанменен татымды бермес жеміс.

 

Бас жоғары жаралған, мойын төмен,

Қарашы, дене біткен ретімен.

Істің басы — ретін танымақтық,

Иман білмес тағатты қабыл демен.

 

Имамдар[11] ғибадаттан[12] сөз қозғаған,

Хуснизән[13] мен иманды білді ойлаған.

Иманның тазалығын жақсы ұқтырмай,

Сыртын қанша жуса да, іші оңбаған.

 

Алла мінсіз әуелден, пайғамбар хақ,

Мү’мин[14] болсаң, үйреніп сен де ұқсап бақ.

Құран рас, алланың сөзідүр ол,

Тә’уилін[15] білерлік ғылымың шақ.

 

Алланың, пайғамбардың жолындамыз,

Ынтамызды бұзбастық иманымыз,

Пайда, мақтан, әуесқой — шайтан ісі,

Кәні біздің нәпсіні тыйғанымыз?

 

Му’мин болсаң, әуелі иманды бол,

Пендеге иман өзі ашады жол,

Шыр илан да, таза ойла бір иманды,

Мұнафиқ[16] намаз қылмап па, мағлұм ғой ол.

 

Алла ішіңді айтқызбай біледі, ойла,

Пендесіне қастықпен кінә қойма.

Распенен таласпа мү’мин болсаң,

Ойла, айттым, адамдық атын жойма!

 

 

[1] Иман келтіремін, сенемін құдайға (арапша)

[2] Оның кітаптарына сенемін (арапша)

[3] Пайғамбар (арапша)

[4] Түсіну, білу, анықтау (арапша)

[5] Қайдайдан келіпті деген кітаптармен ғамал (іс) ететін адамдар (арапша)

[6] Имани гүл (арапша) – кәміл, иман

[7] Тахқиқ (арапша) – анық, айқын

[8] Тағат (арапша) – құдайға құлшылық қылу, жалбарыну

[9] Тасдиқ (арапша) – растау, бекіту. Бұл жерде шындық мағынасында

[10] Хақтың (арапша) – құдайдың деген мағынада

[11] Имам (арапша) – дін басылар, молдалар

[12] Ғибадат (арапша) – бұл жерде құдайға құлшылық жолы

[13] Хұснизан (арапша) – жақсы ой, көркем ой

[14] Мү’мин (арапша) – мұсылман дініне, құдайдың бірлігіне анық сену

[15] Тә’уил (арапша) – бұл жерде анық мағынасын жете білу деген мәнде

[16] Ішінен дінге қарсы, сырты мұсылман, екі жүзді адам

Оқылды 2104 рет

Соңғы жаңалықтар

Ақп 19, 2026

Рухани тазару айы

2026 жылдың ақпан айында күллі мұсылман адам үшін қасиетті Рамазан айы басталады. Бұл ай…
Ақп 10, 2026

Мұқағалиға арнау

Ақиықтар түлеген мұзбалағы, Хантәңірінің қарапайым қыр қазағы. Поэзияның асқар шыңын…
Ақп 10, 2026

Қазақ поэзиясының Хантәңірі

Сырым да – осы, Жырым да – осы, Алдыңда Байқашы бір, Бықсыдым ба, жандым ба? Махаңдар…
Ақп 07, 2026

Забота о природе как стратегическое…

В Казахстане необходимо на конституционном уровне закрепить поощрение волонтерства. С…
Ақп 07, 2026

Предложение о закреплении в новой…

На очередном заседании Конституционной комиссии заместитель председателя…
Ақп 07, 2026

Жаңа Конституцияның жобасына теңгені…

Конституциялық Сот төрағасының орынбасары Бақыт Нұрмұханов жаңа Конституция жобасын…
Ақп 07, 2026

«Это требование времени» – Нурлыбек…

Необходимость усиления ответственности в сфере экологии и закрепления норм по охране…
Ақп 07, 2026

Нұрлыбек Нәлібаев жаңа Конституция…

Экология саласындағы жауапкершілікті күшейту және қоршаған ортаны қорғау нормаларын…
Ақп 07, 2026

Проект новой Конституции получил…

7 февраля 2026 года в Алматы состоялось экспертное обсуждение на тему «Новая Конституция…

Күнтiзбе

« Наурыз 2026 »
Дс Сс Ср Бс Жм Сб. Жк
            1
2 3 4 5 6 7 8
9 10 11 12 13 14 15
16 17 18 19 20 21 22
23 24 25 26 27 28 29
30 31          

Кез келген материалды
көшіріп басу үшін
mezet.kz - ке гиперсілтеме
қою керек 

Яндекс.Погода

 

https://kurs.kz/ - Курсы валют в обменных пунктах г. Алматы и других городах Казахстана

Жарнама

для детей, достигших 12 лет