Бейсенбі, 25 Тамыз 2022 10:54

Тілсіз жауды ауыздықтаған подполковник

Өткен аптада қаншама әулеттің салтанатты той-қуаныштарының куәсі болған Көктөбе ауылында орналасқан «Алатау Холл» мейрамханасының өрт шалған видеосы әлеуметтік желіде желдей есті. Бұл оқиғадан жерлестеріміздің барлығы дерлік хабардар болар. Күтпеген жерден ғимаратты шарпыған тілсіз жауды ауыздықтауға барын салып, азаматтардың қауіпсіздігі үшін өз басын қауіпке тіккен Бақыт Ташкенбаевты бейбіт күннің батыры десек, артық айтпаспыз.

Бақыт Ташкенбаев болмағанда салтанат сарайы түгелдей отқа орануы мүмкін еді. Ерен ердің ерлігі де жан-жақты насихатталып жатқаны мәлім. Дегенмен, редакция тілшілері де бейбіт күннің батырымен арнайы барып тілдесіп қайтты. Бүгінгі таңда 6654 әскери бөлімінде құрама офицері болып қызмет атқаратын подполковник Бақыт Жүнісұлынан оқыс оқиғаны баяндап беруін сұрадық.

– Сенбі күні жұмыс уақытынан кейін жұбайым мен балаларымды алып автокөлігіммен аудан орталығына кеткен болатынмын. Жолдың бойында мейрамханадан шыққан түтін көрінді. Ойланбастан мейрамхананың жанына бардым, сол жерде қызмет істейтін әйелдер шұғыл көмек сұрады. Газ баллондарды ажыратып, сыртқа шығару үшін бірден ғимараттың ас үйіне бет алдым.

Газ баллондарды қауіпсіз жерге шығарған соң, өрттің көзі өршіп бара жатқан негізгі залдағы екінші қабатқа көтерілдім. Төбесін жауып тұрған пластикалық материалдар еріп, төменге от тамып тұрды. Қауіпті азайту үшін, екінші қабаттағы үстелдер мен орындықтарды 1-ші қабатқа тастауға кірістім. Мейрамхана қызметкерлері де барын салып көмектесіп жүрді. Жиһаздардың бәрін түсіріп болған соң, мейрамхананың оң жақ бұрышынан бастап перделерді жылдам жұлып төменгі қабатқа тастадым. Қажет кезінде су да болған жоқ, 3 бірдей өрт сөндіру құралын (огнетушитель) қолданғаныммен көмегі болмады. Сол мезетте ас үйге жүгіріп, ас пісіретін қазандардағы суды шелекпен тасып қолдан келгенше өртті түгелдей сөндіріп үлгердік. Сыртта жұбайым көшедегі көліктерді тоқтатып, адамдарды көмекке шақырған екен. Бірнеше азамат келіп, олар да қауіптің бетін қайтаруға жәрдем берді. Төменде шашылған жиһаздарды екі жаққа жинап, өрт сөндірушілердің жолын ашып, дайындап қойдық. Өрт сөндірушілер келген бойда қарап тұрмай олардың да жұмысына көмектестім. Қызыл жалын ауыздықталып, қауіптің беті қайтқанына көзім жеткен соң, оқиға орнынан кетіп қалдым, – дейді подполковник.

Қаһарманымыз сыртта жан-жары мен балалары алаңдап қалғанын айтады. Өртке оранып жатқан бөлмеде газ баллондарын ажырату қатты қиынға соғары белгілі, жарылып кете ме деген үрей де болғанын жасырмайды. Тәуекелге бел буғанның арқасында ғимаратты да, талай адамның өмірін де құтқарып қалды деуге толықтай негіз бар. Себебі Бақыт Ташкенбаев болмағанда мейрамхана маңындағы үйлерге де қауіптің төнері анық еді.

20 жылдан астам уақыт әскери салада абыроймен қызмет атқарып жүрген 4 баланың әкесі Бақыт Жүнісұлының ерлігіне тәнтіміз. Аса қауіпті, өте қорқынышты сәтте қара басын қатерге тіккен азамат еңбегіне өтеу күту түгілі, ол туралы ойламайтынын айтуда.

– Бұл кез-келген адам үшін қалыпты жағдай, менің орнымда басқа адам дәл сондай қадамға барар еді, – деп ойын жеткізді. Сауабы орасан іс атқарған Бақыттай азаматқа Алла батпандай бақыт сыйласын, елдің алғысы мен батасы көсегесін көгертсін деп тілек білдіреміз.

Ринат НАРХАНОВ.

Оқылды 2751 рет

Соңғы жаңалықтар

Қар 20, 2025

Тұрақтылықтың стратегиялық бағдары

Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаевтың «Қазақстан Республикасының ішкі саясатының…
Қар 19, 2025

Халықтың…

Қазіргі таңда халықтың санитариялық – эпидемиологиялық саламаттылығын қамтамасыз ету…
Қар 19, 2025

Электронды темекінің жасөспірімдер…

Электрондық темекі (вейп) қазіргі уақытта, әсіресе жасөспірімдер арасында үлкен…
Қар 19, 2025

Консервіленген өнімдерді қолданудағы…

Үй жағдайында дайындалған консервілер әсіресе саңырауқұлақ, көкөністер, сирек жағдайда…
Қар 19, 2025

Гендік модифицирленген өнімдердің…

Гендік модифицирленген өнімдер (әрі қарай - ГМӨ) – биотехнология әдістері арқылы геномына…
Қар 13, 2025

Қазақстан Республикасы …

ҚАУЛЫ ЕТЕМІН: 1. Қоса беріліп отырған Қазақстан Республикасы ішкі саясатының негізгі…
Қар 13, 2025

Күймен өрілген ғұмыр

Нұра ауылында қазақ күй өнерінің көрнекті өкілі, Жетісу өңірінің күйшісі Омархан…
Қар 03, 2025

Листериоз –жұқпа көзі, сақтық…

Листериоз - адам мен жануарларға ортақ, аса қауіпті жұқпалы ауру. Қоздырғышы спора…
Қар 03, 2025

Листериоз –жұқпа көзі, сақтық…

Листериоз - адам мен жануарларға ортақ, аса қауіпті жұқпалы ауру. Қоздырғышы спора…

Күнтiзбе

« Қараша 2025 »
Дс Сс Ср Бс Жм Сб. Жк
          1 2
3 4 5 6 7 8 9
10 11 12 13 14 15 16
17 18 19 20 21 22 23
24 25 26 27 28 29 30

Кез келген материалды
көшіріп басу үшін
mezet.kz - ке гиперсілтеме
қою керек 

Яндекс.Погода

 

https://kurs.kz/ - Курсы валют в обменных пунктах г. Алматы и других городах Казахстана

Жарнама

для детей, достигших 12 лет