Жексенбі, 14 Наурыз 2021 12:42

Амал мерекесі

Амал мерекесі Сурет интернеттен алынды

14 наурыз - Қазақстанның Батыс аймағына тән көрісу күні. Көрісу (Маңғыстау өңірінде Амал мерекесі деп аталады) - Қазақстанның Батыс өңірі және Ресеймен шектесетін аймақтарда сақталған көне дәстүр. Осы мейрамның шығу төркіні туралы М.Өтемісов атындағы Батыс Қазақстан мемлекеттік университетінің доценті, тарих ғылымдарының кандидаты Жаңабек Жақсығалиев былайша әңгімелеп берді, деп хабарлайды «ҚазАқпарат» ХАА тілшісі.

Ғалымның айтуынша, бұл - қазақ халқының өскелең ұрпақты ізеттілік пен мейірімділікке, ауызбіршілік пен кішіпейілділікке, татулық пен бауырмалдыққа бастайтын ерекше үрдістерінің бірі. Қазақ халқы жыл басын Наурыздың 22-сінде күн мен түннің теңелу кезінен бастайды. Бірақ Қазақстанның батыс аймағы жыл басын басқа жерлердегідей 22-сінде емес, наурыздың 14-інде тойлайды. Батыс қазақтары бертінге дейін айлардың арабша атауын пайдаланып келді. Олар: Дәлу, Үт, Амал, Сәуір, Саратан, Зауза, Әсет, Сүмбіле, Мизан, Ақырап, Қауыс, Жеді деп аталады. Олар айдың тууын әр айдың біздің есеп бойынша 14-інен бастаған. Яғни, бізше 14 наурызды айдың бір жаңасы деп есептеген. Өлкемізде осы ескіше (арабша) айлардың аталуына байланысты мақал-мәтелдер жеткілікті. Қазақ «Таразыда таң суыйды, Сүмбіледе су суыйды» дейді.

Әсетте (июль, шілде) таңда таразы деген жұлдыз туады. Осы уақытта таңның салқындауына байланысты айтылған сөз. Мұндай мысалдарды соза беруге болады. Көрісу қашан және қалай пайда болды? Неліктен бұл дәстүр Қазақстанның өзге өңірлерінде кездеспейді? Аталмыш ғұрыптың түп-төркіні қандай жағдайлардан туындауы мүмкін? Әзірше Отан тарихы ғылымында мұның ғылыми тұрғыда тұжырымдалған нақты жауабы жоқ. Бірақ әр түрлі болжамдар мен жорамалдар бар.

Археолог-ғалым Андрей Астафьев бұл дәстүрді ғылыми тұрғыдан түсіндіріп беруге тырысты. Ол Маңғыстау өлкесінің тарихын ұзақ уақыт бойы зерттей отырып, Амал мерекесінің тамыры моңғол мен тувалық халықтарда жатыр деген қорытындыға келді. Адай руының аңыздары бойынша адамдар Үстірт аймағы мен Маңғыстау түбегіне шығыстан келген. Бәлкім, осы жерден өздерімен бірге күнтізбелік жүйесін алып келген. Моңғолдар күнтізбесіне сәйкес бір аптада тоғыз күн болған еді. Ал күнтізбенің өзі 22 желтоқсаннан басталады. Күнтізбедегі төрт маусым (көктем-жаз-күз-қыс) тоғыз күннен тұратын кезеңдерге бөлінген. Қысқы күн тоқырауы кезеңінен Жаңа жыл басталып, содан бері күн ұзақтығы созылады. Ал 23 желтоқсан-14 наурыз аралығындағы уақыт - қысқы осындай тоғыз аптадан тұратын кезең. 14 наурыз күні көктем келіп, жапырақтар бүршік түрінде болып, көкек ән салып тұрған. Көктемнің тоғызыншы күні күн мен түннің теңесу күні тойланады.

Қолда бар кейбір там-тұм деректер 14 наурыз Қазақстанның өзге өңірлерінде де Ұлыстың ұлы күні ретінде аталғандай әсер береді. Этнограф Серік Ерғали: «Шын мәнінде халқымыз Наурыз айының алғашқы (ескіше - 1 наурыз қазіргі 14-не сәйкес) күнінен бастап, Наурыз мерекесін бір ай бойы мейрамдаған. Қазақтың ғұлама ғалымы - Мәшһүр Жүсіп Көпейұлы өзінің жазбасында 8 күндік наурыздама өтетінін жазады. Ол ескіше:1-8 наурыз, қазіргі күнтізбеде 14-21 наурыз аралығы», - деп жазады. Ал кемеңгер ақын Шәкәрімнің ұлы Ахаттың жазбаларында: «14 март - ескіше 1 март. Әкей айтты: бүгін ескіше 1 март қазақша Жаңа жыл Ұлыстың ұлы күні. Жаңа жылдың бұрынғы аты - Наурыз, бұл парсы тілінде жаңа күн» дегенді білдіреді. Жаңа жыл басының Ұлыс екеніне мынадай дәлел бар «Ұлыс күні қазан толса, ол жылы ақ мол болады. Үлкен кісіден бата алса, сонда олжалы жол болар деген», делінген.

