Еліміздегі ең үлкен ауданның бірі – Еңбекшіқазаққа Қуанышбек Қалиұлы Қашқымбаевтың әкім болып тағайындалғанына тура жүз күн болды. Үлкен жоспарларды жүзеге асыруға аз уақыт болғанымен, 3 айдан астам мерзімнің бос өтпегені аян. Жүз күнде жасалған жұмыстың жай-жапсарымен журналистерді арнайы шақырған әкім өзі таныстырды.
Әрине, қай іске кіріспес бұрын, ондағы жағдайды сүзгіден өткізіп, алдымен танып-біліп алу шарт. Осы орайда жаңа әкім аудандағы округтерді түгел дерлік аралап, елдің жай-күйімен танысқанын айтады. Көңілінен шығып – қуантқан да бар, «қап» дегізіп – қолға алуға асықтырған шаруа да жоқ емес. Мұның бәріне әкім өз баяндамасында жеке-жеке тоқталды.
Қ.Қашқымбаевтың сөзінше, былтырғыға қарағанда биыл ауылшаруашылық өнімнің көлемі 3,2 млрд.теңгеге артып, 83 млрд. теңгені құраған. Сондай-ақ өнеркәсіп өнімдері өндірісінде 3 млрд., шағын және орта бизнес субъектілерімен өндірілген өнім мен көрсетілген қызмет көлемінде 3,5 млрд. теңгемен 9 айда жоғары көрсеткішке қол жеткен екен. Ал экономикадағы өсім есебінен мемлекеттік бюджетке түсетін салық түсімдері өткен жылғыдан 1 млрд. теңгеге өсіп, биыл 13,8 млрд. теңге болған. Қазынаға түскен бұл қаржы халықтың әлеуметтік жағдайын жасап, ауданымызды көркейтуге кететінін ойласақ, әр теңгенің үлесі үлкен.
Қай салада да аудан әлеуетінінің ерекше екенін ескерген әкім инвестор тартуға көп көңіл қоятынын атап өтті. «Жылдың аяғына дейін 30 млрд. теңгеге инвестиция тартуды, бірнеше өндірісті ашуға және бірқатар ірі инвестициялық жобаларды жүзеге асыруды жоспарлап отырмыз» деген Қ.Қашқымбаев Қырбалтабай ауылдық округінде орналасқан «Жетысу Соя» ЖШС-нің сояны қайта өңдеу зауытын, Ақши ауылдық округінде «Фроско» ЖШС-нің сыймдылығы – 4000 тонна қоймасы мен жеміс пен көкөністі қайта өңдейтін желісін, Масақ ауылдық округінде қуаттылығы – 5 МВт құрайтын «Нурлы ВЭС» ЖШС-нің жел электр станциясын іске қосуды көздеп отырғандарын айтты.
Бизнес нысандарымен қатар әлеуметтік нысандар да назардан тыс қалған емес. «Жұмыспен қамтудың жол картасы» бағдарламасы аясында 106 нысанның құрылысы мен жөндеу жұмыстарына 11,5 млрд. теңге бөлінген. Мұнда білім беру, мәдениет, спорт, медицина саласымен қатар, жолдар мен тұрғын үй де бар. Иә, биыл 60 отбасы баспаналы болып, қолдарына өз пәтерлерінің кілтін алған-ды. Бүгінде тұрғын үй кезегінде 2581, ал жер телімін алу үшін 22 мыңға жуық тұрғын кезекте тұр екен. аудандағы баспана мәселесін шешу үшін Есік қаласында қазіргі уақытта 30 пәтерлік тұрғын үйдің құрылысы жүргізілуде. Ал келесі жылы Есікте 60 пәтерлік екі үй және Шелек ауылында 1 үй салу жоспарда бар. Сондай-ақ «7-20-25» және «5-10-20» бағдарламасы бойынша 60 пәтерлік екі тұрғын үй салу жоспарлануда екен.
Сонымен қатар қазіргі таңда Қайыпов ауылында 22 га жер телімінде инфрақұрылым жүргізу жұмыстары жасалып жатыр. Келесі жылы Шелек ауылында 237 га және Ақши ауылында 90 га аумаққа инфрақұрылым жүргізу жоспарлануда. Ал Қайназар ауылында 22 га, Алға ауылында 30 га, Өрікті ауылында 15 га жерге тұрғын үй құрылысын жүргізу үшін инфрақұрылымдардың құрылысы бойынша жобалық-сметалық құжаттар әзірленуде. Бұл жобаларды жүзеге асыра отырып, жер кезегінде тұрған тұрғындардың сұранысы орындалмақ.
