
Конституциялық реформа жөніндегі комиссия Қазақстан Республикасының жаңа Конституциясының жобасын көпшілікке таныстырды. Бұл бастаманы жай ғана жекелеген баптарға енгізілетін түзетулер ретінде қабылдау дұрыс емес. Ұсынылып отырған құжат – еліміздің құқықтық жүйесін, мемлекеттік басқару қағидаттарын және қоғам мен билік арасындағы өзара қатынастарды түбегейлі қайта қарастыратын кең ауқымды, жүйелі реформа.
Жоба мәтіні Конституцияның 84 пайыздан астам бөлігін қамтып, 77 бапқа өзгерістер енгізуді көздейді. Сонымен қатар жаңа Преамбула ұсынылып, Конституцияның құрылымы 11 бөлім бойынша қайта жүйеленген. Бұл өзгерістер мемлекеттің даму бағытын айқындап қана қоймай, құқықтық нормалардың түсініктілігі мен қолдану тиімділігін арттыруға бағытталған.
Конституциялық сот төрағасының орынбасары Бақыт Нұрмұханов атап өткендей, жаңа Конституция жобасын әзірлеу барысында соңғы алты ай ішінде азаматтардан, қоғамдық ұйымдардан, саяси партиялар мен сарапшылардан түскен ұсыныстар кеңінен зерделенген. Сонымен бірге Конституциялық реформа жөніндегі комиссия мүшелерінің пікірлері, ескертулері мен ұсынымдары жан-жақты ескерілген. Бұл – құжаттың біржақты емес, қоғамдық келісімге негізделіп дайындалғанын көрсетеді.
«AMANAT» партиясы Еңбекшіқазақ аудандық филиалының төрағасы ретінде айтарым, жаңа Конституция жобасы қоғамның бүгінгі сұранысына толық жауап береді. Онда әділетті мемлекет, заң үстемдігі және адам құқығының басымдығы сияқты негізгі қағидаттар айқын көрініс тапқан. Мемлекеттік билік институттарының жауапкершілігін арттыру, билік тармақтары арасындағы тепе-теңдікті сақтау – тұрақты саяси жүйенің берік негізі екені анық.
Жаңа Конституция жобасында Конституциялық сот институтының рөлін күшейтуге ерекше мән берілген. Бұл азаматтардың өз құқықтары мен бостандықтарын тікелей қорғауына нақты мүмкіндік береді. Мұндай қадам құқықтық мемлекеттің басты белгісі болып саналатын сот төрелігінің тәуелсіздігін нығайтуға ықпал етеді. Сонымен қатар, құжатта жергілікті өзін-өзі басқару жүйесін дамыту, мәслихаттардың өкілеттіктерін кеңейту, өңірлердің дербестігін арттыру мәселелері де қамтылған. Бұл аймақтардың әлеуметтік-экономикалық дамуына жаңа серпін беріп, халықтың жергілікті деңгейде шешім қабылдау үдерістеріне белсенді қатысуына жол ашады.
Партия үшін әлеуметтік әділеттілік мәселесі әрдайым басты орында. Осы тұрғыда жаңа Конституция жобасында мемлекеттің әлеуметтік жауапкершілігін күшейтуге, ұлттық байлықтың халық игілігіне қызмет етуіне бағытталған нормалардың көрініс табуы – маңызды әрі құптарлық қадам. Бұл қоғамдағы тұрақтылықты сақтауға және азаматтардың мемлекетке деген сенімін арттыруға негіз болады.
Конституциялық реформа – бір сәттік өзгеріс емес, бұл ұзақ мерзімді, кезең-кезеңімен жүзеге асатын тарихи үдеріс. Оның табысты болуы саяси партиялардың, мемлекеттік органдардың және әрбір азаматтың белсенділігі мен жауапкершілігіне тікелей байланысты. Осы орайда партия ұйымдары жаңа Конституция жобасының мәні мен маңызын халыққа кеңінен түсіндіруді, қоғамдық пікір қалыптастыруды өздерінің басты міндеттерінің бірі деп санайды.
Қазақстанның жаңа Конституциясының жобасы – елдің құқықтық, саяси және әлеуметтік дамуына бағытталған стратегиялық маңызы бар құжат. Халықтың ұсынысы мен пікірі ескеріліп әзірленген бұл жоба алдағы уақытта еліміздің бірлігі мен тұрақтылығын нығайтып, болашақ ұрпақтың игілігіне қызмет етеді деп сенеміз.
Бағдат РАХИМОВ
«AMANAT» партиясы Еңбекшіқазақ аудандық филиалының төрағасы



