Бейсенбі, 14 Тамыз 2025 11:25

Астанада әскерилер арасында тұңғыш әлем чемпионаты өтеді

Елордада тұңғыш рет әскери қызметшілер арасындағы қазақ күресінен CISM Әлем чемпионаты өтеді деп хабарлайды Egemen.kz Qazaq Kuresi Ассоциациясының баспасөз қызметіне сілтеме жасап.

Президент тапсырмасымен биыл қабылданған «Дене шынықтыру және спорт туралы» Заңның жаңа редакциясында қазақ күресі олимпиадалық және паралимпиадалық спорт түрлерімен қатар басым спорт түрі мәртебесіне ие болды. Бұл оның болашақта халықаралық деңгейде дамуына серпін бермек.

14-15 тамыз күндері өтетін жаһандық додаға Пәкістан, Біріккен Араб Әмірліктері, Тунис, Ресей, Италия, Түркия, Марокко, Молдова, Үндістан, Қырғызстан, Қазақстан, Моңғолия, Қытай, Бразилия, Тайланд, Өзбекстан, Тәжікстан, Камерун, Гана, Эфиопия, Венесуэла, Иран сынды елдердің әскери салада қызмет ететін балуандар күреседі. Чемпионаттың бағдарламасына сәйкес, спортшылар 16 салмақ дәрежесінде (ерлер – 8, әйелдер – 8) бозкілемге шығады:

  • Ерлер: 55, 60, 66, 74, 82, 90, 100 және +100 келі.
  • Әйелдер: 48, 52, 56, 60, 65, 70, 77 және +77 келі.

Қазақ күресінен әскерилер арасында өтетін тұңғыш әлем чемпионатында ел үмітін арқалап, Қарулы күштері мен Мемлекеттік күзет қызметінің таңдаулы балуандары шығадыды. Бұл чемпионатта ел намысын қорғайтын ұлттық құрама 2025 жылдың басында Алматы қаласында өткен әскери қызметшілер арасындағы іріктеу чемпионаты негізінде жасақталған болатын.

Құрама сапында балуандар арасында Әлем және Азия чемпиондары, сондай-ақ Дүниежүзілік Көшпелілер ойындары мен Дүниежүзілік жекпе-жек ойындарының жеңімпаздары, жүлдегерлері бар. Мәселен, Бекжан Төлепов – 2022 және 2025 жылғы Әлем чемпионы, Жұмажан Қожамбеков – Әлем және Азия чемпионы, Рауза Нұрмахамметова – Әлем чемпионы, Көшпелілер ойындарының жеңімпазы, Зарина Сарипова – Әлем чемпионы, бірнеше дүркін ел чемпионы.

Туризм және спорт министрлігі, Қорғаныс министрлігінің Спорт комитеті және Qazaq Kuresi Ассоциациясы мұрындық болған чемпионатқа орай Qazaqstan жеңіл атлетика спорт кешенінде құрметті қонақтар мен команда өкілдерінің қатысуымен жиын өтті. Qazaq Kuresi Ассоциациясының бас директоры Дамир Бекбосынов аталмыш мәртебелі жарыстың маңызы жоғары екенін атап өтті.

«Қазақ күресі – біздің ұлттық болмысымыздың коды. CISM сияқты беделді ұйымның күнтізбесіне енуі – төл күресіміздің әлемдік деңгейде тағы бір мәрте мойындалуы. Өз кезегінде чемпионаттың Астанада өтуі – Қазақстанның халықаралық спорт қауымдастығындағы беделін арттыра түседі. Бұл – болашақта қазақ күресін Азия ойындары мен Олимпиада бағдарламасына енгізуге бастайтын нақты қадамдардың бірі», деді Дамир Әсенғазыұлы.

Қазақстан армиясының Орталық спорт клубының басшысы, полковник Арман Әбеуовтың айтуынша, бұл чемпионаттың Халықаралық әскери спорт кеңесі (Conseil International du Sport Militaire) аясында өтуі бұл іс-шараға ерекше мәртебе беретінін жеткізді.

«Әлем чемпионаты тек спортшылардың емес, бүкіл әскери құрылымның имиджін көтеретін дода. Біз қауіпсіздік пен ұйымдастырудың барлық қырын пысықтадық. Қатысушылардың жайлы орналасуынан бастап, жарыс алаңындағы әр минуттың үйлесімді өтуіне дейін қатаң бақылауда. Біздің сарбаздар намысты жығып бермесі анық. Аталмыш чемпионат жоғары дәрежеде өтсе, қазақ күресін CISM-нің тұрақты чемпионаттар бағдарламасына енгізу және 2027 жылы АҚШ-та өтетін Дүниежүзілік әскери ойындардың қатарына қосу мәселесі ресми деңгейде қаралатын болады», деді Арман Сайлауұлы.

