«Туған елдей ел болмас,Туған жердей жер болмас» . Туған жер ата-бабамыз мекен еткен, кіндік қанымыз тамған жер. Әрбір адам үшін туған жері әр уақыттада қымбат.Туған жерсіз адамның күні жоқ екені мәлім.
Туған елге, жерге, Отанға деген сүйіспеншілік − әрбір жан үшін аса киелі ұғым. Отан дегеніміз туып-өскен отбасымыз, ата-анамыз, ауасын жұтып, суын ішіп жүрген, кең-байтақ атамекеніміз. Міне, осы туған ел мен жерге ие болу, амандығын тілеу әрбір мұсылманның діни әрі азаматтық борышы.
Әркімнің де өсіп-өнетін жері – оның Отаны. Адам туған жерін, Отанын қастерлеп, қадіріне жете білуі тиіс. Қазағым - «Отан қадіріне жетпеген өз қадіріне жетпейді» деген. Ендеше туған жері мен елін құрметтеу, оның даңқын асыру әрбір азаматтың қастерлі борышы.
Алла Елшісі (Алланың игілігі мен сәлемі болсын) Меккеге қарап тұрып: «Сен мен үшін сондай қымбатсың, сүйіктісің. Егер де мүшріктер қуып шығармағанда сенен басқа жерде тұрақтамас едім», – дейді.
Олай болса, адамзаттың асылы Алланың Елшісі (Алланың игілігі мен сәлемі болсын) де туған жерін, Отанын қатты жақсы көрген. Елін, жерін жамандыққа қимаған. Туған-туысы, жұрты тура жолда болса екен деп тілеген.
Мәдинаға көшіп келген соң қасындағы қоныс аударушы сахабаларымен бірге Меккені аңсап, сағынышын білдіргені тарихтан мәлім.
Бір кісі «Уа, Расулалла! Бір адам өзінің ұлтын, қауымын жақсы көрсе, ол рушылдық болып санала ма?» − деп сұрайды. Сонда Алла Елшісі (Алланың игілігі мен сәлемі болсын) «Жоқ. Егер адам өзінің қауымының зұлымдық қылуына жәрдем берсе, сонысы рушылдық», − деп жауап береді.
Әрбір адамға туған жердің топырағы ерекше ыстық. Туған жердің ауасы, топырағы жанға шипа, тәнге дәру. Әрбір адамның Отанға деген сүйіспеншілігі сөзінде де ісінде көрінуі тиіс.
Адамның өз Отанына деген сүйіспеншілігі сөзінде қалай көрінеді? Ақылды адам Отаны туралы зәредей жаман сөз айтпайды. Басқа жұрттың алдында елін, жерін мақтан тұтатады.
Расында біздің ата-бабамыз аса отаншыл, елжанды, ұлтжанды болған. Егер Алаш жұртының бірлігі болмаса, отансүйгіштік жанқиярлығы болмаса, бұл жер, қазақ деген халық, Қазақстан деген кең-байтақ тәуелсіз ел де болмас еді. Отан елден, жерден тұрады. Ал әлеуметтің, қоғамның бірлігі – Отанның қауіпсіздігін қамтамасыз етеді. Бұқара халық арасында ауызбірлікті, ағайыншылдықты уағыздау Жаратқанның бұйырған ісі. Өйткені біз – жақсылыққа бұйырып, жамандыққа тосқауыл жасайтын үмбеттің ұрпағымыз.
Алла Тағала былай дейді: «Сендер адамдар үшін шығарылған үмбеттердің ішіндегі ең қайырлысы болдыңдар. Өйткені жақсылыққа бұйырасыңдар, жамандықтан тыясыңдар, Аллаға сенесіңдер» (Әли Имран, 110-аят).
Адамның отаншылдығы, туған жерге деген ықыласы мен құрметі оның ісінде де көрінеді. Қайда жүрсе де туған жерін ұмытпайды. Қолынан келгенше Отанына қызмет етуге тырысады.
Алла Елшісі (Алланың игілігі мен сәлемі болсын) : «Адамдардың ең қайырлылары адамдарға көбірек пайда әкелгендері», – деп жауап берген .
Сондықтан туған елімді сүйем деген әрбір азамат ол айтқанын туған елге жасаған жақсылығымен дәлелдеуі керек.
«Отанды сүю – иманнан» деген қанатты сөздің мағынасы терең. Өйткені, иманды адам өз Отанын сыйлап, қастерлей алады. Имансыз адам отанның қадір-қасиетін білмейді. Біздің Отанымыз – тәуелсіз Қазақстан.
Халық даналығы «Отан үшін отқа түс, күймейсің» дейді. Мұның мағынасы Отанды қорғау, тыныштығын сақтау жолындай қажырлы еңбек етуді білдіреді. Сондай-ақ, туған жер ата-бабаларымыздың сүйегі жатқан жер болғандықтан ұрпаққа перзенттік парыз жүктейді.
Алла елшісі: (Алланың игілігі мен сәлемі болсын) «Екі көзі тозақ оты шарпымайды: Алладан қорқыныштан жылаған көз, Алла жолында елін күзеткен көз», – деген.
Әлемдегі кез келген ұлт үшін ең үлкен байлық, ол – тәуелсіздік. Аллаға сансыз шүкір Қазақстан тәуелсіздіктің көк туын желбіретіп, тарихи даму сатысының әр кезеңіне қадам басқан сайын, өткеніне шүкіршілік айтып, болашағын бағдарлау үстінде. Тәуелсіздік – еш нәрсемен салыстыруға келмейтін ұлы нығмет. Тек тәуелсіздігі бар ел ғана ойындағы асқақ армандарын жүзеге асырып, жарқын өмір сүре алады.
Отанды сүюмен патриотизм, ұлтжандылық, туған елге ізет, туған жерге қызмет - бәрі қатарлас ұғымдар. Отанға деген сүйіспеншілік - оған жанашырлықпен қарауға, көркейтуге үлес қосуға, адал қызмет етуге, халықты сыйлауға, халықтың тілі, діні, салт-дәстүрі, қалыптасқан мәдениеті, сүннет жолы, мәзхабы, мемлекеттік рәміздері, шекара аумағы, атамекен секілді қастерлі ұғымдарын құрметтеуге негізделуі тиіс.
Алматы облысы, Еңбекшіқазақ аудандық
«Имам Мұхаммед» мешітінің
бас имамы Қондыбаев Ибрагим Нұрахмедұлы