«Үш күндігін ойлаған әйел ақылды, үш жылдығын ойлаған еркек көреген, үш ғасырын ойлаған көсем кемеңгер» дейді дана халқымыз. Көзін көкжиекке қадаған, даңқы шартарапқа тараған, елінің қабағына қараған, ұлт тағдырын өз тағдырына балаған Елбасы тағы бір жылдың жоспарын жүйелеп берді. Жауапты да сауапты Жолдауды жүзеге асыру мақсатында жер-жерлерде жұмыс басталып та кетті. Атты да болдыртпай, арбаны да аман сақтап қалудың жолдары қарастырылуда. Себебі, міндет ауыр, жол шалғай. Осы мақсатта 15 қаңтарда Алматы облысының әкімі Амандық Баталов Жолдауды орындау жөніндегі жоспарларымен бөлісті. Видео-конференцияға әр аудан толық көз тікті. Аудан әкімдігінің мәжіліс залындағы келелі жиынға аудан әкімі Бинәлі Ысқақ, аудандық мәслихат хатшысы Бекет Ахметов, әкім орынбасарлары, аудандық, облыстық мәслихат депутаттары, бөлім, мекеме басшылары, округ әкімдері, үкіметтік емес ұйым өкілдері қатысты.
Иә, дәуірлер бойы тәуелсіздікке талпынған, ұлт болуға ұмтылған, азаттыққа алқынған, жауына қылыш сермеген, досын жолда қалдырып көрмеген, малын жанына, жанын арына құрбан еткен қабырғалы халық шаңырақ көтерді. Еңсесін тіктеді. Аз ғана уақытта тамырымыз болмысымызбен үнсіз үйлесіп, табиғат тылсымымен үндесті. Дархан көңіліміз, көлдей пейіліміз, қысқа қайырсақ, шығыстың реңі, батыстың сілемі, бәр-бәрі – ұлт болып ұйысқан қазақтың тілегі. Енді міне, Бауыржан Момышұлының: «Екі сырттан қанға батып таласса, қарақұсқа жем болады» ескертпесін есте ұстап, Асан қайғының «Арғымаққа міндім деп, артқы топтан адаспа» дейтін өсиетін қасиеттей сезініп, алға жылжуды тапсырды Елбасы дәстүрлі Жолдауында. Шоқанның «Халық кемеліне келіп өркендеуі үшін ең алдымен азаттық пен білім керек» дегенін тағы да бас-ты ұстаным етті. Сөйтіп, 10 бағыт бойынша нақты тапсырмасын берді Көшбасшымыз. Жолдаудың әр жолында жүгенсіздікке жол берілмейтіндігі, кесіп айтылды, түбірімен шешіп айтылды.
«Төртінші өнеркәсіптік революция жағдайындағы дамудың жаңа мүмкіндіктері» деп айдар таққан Жолдауды түсіндіріп, нақты міндеттемелер жүктеген облыс әкімі Амандық Баталовтың сөзінен кейін бірқатар азаматтар үн қосты. Кейіннен аудан басшысы Бинәлі Ысқақ іргелі өңіріміздің он бағыт бойынша атқаратын жұмыстары хақында мінберден сөз алды.
– Баршаңызға мәлім, Елбасы Нұр-сұлтан Әбішұлы Назарбаев 2018 жылдың 10 қаңтарында – егемен еліміздің тұрақты дамуын қамтитын, мемлекетіміздің барлық саласына серпін беретін, халқымыздың игілігін көздейтін – «Төртінші өнеркәсіптік революция жағдайындағы дамудың жаңа мүмкіндіктері» – атты халқына Жолдауын жариялады.
Төртінші өнеркәсіптік революция бүгін адам өмірінің әр тармағына цифрлық технологияларды енгізуді міндеттеп отыр. Бұл – заман талабы. Он бағытты талдасақ, бірінші – инновацияларды енгізуді күн тәртібіне қойып отыр Елбасы. Бұл мәселе бойынша біз бес жыл алды жұмыс істей бастадық. Осыдан бес жыл бұрын «Адал» агроөнеркәсіп кешені 2,5 млрд теңгеге заманауи құрылғыларды әкелді. Нәтижесінде, ауылшаруашылық өнімдерін өңдеуден республикадағы кәсіпорындар ішінен үздік үштікке кіріп отыр. Заманауи озық технологияларды енгізу нәтижесінде 2011 жылы 17 млрд теңгенің өнімін өндірсек, 2017 жылды 35 млрд теңгемен аяқтап отырмыз. Сонымен қатар жемістерді сақтайтын қоймаларымыздың өзі заманауи үлгіде. Тіпті, уақыты жеткен өнімдердің өзін далаға тастамай, қайта өңдейтін арнайы құралдарды да сапалы игеруде. Әрине, бұл біздің бірінші баспалдағымыз. Енді осы Жолдау тағы да үлкен жетістіктерге жол ашпақ.