«Пандемияға байланысты оқушылардың басым бөлігі мектепке бармағанымен, оқу орындарындағы мәселелер назардан тыс қалмақ емес. Үш ауысыммен оқу мәселесін шешу үшін Рахат ауылдық округінде 1200 орындық мектеп салу, Түрген ауылындағы Қонаев, Достық ауылындағы Бертаев, Ташкенсаз ауылындағы Абдуллин және Қазақстан ауылындағы Қайыпов атындағы мектептерге 300 орындықтан қосымша ғимарат салу – күттірмейтін іс», – дейді аудан әкімі. Сондай-ақ оқу орнына бейімделген тар ғимараттар жайын ескерген Қ.Қашқымбаев 12 жаңа мектеп салу қажеттігін айтты. Биыл Төле би мен Ташкенсаз ауылдарында және Есік қаласында жаңа мектептің құрылысы басталды.
Шелек ауылындағы дене шынықтыру-сауықтыру кешен құрылысының және Ащысай ауылында мәжіліс залы бар спорт кешені құрылысының жобалық-сметалық құжаттары дайындалуда. Ал Бижанов ауылында спорт кешенінің құрылысы аяқталуға жақын.
Ауылдардың көпшілігіндегі күрделі мәселе – ауызсу. «Сегіз ауыл орталық су жүйесімен қамтылмаған. 21 елді мекенде су жүйесін күрделі жөндеуден өткізу керек. Есік қаласын қоса алғанда ауылдардың барлығындағы дерлік су жүйесі жөндеу жұмыстарын қажет етеді» деген әкім Есік топтық су жүйесі құрылыс жұмыстарының екінші кезегі басталғанын айтты. Ал келесі жылы Масақ пен Сөгеті ауылдарындағы су жүйесін күрделі жөндеуден өткізу жоспарлануда.
Соңғы жылдары жол салу жұмыстары жақсы жүріп жатыр. Әсіресе, көшелерді жарықтандырудың жөні бөлек. Алтын адам аллеясын кеңейту, жаяу жүргіншілер жолы, қоғамдық көлік аялдамалары, жол бойындағы орындықтар мен қоқыс салатын жәшіктер, саяжайдағы аспалы көпір – мұның барлығы да – ел игілігі үшін жасалып жатқан жұмыс. Ауданымызда соңғы уақытта тазалық жұмыстарының қолға жақсы алынғанын ерекше атап өткен жөн. Бұған баршамыз куә. Айтқан ауызға айтарлықтай оңай іс болғанымен, елді мекендердің көркін кіргізіп, бар дүниені жарқыратын көрсететін тазалық жұмыстарының маңызы мол. Әсіресе, қазіргі пандемия кезінде оның ролін әрқайсымыз жақсы түсінгендейміз. «Жұмысты бірінші кезекте санитралық тазалық жұмыстарынан бастадым» деген әкім: «Үш айдың ішінде аудан аумағында 97 қоқыс орны жойылды, қатты тұрмыстық қалдықтарды заңсыз сақтайтын 19 полигон жабылды, 950 тонна күл-қоқыс шығарылды, 190 заңсыз жабайы сауда орны жойылды. Бұл бағыттағы жұмыс үнемі жүргізілетін болады», – деп қорытындылады сөзін.
Кездесу барысында аудан журналистері жоғарыда айтылған мәселелерден бөлек газдандыру жұмыстары жайлы, олардың қызметінің қымбаттығын айтты. Әкім бұл мәселенің алдағы уақытта қаралып, тұрғындарға тиімді жолды ұсынатындарын жеткізді. Сондай-ақ ауданда туризмді жандандыру жайлы сұрақ та, ұсыныс та айтылды. Қ.Қашқымбаев бұл мәселемен жақын күндері Есік көліне арнайы барған. Онда Іле Алатау ұлттық паркінің және Есік көлін 49 жылға жалға алған «Қазэлектроэнергия» компаниясының өкілдерімен кездесіп, нақты тапсырмалар жүктегенін жеткізді. Бұл жұмыстардың барлығы да Есік көлінің туристік маңыздылығын арттыруға бағытталған. Алдағы уақытта көлдің көркейіп, келетін туристердің қатары артатынын айтқан әкім ауданда туризмді дамыту бойынша жұмыс жасайтын мықты маман мен инвесторлар «тартуды» көздейтінін білдірді. Сонымен қатар туризм саласында жақсы жобалар болса, қарастыруға қашан да дайын екенін ескертті.
Иә, «Мәскеу бір күнде бой көтерген жоқ» демекші, бәрі де уақытымен болары анық. Бұған бүгінгі өзгерістердің өзі-ақ үміт сыйлайды. Әкімнің журналистермен өткізген алғашқы кездесуінде айтылған жобалар да көп күттірмей, ел игілігіне жұмыс жасайды деген ойдамыз.
Құралай МҰРАТҚЫЗЫ