Кеңес өкіметінің Халком кеңесі 1918 жылдың 24 қаңтарында «Батыс Еуропа күнтізбесінің Кеңес өкіметіне енгізілуі» туралы декретін қолданысқа енгізді. Бұл кезде екі күнтізбенің айырмашылығы 13 күнге жеткен еді. Ескі күнтізбені 1918 жылдың 31 қаңтарында жауып, келесі күнді 14 ақпаннан бастап санады. Осы мәліметтерді жүйелей келе түйгеніміз, ғалымдардың бірі бұл Оңтүстік Сібір түркілерінен келе жатқан дәстүр десе, екіншілері Григорян күнтізбесіне енгізілген өзгеріспен байланыстырады. Сайып келгенде, көрісу күнінің тарих сахнасына қай уақытта көтерілгені туралы тарихшылар арасында ортақ пікір жоқ. Сондықтан оның шығу төркіні әлі де жан-жақты, егжей-тегжейлі зерттеулерді қажет етеді. Кейбір әріптестеріміз аталмыш дәстүрдің пайда болуын өңіріміздің географиялық ерекшелігімізден іздейді. Тарқатып айтсақ, Батыс Қазақстан аймағында өмір сүрген ата-бабаларымыздың ғасырлар бойы негізінен көшпелі мал шаруашылығымен айналысқандығын алға тартады. Мәселен, қар еріп, жер жіби бастағанда, шеті мен шегі жоқ сайын далада тарыдай шашылған халық туған-туысын, жақын-жуығын іздеп, бір-бірімен сағына көрісетін болған. Осы орайда тағы бір назар аударарлық нәрсе, дәстүрдің тарихи мәнін бұрмалап, аталмыш ұлттық мейрамға айт сөзінің қоса айтылуының дұрыс еместігін көтеріп жүрген қаламгерлердің бар екендігі. Ашып айтсақ, көрісу айт деп айтудың түбегейлі қате екендігі. Өйткені айт бұл діни мереке. Дінімізде Оразадан кейін үш күн айттайды, одан соң жетпіс күннен соң Құрбан айт өтеді. Айттың көріске еш қатысы жоқ. Сондықтан көрісуді ел болып ұлттық нақышта, салт дәстүрімізге байланысты өткізуіміз керек. «Ойымызды тобықтай түйсек, бүгінгідей жаһандану заманында қазақтың ұлт болып, мемлекет болып сақталып қалуының бірден-бір кепілі - ұлттық иммунитетті күшейту, ұлттық салт-дәстүрімізді, әдет-ғұрпымызды сақтап, ұлттық құндылықтарымызды жас ұрпақтың санасына сіңіру. Сондықтан ел бірлігіне, ынтымаққа бастайтын Көрісу мейрамын тойлаудың еш артықтығы жоқ. Мереке құтты болсын, ағайын!», деп түйіндеді ойын Жаңабек Жақсығалиев. Айта кетейік, 14 наурыз күні жасы кішілер қала мен ауылдарда ақсақалдар мен ақ жаулықты әжелерге барып, қос қолын беріп, көріседі. Бұл күні жасы үлкендер кішілерді күтіп, келгендерге «Бір жасыңмен! Жас қайырлы болсын, өмір жасың ұзақ болсын!» деп ерекше мейіріммен батасын береді. Осы күні әр үйде дастархан жайылып, ұлттық тағамдар қойылып, адамдар бір-бірімен құшақ жая амандасып, есендік сұрасады. Көңілде өкпе-реніштері болса, кешіреді. Татулыққа бастайтын бұл жол ислам қағидаттарына да өте жақын.

Көрісу мерекесі Батыс Қазақстан, Атырау облыстарында және Ақтөбенің кейбір аудандарында, Ресейдің көршілес Астрахан, Саратов, Орынбор өңірлерінде, Қарақалпақстанда аталып өтіледі. Маңғыстауда Амал мерекесі 14 наурыз күні басталып, жалғаса береді. Соңғы жылдары Қазақстанда мейрам аясы кеңейіп келеді.



Оқылды 1138 рет

Соңғы жаңалықтар

Қар 21, 2024

Наш собственный корреспондент…

С начала 90-х годов прошлого века в областной газете «Огни Алатау» сменилось несколько ее…
Қар 21, 2024

«ЖАҢАРТУ» расширяет возможности…

Проект «ЖАҢАРТУ» («Обновление»), презентация которого состоялась в мае 2024 года,…
Қар 21, 2024

Артық шығын абырой әкелмейді

Елімізде діни рәсімдерді өткізу барысында көптеген қателіктер орын алып жатқанын естіп…
Қар 21, 2024

Кәсіп болмай, нәсіп болмас

Бүгінде балалардың жан-жақты дамуына, кәсіпке деген көзқарасын қалыптастыруға барлық…
Қар 21, 2024

«Атамекен» приглашает к диалогу

Национальная палата предпринимателей «Атамекен» Алматинской области выступила инициатором…
Қар 21, 2024

Бейбіт күн – бірліктің жемісі

Көпұлтты мемлекетіміздің ішкі саясатында ең маңызды дүние – ұлтаралық татулықты сақтау.…
Қар 18, 2024

Внимание, жители г. Есик!

Региональный офис ЮНЕСКО в Алматы совместно с Центром «Содействие устойчивому развитию…
Қар 14, 2024

АФМ проводится расследование в…

Она подозревается в хищении свыше 1,5 млрд тенге, собранных для помощи гражданам,…
Қар 14, 2024

ҚМА еріктілер қозғалысының…

Ол көктемгі су тасқынынан зардап шеккен азаматтарға көмектесу үшін жиналған 1,5 млрд…

Күнтiзбе

« Қараша 2024 »
Дс Сс Ср Бс Жм Сб. Жк
        1 2 3
4 5 6 7 8 9 10
11 12 13 14 15 16 17
18 19 20 21 22 23 24
25 26 27 28 29 30  

Кез келген материалды
көшіріп басу үшін
mezet.kz - ке гиперсілтеме
қою керек 

Яндекс.Погода

 

https://kurs.kz/ - Курсы валют в обменных пунктах г. Алматы и других городах Казахстана

Жарнама

для детей, достигших 12 лет