Бейсенбі, 19 Қараша 2015 11:19

Жолбарыс жүректі қаламгер

Академик Мәлік Ғабдуллин:«...Халық ауыз әдебиеті – ел өмірінің айнасы» – дейді. Бұл шындық. Қай халықтың әдебиет тарихына ой көзбен қарайтын болсақ, ауыз әдебиеті бұрын пайда болғаны – талас тудырмайтыны ақиқат. Шаяхмет қазақтың ауыз әдебиетінің алтын қорынан нәр алып, өзінің барлық шығармаларына арқау етіп отырады. Оның тамаша айтыскерлігі бұл айтқанымыздың дәлелі. Анығырақ айтар болсақ, 1977 жылы қызылордалық Жұмабек Оразбековтен басым түскен. Алматыдағы Жамбыл атындағы филормонияда талғарлық айтыскер ақын Жанат Жаубасовпен айтысқан. 1981 жылы Мұқағали Мақатаевтың 50 жылдығына орай Нарынқолда айтыс өткен. Сол айтыста Әбділдә Тәжібаев бастаған әділ-қазылар алқасының шешімімен, (ол кезде Талғарға көшіп келген Жұмабек Оразбаев тағы да Шаяхметпен айтысқа түседі) Алматы облыстық ақындар айтысының қорытындысы бойынша Еңбекшіқазақ ауданының атынан  Шаяхмет екінші орынды иемденеді. 1982 жылы айтыс Еңбекшіқазақ ауданының орталығында өтіп, бұл айтыста Шаяхмет Кеген ауданының ақыны Сабыр Досымбековпен, ал жұбайы Күлпара Құсайынова талғарлық ақын Жанат Жаубасовпен айтысып, Күлпара Құсайынова екінші орынды қанжығасына байлап, Шаяхмет жүлдегер атанады. Бұл айтыстар туралы Москва мен Софияда шығатын халықаралық «Дружба» журналының арнаулы тілшісі Разия Гафурованың «Поющие сердца» деген мақаласында Шаяхметтің айтыскерлігі жайлы тамаша жазылған. Осындай                           айтыстары ескеріліп, Алматы облысы басшылығының араласуымен Шаяхмет Құсайынұлына екі бөлмеден екі пәтер сыйлық ретінде  берілген. Бұл да ақынға деген зор құрмет деп білеміз.

 

Айтыскер әрі жазба ақын Шаяхмет Құсайынұлы бүгінге дейін өзінің тұғырынан түспей келе жатқан ерекше жүйріктердің бірі десек артық болмас. Сөзімді нақтылы дәлелдейтін болсақ, Шаяхмет әрі журналист, әрі ақын, әрі жазушы. Баспадан шыққан 26 кітап бұл айтқанымыздың дәлелі болса керек. Осының ішінде мені ерекше ойға батырып, баурап алған «Саған аманат» кітабы болды. «Екі ғасыр тоғысында» атты бөлімінде былай ой толғайды:

Хош ескі жыл, ескі ғасыр,

Тойда болды өзіңде ұлан асыр!

Жиырмасыншы ғасырда елу жасап,

Бойымды билеп алды ұлан асыр, – деп толғайды ақын.

Білінбеді сондықтан жалғыздығым,

Елден бұрын көргенмін таң қызылын.

Әке-шеше, туыстар болмағанмен,

Көтергенмін мен өзім нардың жүгін!

Шынында да, Шәкең қара нардың жүгін қасқая көтеріп, мойымаған азамат.

Кете алмай сонша далада неге көп тұрдың,

От жүрегіме махаббат дәнін ектірдің.

Мен балконнан қолымды бұлғап қоштасып,

Жанарыңнан еріксіз жас та төктірдім, –

Бұл бірін-бірі шын сүйген екі ғашықтың қимастық сезімінен шыққан ыстық тамшылар еді, бұл – әлсіздіктің емес, шын сүйгендіктің белгісі еді.

Балаларға деген әкелік сезімін былай жеткізген:

Асыл жарым, қыздарым мен жан балам,

Сендер барда аласа емес, тау болам.

Қуансаңдар төрт керегем тең менің,

Күлім қаққан көздеріңнен айналам!

Ата-ананың балаларға деген махаббатын ақын кереметтей суреттеген. Әр әке,әр ана ұрпақтарын осылай бағалай білсе, өлгенде орыны пейіште болмақ екен.

Аласардым, биіктедім, шырқадым,

Жылауменен өтті талай жыр таңым.

Сенен қалған төрт ұрпақты жылатпай,

Жеткізе алмай қалам ба деп қорқамын, - деп жүріп бұл төрт балапандармен қоса он үш жылдан кейін үйленген келіншегі Нұрғайшаның да екі ұлын тәрбиелеп, балауса кезінен әкелік қамқорлыққа алып өсірді, оқытты, білім берді. Ұлын ұяға, қызын қияға қондырды. Бұл ерлік көп еркектің қолынан келе бермейтін, тек Шәкең сияқты қайыспайтын қара нардың ғана қолынан келетін батылдық, азаматтық деп білеміз.

Ақын-жазушыларда шығармашылық үндестік деген болады. Оны Шәкеңнің мына өлең жолдарынан білеміз. «Абай, Абай, Ұлы Абай»поэмасында былай толғанады:

Қазағым үшін жаралған,

Әлейім елге таралған.

Бір бойыңнан табылған,

Жер жүзіндегі бар арман.

Кешсең де өмір сергелдең,

Шабытың шалқар өрлеген.

Мыңмен жалғыз алыстың,

Жандармен сөзге көнбеген.

