Ораза айт – Рамазан айы аяқталғаннан кейін басталатын берекелі мейрам және бүкіл мұсылман қауымы үшін қасиетті күн. Рамазан айы – ислам күнтізбесінің тоғызыншы айы және бұл айда әр мұсылманның ораза ұстауы талап етіледі. Рамазан айында ораза ұстаған адам жаман әдеттерден тыйылып, нәпсісіне шектеу қояды. Яғни күнделікті ішіп-жеу, бос сөз сөйлеу сияқты жағымсыз әдеттерден арылады.
Ораза айт – кешірім мен мейірімділік мерекесі. Бұл күн бейбітшілік пен келісімнің жаңа айы. Мейрам басталар уақытта адамдар жаман ойларды санасынан өшіріп, жан дүниесін рухани тазартуы қажет. Мұсылман қауымы оразадан кейін дұға-тілектерінің орындалатынына сенеді.Аталмыш мереке 624 жылы Мұхаммед с.а.с пайғамбардың шешімімен белгіленді және ислам күнтізбесінің тоғызыншы айында барлық мұсылмандар үшін қасиетті кітап – Құран және жазбаша Забур, Інжіл, Таурат кітаптары түсті.
Ораза айт күні сәресіге тұрып, ауыз бекіту қажет пе?
Мұсылмандар арасында Ораза айт намазына барарда әдеттегідей сәресін ішіп, ауызды бекітіп бару керек деген мәлімет кең тараған. Алайда айт күні Рамазандағыдай сәресін ішудің қажеті жоқ. Шариғатымызда мұндай міндет жоқ. Тек айт намазына шығарда тақ санды: 1, 3, 5, 7 құрма жеп шығу Пайғамбарымыздың (Оған Алланың игілігі мен сәлемі болсын) сүннеті болып саналады.
Мерекеден бұрын не істеу керек?
Ораза айт алдымен мешіттен бастау алады. Күллі мұсылман таң атысымен Алланың үйіне қарай ағылып, құлшылық жасайды. Пайғамбарымыз өсиетiнде: «Айт күнi бiрiншi орындайтынымыз – намаз оқу», – деген.
Мешітке бармас бұрын нені ескерген жөн?
Пайғамбарымыздың (Оған Алланың игілігі мен сәлемі болсын) көрсетіп кеткен төмендегі-дей амалдарын істеу сүннет болады:
Ғұсыл алу. Жуынғанда дененің барлық бөлшектеріне су баруын қадағалау керек. Ауыз қуысы мен мұрынды да шаюды ұмытпаңыз.
Мисуак қолдану. Мисуак болмаған жағдайда тіс пастасы, щеткасын да қолдансаңыз құба-құп. Бастысы – ауыз қуысының тазалығы мен жағымсыз иістен арылу. Алайда Пайғамбарымыздың әрдайым қолданған мисуактың пайдасы ұшан теңіз. Мұны да ұмытпағайсыз.
Жақсылық жасау. Біреуге қолұшын созу.
Ең тәуір әрі таза киім кию. Киіміңіз жаңа не болмаса таза болғаны дұрыс.
Намазға ерте бару. Қолыңыздан келгенше Құран тыңдап, дін өкілдерінің уағызын естуге үлгеріңіз. Кейін айт намазын оқып, хұтба тыңдаңыз.
Мешітке бармай тұрып, үйден тәтті-дәмнен жеп шығу. Алла елшісі жасағандай, тақ сан болатындай 1 немесе 3 құрма жеу. Сүннет бойынша мұсылман адам намазға шығар алдында құрма дәмінен ауыз тиюі керек. Бұл Пайғамбарымыздың (Оған Алланың игілігі мен сәлемі болсын) оразаның аяқталып, айт күндері басталғаны жайында берген белгісі.
Мешітке барар жолда тәкбір айту. «Алла ұлық» деп Раббымызға мадақтар айтқан жөн. Айт күндері тәкбір (Алланы ұлықтау) айту да заңдастырылған амалдардан. Алла Тағала Құран кәрімде: «Сендерді тура жолға салған Аллаға шүкірлік етулерің үшін санын толтырың-дар. Әрі Алланы ұлықтаңдар» делінген.
Имам әз-Зухри былай деп баяндайтын: «Адамдар тәкбірлерді айт күні үйінен шығар кезде намаз орындалатын жерге барғанға дейін және имам көрінгенге дейін айтатын. Ал имам көрінген кезде, олар имам тәкбір айта бастағанға дейін тынышталатын, ал содан соң олар тағы да тәкбір айтатын».
Қазіргі еліміздегі жағдайға байланысты адамдар сақтық шараларын сақтай отырып, намаз құлшылықтарын орындап, бір-бірін мерекемен құттықтаған дұрыс болады. Алла баршамыздың шаңырағымызға амандық, жүрегімізге имани нұр сыйласын! Айт мерекесі құтты болсын!
Шарапаты мол Шәууәл айы
Алла Тағаланың барлық жаратқан айлары, күндері мұсылман адам үшін қайырлы және қасиетті. Сондықтан әр күнімізге шүкір етуміз керек. Ислам дінінде кейбір уақыттардың өзіндік ерекшеліктері мен қасиеттері бар. Рамазан айының артынша келетін Шәууәл айының да өзіне тән артықшылықтары көп.
Пайғамбарымыз (Оған Алланың игілігі мен сәлемі болсын): «Кімде-кім Рамазан айының оразасынан соң Шәууәл айында 6 күн ораза ұстаса, бір жыл ораза ұстағандай болады» деп, бұл айда ұсталатын алты күн оразаның мол сауабын сүйіншілеген (Сахих Муслим).