CISM – әлемдегі ең ірі көпсалалы спорт ұйымдарының бірі. Бүгінде 140-қа жуық елдің әскери қызметшілерін біріктіретін бұл ұйым қазіргі таңда Халықаралық Олимпиада комитетінен кейінгі ең ықпалды спорттық қауымдастықтардың бірі саналады.

Сондай-ақ, жаһандық дода алдында команда өкілдеріне арналған төрешілер семинары өтті. Чемпионаттың бас төрешісі – Нидерландтан келген білікті маман Эдмар Абдуллаев. Ол – қазақ күресі, алыш және панкратион бойынша UWW-дің төрешілік нұсқаушысы, сондай-ақ Бүкіләлемдік белбеу күресі комитетінің мүшесі.

«Қазақ күресінен әскери қызметшілер арасында Әлем чемпионатын өткізу орасан жетістік. Бұл күрестің техникасы мен философиясы жауынгерлік рухқа өте жақын. Осы чемпионат – қазақ күресін халықаралық деңгейде насихаттаудың мықты алаңы болатынына сенімдімін. Чемпионаттың дайындығы өте жоғары. Барлық спортшыларға сәттілік тілеймін», деп атап өтті бас төреші.

Сонымен қатар, нидерландық маманның жетекшілігімен шетелдік спортшылар үшін қазақ күресінің кілемдегі әдіс-тәсілдеріне арналған практикалық оқу-әдістемелік таныстырылым сабағы ұйымдастырылды.

Бүгінде қазақ күресі аса тартысты спорт түрі ретінде тек Қазақстанда ғана емес, әлемнің түкпір-түкпірінде кеңінен танылып, беделі артып келеді. Қазіргі уақытта қазақ күресі федерациялары әлемнің 40-тан астам елінде жұмыс істейді. Жыл сайын түрлі деңгейдегі 10-ан астам халықаралық жарыстар өткізіліп, оларға төрт құрлықтың спортшылары қатысуда.

Соңғы жылдары отандастарымыздың қазақ күресіне деген қызығушылығы артып келеді. Статистикалық деректерге сәйкес, елімізде 160 399 адам жаттығатын қазақ күресінің 3 897 үйірмесі бар.

2004-2025 жылдары аралығында қазақ күресінен 11 Әлем чемпионаты, 12 Азия чемпионаты, 6 Әлем кубогы, 6 Еуропа біріншілігі, Иран мен Бразилияда кадеттер мен жастар арасында Әлем чемпионаттары және Оңтүстік Африкада 2 Африка біріншілігі, Бразилияда Оңтүстік Америка чемпионаты өтті.

Оқылды 66 рет

Соңғы жаңалықтар

Там 14, 2025

Шағаман батырдың балалық шағы

Бисимилләһир-рахманир-рахим! Асы жайлауының сұлулығына тамсана, таңдана тамашалаған бала…
Там 14, 2025

Ер еңбегімен еленеді

Адал жолмен табыс табу – адамның беделін көтереді, абыройын асқақтатады. Ондай адам өз…
Там 14, 2025

Ислам ізгілікке үндейді

Қазіргі қоғамда рухани құндылықтардың орны ерекше. Адамзат дамуының барлық кезеңінде дін…
Там 14, 2025

Дистанция длиною в жизнь

Почетный деятель спорта РК, отличник народного просвещения, Почетный гражданин района:…
Там 14, 2025

Талабымен танылған талантты…

Талантты адам қай салада, қай істе де алда. Әрекетінде берекет, нәтиже бар. Жастайынан…
Там 14, 2025

Состоялось техническое совещание…

В Астану для участия в I чемпионате мира по қазақ күресі среди военнослужащих,…
Там 14, 2025

Кто представит Казахстан на…

В Астане в легкоатлетическом комплексе Qazaqstan открылся I чемпионат мира по қазақ…
Там 14, 2025

Жаңа оқу жылына дайындық:…

Жаңа оқу жылы – әр оқушы мен ата-ана үшін жауапты әрі ерекше кезең. Бұл уақыт баланың…
Там 14, 2025

Тері лейшманиозының алдын алу

Тері лейшманиозы – трансмиссивті берілу механизмі бар, терінің шектеулі зақымдануымен…

Күнтiзбе

« Тамыз 2025 »
Дс Сс Ср Бс Жм Сб. Жк
        1 2 3
4 5 6 7 8 9 10
11 12 13 14 15 16 17
18 19 20 21 22 23 24
25 26 27 28 29 30 31

Кез келген материалды
көшіріп басу үшін
mezet.kz - ке гиперсілтеме
қою керек 

Яндекс.Погода

 

https://kurs.kz/ - Курсы валют в обменных пунктах г. Алматы и других городах Казахстана

Жарнама

для детей, достигших 12 лет