Бейсенбі, 24 Қараша 2022 10:45

Ұлт рухының сардары

Көктөбе орта мектебінде заманымыздың заңғар ақыны, қазақ тілінің жанашыры, діл майданының сардары, қоғам қайраткері, «Қазақстанның Еңбек Ері» – Мұхтар Шахановпен шығармашылық кездесу өтті.

Аса көрнекті ақын Мұхтар Шахановтың 80 жылдығына арналған іс-шараға республикалық «Жалын» журналы редакторының орынбасары Сәуле Ахметова, аудандық «Еңбекшіқазақ» газетінің бас редакторы Хайролла Ахметжанов, ардагер ұстаз, ауданымыздың құрметті азаматы Айша Сүлейменова, мектеп оқушылары мен ұстаздар қауымы қатысты. Кездесуде сөз алған ауданымыздың Құрметті азаматтары Хайролла Қасымұлы мен Айша Сүлейменова дара дарынның шығармашылығы туралы сөз қозғап, аса дарынды ақынның ұлттың әдебиеті мен өнері үшін қосқан үлесін, ел мүддесін қорғау жолындағы ерліктерін сөз етіп,  арда  ақынға ұзақ ғұмыр тіледі.

Мұхтар Шаханов жиырмадан астам шетелдік академиялар мен университеттердің Құрметті профессоры атанған танымал ағартушы. Сонымен қатар БҰҰ Қоршаған орта бағдарламасы, Бүкілодақтық Лениндік комсомол және Қазақстан сыйлығының лауреаты болды. «Түркі әлемінің қызметі үшін», ЮНЕСКО-ның «Боорукер» клубының және басқа да көптеген халықаралық марапаттардың иегері атанды. «Қырғызстан Республикасының Халық ақыны» деген  атаққа да ие болған  Мұхтар Шахановтың шығармалары мен лирикалық әндері туған  халқының жүрегіне мәңгілікке жол тартқаны ақиқат. Бүгінгі 80 жылдық мерейтой иесі жыр-шумақтарының туған жеріне, сүйікті еліне деген шексіз сүйіспеншілікпен сезімге толы  болғандығы біздің де жұдырықтай жүрегімізді жігерлендіре түсті.

Ақиық ақын М.Шаханов рухани құндылықтар жайлы, ата дәстүр, ұлттық мүдде туралы, тіл туралы тебірене сөйледі. Мектеп оқушылары ақынның жалынды сөздерін көкейлеріне тоқып, отансүйгіштік қасиеттерін отты сөздерге жани түсті. Қоғамдағы әділетсіздіктер, желтоқсан оқиғасы туралы тарих қойнауынан сыр шертіп, қазақ тілі үшін күрескен әсерлі естеліктерімен бөлісті. Шындық үшін күрес жолындағы өзінің жариялаған ұстанымын баян етті.

Мектептің жиын залына жиналған оқушылар мен  ұстаздар қауымы Мұхтар Шахановтың «Төрт ана», «Төлеген Айбергеновті еске алу», «Наурыз парасаты», «Тарысы бар аймақтың», «Жігіттің екі сипаты» сияқты жалынды өлеңдері мен «Отырар элегиясы» дастаны негізінде сахналық қойылым қойған жас таланттардың өнерін қызыға тамашалады. Найзағайдың жарқылындай рух пен сенімге толы Шаханов өлеңдерін мектеп оқушылары кезек-кезек оқумен болды. Мектептің өнерпаз  ұстаздары «Ақ бантик», «Мен саған ғашық едім», «Өмір өзен», «Рух пен тіл» сияқты сезімге толы әндерін шырқап, көпшілік қошеметіне бөленді.

Жиын соңында сөз алған мектеп директоры Айжан Талқанбаева  жылы лебіздерін білдіріп, естелік сыйлықтарын табыс етті.

Ұлт руханиятының сардары  М.Шаханов: «Тәуелсіздік Туын жоғары ұстаңдар, әрдайым ұлттық мүдде биігінен көрініңдер, ұлтымызды рухани көтеретін іс жасаңдар, ақиқат жолынан айнымаңдар, шындық үшін күресіңдер, ана тілін аялаңдар, халықтық салт-дәстүрді бағалаңдар, жұлдыздарың биік болсын!» – дей келе жиналғандарға аталық ақ батасын ақтарыла берді. Ақынға деген құрмет, сүйіспеншілік ұрпақтан ұрпаққа осылай жалғаса беретіні анық. Сондықтан да аталған білім ордасындағы  жас ұстаздар  ақиық ақынның келген қадамын зор қуанышқа балап,  бал бөбектерінің тұсауларын кестіртіп жатты.