Бұл ораза сауабының бір жылға пара-пар келуін былайша түсінуге болады. Алла Тағала Құран Кәрімде: «Кімде-кім бір жақсылық жасаса, оған оның он есе қарымы беріледі» деген («Әнғам» сүресі, 161-аят). Ғалымдар Шәууәл айындағы алты күн оразаның бір жылдық сауабын осы аятпен байланыстырады. Рамазан айындағы отыз күн мен Шәууәл айындағы алты күн қосылғанда, отыз алты күн болады. Бұл сан он есеге көбейтілсе, үш жүз алпыс күнді құрайды. Ай күнтізбесі бойынша 365 күн емес, 355-356 күн екенін ес-керсек, бұл тіпті артығымен сауап десе де болады. Оразаның әрбір күні он есе молайса, онда отыз алты күндік оразада бір жыл ауыз бекітудің сауабы бар деген сөз. Бұл – Алла Тағаланың бізге берген ұлы мейірімі. Аз ғана амал жасап, он есе сауап алу – жақсы табыс көзі және керемет келісім. Оразаның теңдессіз құлшылық екендігі жайлы Әбу Умама (оған Алла разы болсын) былай дейді: «Пайғамбарымыздан жақсы бір амал сұрадым. Ол маған «Ораза ұста, өйткені оған тең келер құлшылық жоқ», – деді. Мен екі-үш рет қайталап сұрасам да «Ораза ұста, оған тең келер құлшылық жоқ», – деген жауабынан танбады» (Нәсаи, Сиям риуаят еткен).
Сондай сауабы мол оразаның бірі – Шәууал айындағы оразаның артықшылығы қандай? Осыған қатысты көпшіліктің көкейінде жүрген кейбір мәселелерге тоқталуды жөн көрдік.
- Шәууәл айының оразасы нәпіл ораза болып табылады. Яғни мұны ұстау ешкімге міндет емес, адамның өз ықтиярында. Дегенмен, мұны ұстамаған жан жоғарыда келтірген Пайғамбарымыздың (оған Алланың игілігі мен сәлемі болсын) хадисіндегі бір жылдық оразаның сауабынан құр қалады.
- Шәууәл айының нәпіл оразасы тек Шәууал айында ғана ұсталады және оны айт күнінің екінші күнінен бастап ұстаса болады.
- Шәууәл айының нәпіл оразасын арасын үзбей қатарынан, сонымен қатар арасын үзіп бөлек-бөлек күндерде де ұстауға болады.
- Рамазан айында түрлі себептермен кей күндерін қаза етіп алған кісілер Шәууәл айында әуелі Рамазанның қазасын өтеуіне де, сонымен бірге Шәууәлдің алты күндік нәпілін ұстаса да болады. Дегенмен, Рамазан оразасын толығымен ұстау Алла Тағаланың бұйрығы екенін ескерген жөн. Ал Шәууәл айында 6 күн ораза тұту Пайғамбарымыздың (Оған Алланың игілігі мен сәлемі болсын) сүннеті болғандықтан алдымен оразаның қазасын өтеу абзал. Себебі адамның белгіленген ажалы айтпай келетіндіктен, алдымен парыз оразаның қазасын толық өтеп, нәпіл оразаны одан кейін ұстаған дұрыс. Бұған қоса жоғарыда келтірілген хадисте «Рамазан оразасынан соң Шәууәл айында 6 күн ораза ұстаса» делінгенін ескерсек, әуелі Рамазанның қазасын өтеудің абзалдығын ұғамыз.
- Осы айда қаза оразасын ұстап, нәпіл ораза ұстауға уақыты жетпей қалған адамдар үшін де Шәууәл айының уәделі сауабы үміт етіледі. Бірақ бұл нәпіл оразаға уақыты жетпей қалғандар үшін. Әсілінде, әр оразаны жеке-жеке ұстау қажет. Бұл жоғарыда келтірілген бір жылдық сауаптың математикалық есебіне де сай келіп тұр.
- Рамазан оразасын ұстамаған адамдарға да Шәууал оразасын ұстауына болады. Алайда олар Пайғамбарымыз (Оған Алланың игілігі мен сәлемі болсын) сүйіншілеген бір жылдық оразаның сауабын ала алмайды. Себебі Рамазан оразасы – бізге парыз етілген ораза.
- Шәууал оразасы да Рамазан оразасы секілді «таң» намазынан (Таң намазына 10 минут қалғанда ауыз бекітіледі) басталып, «шам» намазына яғни, күн батқанға дейін жалғасады.
- Шәууал айының алты күндік оразасын әр аптада екі күнге бөліп, әсіресе, аптаның дүйсенбі және бейсенбі күндері ұстаса, нұр үстіне нұр. Себебі Пайғамбарымыз: (Оған Алланың игілігі мен сәлемі болсын) «Дүйсенбі күні мен бейсенбі күні (апталық) істеген істер Аллаға ұсынылады. Менің істерім Аллаға көтерілерде аузымның берік болғанын ұнатамын» деді (Тирмизи).
Рамазаннан кейін Шәууал айын-да алты күн ораза тұтудың жыл бойы ауыз бекіткенге теңестірілуі – Алла Тағаланың мейірімінің шексіз екенінің бір көрінісі. Яғни Хақ Тағала Өзіне тән рахымымен құлының жасаған ғибадатына бірнеше есе артық сауап жазып, ақыретімізді құтқаруға илаһи мол мүмкіндік тудырады.
Сапархан АЙДАРХАНҰЛЫ,
ауданның бас имамы