Ақынның «Қазақ болып туғаныма мақтанам» атты өлеңіндегі туған елін, туған жерін, оның тілін, ділін, дінін қалай қастерлей білгенін төмендегі  үзіндіден байқауға болады.

Қазақ болып туғаныма мақтанам,

Елін, жерін жауларынан сақтаған.

Жамандықтың барлығында жек көріп,

Жақсылықты жаныменен жақтаған.

Қазақ болып туғаныма мақтанам,

«Биссмиллә» деп ақ босаға аттаған.

Ұлтым үшін қазанында қайнаймын,

Керек болса лапылдаған от болам!

Қазақ болып туғаныма мақтанам,

Өз Отанын өзгелерге сатпаған.

Қорғау үшін қажет болса жан берем,

Атылатын зеңбіректен оқ болам!

Міне, бұл өлең жолдарынан оқырман нағыз қазақ патриотының қайтпас қайсар өр тұлғасын көріп тұрғандай. Мен өзім қалың қазақ оқырманының бірі ретінде Шәкеңді «Жолбарыс жүректі қаламгер» дер едім. Бұл еңбектері Қытайдың «Көкжиек» халықаралық журналы мен «Іле айдыны» журналдарының беттерінен қомақты орын алған. Бірнеше рет қайталанып басылыпты. Ақынның прозалық жанрда жазылған «Аққайыңды алғаны, Алатауға қолды салғаны» деп аталатын         туындысы осы айтылған тақырыпты айқындай, анықтай түскендей дер едім. Бұл үлкен жүректі азамат ақынның кейінгі ұрпаққа айтар ақылы, қалдырған әдеби мұрасы халқым деп соққан жүрегінің лүпілі деп ұғуымыз қажет. Қаламгерлердің том-том кітабын санымен емес, сапасымен өлшегеніміз жөн. «Оян, қазақ» деген өлеңінде де ақын айтарын батыл айта алған:

Оян қазақ, жарамайды ұйықтауың,

Келімсектен кеше келген бұқпағын.

Алпыс ата, неше жүзге бөлініп,

Екі жүзді қатыгез болып шықпағын.

Оян қазақ, мәртебеңді көтергін,

Басқаларға кетті талай есең мың.

Жер-су атын өз тіліңмен жазыңдар,

Қазақшалап қойғын атын көшемнің!

Тамаша айтылған батыл шешім, терең ой емес пе?

Алаштың көшбасшыларының бірі де бірегейі Ахмет Байтұрсыновтың: «Сөзі жоғалған жұрттың өзі де жоғалады» деген даналығын Шәкең өзінің мөлдір де таза жыр жолдарымен дәлелдей түскендей. Ақының тілі ойлы да, мұңлы. Шаяхмет Құсайынұлы 26 кітаптың авторы, Халықаралық Жазушылар, Қазақстан Жазушылар, Қазақстан Журналистер одақтарының мүшесі, жолбарыс жүректі журналист, «Еңбекшіқазақ ауданының Құрметті азаматы» – Егеменді Қазақ еліне бергенінен берері көп азамат.

Тоққожа Оразбекұлы,

 ардагер-ұстаз, КСРО-ның орта-жоғары

оқу орындарындағы

                        «Үздік еңбегі үшін»

медалінің иегері.

Оқылды 3489 рет
Осы категориядағы басқа материалдар: « Жолбарыс жүректі қаламгер Жолбарыс жүректі қаламгер »

Соңғы жаңалықтар

Қар 21, 2024

Наш собственный корреспондент…

С начала 90-х годов прошлого века в областной газете «Огни Алатау» сменилось несколько ее…
Қар 21, 2024

«ЖАҢАРТУ» расширяет возможности…

Проект «ЖАҢАРТУ» («Обновление»), презентация которого состоялась в мае 2024 года,…
Қар 21, 2024

Артық шығын абырой әкелмейді

Елімізде діни рәсімдерді өткізу барысында көптеген қателіктер орын алып жатқанын естіп…
Қар 21, 2024

Кәсіп болмай, нәсіп болмас

Бүгінде балалардың жан-жақты дамуына, кәсіпке деген көзқарасын қалыптастыруға барлық…
Қар 21, 2024

«Атамекен» приглашает к диалогу

Национальная палата предпринимателей «Атамекен» Алматинской области выступила инициатором…
Қар 21, 2024

Бейбіт күн – бірліктің жемісі

Көпұлтты мемлекетіміздің ішкі саясатында ең маңызды дүние – ұлтаралық татулықты сақтау.…
Қар 18, 2024

Внимание, жители г. Есик!

Региональный офис ЮНЕСКО в Алматы совместно с Центром «Содействие устойчивому развитию…
Қар 14, 2024

АФМ проводится расследование в…

Она подозревается в хищении свыше 1,5 млрд тенге, собранных для помощи гражданам,…
Қар 14, 2024

ҚМА еріктілер қозғалысының…

Ол көктемгі су тасқынынан зардап шеккен азаматтарға көмектесу үшін жиналған 1,5 млрд…

Күнтiзбе

« Қараша 2024 »
Дс Сс Ср Бс Жм Сб. Жк
        1 2 3
4 5 6 7 8 9 10
11 12 13 14 15 16 17
18 19 20 21 22 23 24
25 26 27 28 29 30  

Кез келген материалды
көшіріп басу үшін
mezet.kz - ке гиперсілтеме
қою керек 

Яндекс.Погода

 

https://kurs.kz/ - Курсы валют в обменных пунктах г. Алматы и других городах Казахстана

Жарнама

для детей, достигших 12 лет