Ұстаздармен болған қызу әңгімеде Мұхтар ағамыз өзімен дос болған ұлылар жайлы да сыр шертті. Әйгілі композитор жайлы көпшілікке беймәлім қызықты ақпараттарды ақын ағамыз  жақсы біледі. Олар өнерде әріптес, өмірде нағыз досқа айналған. Сондай-ақ, ақын мен сазгердің шығармашалық тандемінен 16 ән жарыққа шығыпты. Мәселен, халық арасында кеңінен тараған «Ақ бантик», «Арыс жағасында», «Кешікпей келем деп ең...» сынды туындылар әлі күнге дейін өміршеңдігін жойған емес. Ал қос талантты табыстырған Шәмшінің әкесі екен.

«Шәмшінің әкесі Қалдаяқ деген кісі еді. Сол Қалдаяқ бір күні үйге келді де: «Бұдан былай «Мұхтар не айтса, соны орындаймын деп уәде бересің», – деді Шәмшіге. «Онда мен Мұхтардан 14 жас үлкен едім, енді мен Мұхтарды «Мұхтар аға» деп айтамын», – деді Шәмші. Сол өле-өлгенше мені «Мұхтар аға» деп атап кетті», – дейді Мұхтар Шаханов.

Алдаспан ақын рухани досы қырғыздың әйгілі жазушысы Шыңғыс Айтматовты да сағына еске алды. «Қырғыз еліндегі бірден бір досым, аға досым, сана биігінде жолыққан досым – Шыңғыс Айтматов. Екеуміз көп мәселенің басында бірге жүрдік, ақылдастық, сырластық. Достықты да жай мәселе деп есептемеймін. Бұл да екі парасатты, пайымды адамның сана биігінде жолығуы», – дейді ақын досы Ш.Айтматов жайлы.

Мәңгі лаулап жану үшін ғаламда,

Үлкен бақыт табу үшін ғаламда,

Үлкен болып қалу үшін ғаламда,

Үлкен арман керек екен адамға, – деп өзі жырлағандай пайымы бөлек, парасаты биік ақынның жалын жыры жас ұрпақтың көкірегіне асқақ арман алауын жаққан кешке сүйініп қайттық.

Е.АСЫЛ.

Оқылды 2328 рет

Кескіндер галлереясы

Соңғы жаңалықтар

Желт 10, 2025

Көкжөтелдің қаупі

Көкжөтел – ол ұстама түрдегі ұзақ жөтелмен өтетін, тыныс алу жолдары, қан тамыры мен…
Желт 10, 2025

Жаңа туған кездегі профилактикалық…

Профилактикалық екпелер - инфекциялық аурулардың алдын-алу және…
Желт 10, 2025

Балаларға жаңа жылдық тәттілерді…

Мереке (туған күн, жаңа жыл т.б.) қарсаңында балаларға арнап тәттілер мен сый-жиынтықтар…
Желт 10, 2025

Моншалар мен сауналарға қойылатын…

Қоғамдық монша, сауналарға барған кезде ол орындардың санитариялық жағдайына ерекше…
Желт 04, 2025

Сыбайлас жемқорлық түсінігі және…

Сыбайлас жемқорлық — мемлекеттің тұрақты дамуына, қоғамдық қатынастардың ашықтығы мен…
Желт 04, 2025

Пиротехникалық бұйымдардың…

Пиротехникалық бұйымдарды (фейерверктер, отшашулар, жарық беру және дыбыстық эффектілер…
Желт 04, 2025

Неліктен ұнды фортификациялау маңызды

Халықтың денсаулығы мен тамақтану сапасын жақсарту – мемлекеттік саясаттың стратегиялық…
Желт 04, 2025

Стоматологиялық ауруханаішілік…

Ауруханаішілік инфекцияларды әртүрлі микроорганизмдер тудыруы мүмкін. Оның ішінде…
Желт 04, 2025

«1 желтоқсан - АИТВ инфекциясына…

АИТВ - бұл адам ағзасының жасушаларына енетін және оны түрлі инфекциялардан қорғайтын…

Күнтiзбе

« Желтоқсан 2025 »
Дс Сс Ср Бс Жм Сб. Жк
1 2 3 4 5 6 7
8 9 10 11 12 13 14
15 16 17 18 19 20 21
22 23 24 25 26 27 28
29 30 31        

Кез келген материалды
көшіріп басу үшін
mezet.kz - ке гиперсілтеме
қою керек 

Яндекс.Погода

 

https://kurs.kz/ - Курсы валют в обменных пунктах г. Алматы и других городах Казахстана

Жарнама

для детей, достигших 12 лет