Екінші – «Ресурстық әлеуетті одан әрі дамыту». Бұл бағытта ауданымыздың табиғи басымдықтарын оңтайлы пайдалануымыз керек. «Бұл тұста, заман талабына сай өзгерістер ағынымен біз де – «Жасыл» технологияларға инвестиция салу үшін бизнесті ынталандырып, 2030 жылға қарай Қазақстандағы баламалы энергия үлесін 30 процентке жеткізуіміз қажет» деп астын сызып атады Президент. Ал бүгінде бізде 7 жел электр стансасы тестік режимде жұмыс істеп тұр. Есіктің жоғарғы жағында төртінші су электр стансасының құрылысы аяқталуға жақын. Түргендегі су электр стансасы іске қосылды. Биылдан бастап Шелек өзенінің бойында қуаттылығы 100 мегаватт болатын 4 су электр стансасының құрылысы басталады. Қуаттылығы 200 мегаватт беретін күн электр стансасының құрылғылары да қойылады осы көктемде. Бұл дегеніміз екі-үш жылда ауданда 300-500 мегаватқа дейін электр энергиясы өндіріледі деген сөз. Ауданымыз бүгінде бар болғаны 25 мегаватт қолданады. Демек, болашақта осы бағыт бойынша да үздіктер қатарынан көрінеміз.
Үшінші – «Ақылды технологиялар» – агроөнеркәсіп кешенін қарқынды дамыту мүмкіндігі. Иә, өндірісті ғылыммен ұштастыруда үздіксіз еңбектеніп келеміз. 2011 жылы 38 млрд теңгенің ауылшаруашылық өнімін өндірген болатынбыз. Жылды 87 млрд теңгемен тәмамдадық. Бұған жақын келетін республикада аудан жоқ. Бұл жоғарыда атаған ғылым мен жаңа технологиялардың жетістігі.
Интенсивті технологиямен суарылатын алмабақ көлемі 900 гектардан асты. Ендігі мақсат – голландық технологиялармен өнім өндіретін жылыжайлар салу. Сондай-ақ, оңтүстік Кореяның ең соңғы ғылыми жетістігі саналған технологияларды жылыжайларымызға енгізу. Бұл үшін ауданды газдандыру маңызды еді. Ол да жүзеге асты. Сондықтан «Ақылды технологияларды» үздіксіз енгізуге енді кедергі жоқ.
Төртінші – көлік-логистика инфрақұ-рылымының тиімділігін арттыру. Бұл бағытта жұмыстар биыл да қарқынды жүргізілетін болады. «Есік-Әймен-Қыр-балтабай», Аваттан Космосқа дейінгі, Түрген-Қаракемер-Бәдібек биге дейінгі және одан әрі Казаткомға баратын жолдарды ретке келтіруіміз керек. Сол сияқты Таусүгірден Құлжа күре жолына дейінгі үлкен жолдарды жөндеуіміз қажет.
Бесінші – құрылысқа және коммунал-дық секторға заманауи технологиялар-ды енгізу. Ашығын айту керек, құрылыс-тарды жоспарлаған кезде бірқатар кемшіліктер жіберіліп жатыр. Сондықтан құрылыс бөлімі, архитектура бөлімі бұл бағыттарда үздіксіз ізденісте болуы керек. Мысалы, сау адамды ауру қылатын Қазақстандағы, Ташкенсаздағы, Азатта-ғы амбулаторияларға көңілім толмайды. Екі қабатты ғимараттың онда керегі қанша? Мәселен, Таусүгірдегі амбулатория қандай тамаша салынды. Бір қабатты ғимаратқа бәрі сыйып тұр. Емделушілерге де ыңғайлы жағдай жасалған. Ендігі кезекте жауапты бөлім басшыларына жоба әзірлегенде өте мұқият болуды тапсырамын. Орталықтандырылған ауыз сумен қамтамасыз етуде 88 пайызға жетіп отырмыз. Бұл жұмыстарды да жүйелі жоспарға сәйкес жүргізе беретін боламыз. Себебі, Жолдауда орталықтандырылған ауыз сумен қамтамасыз етуге республикада 100 млрд теңге қарастырылып отыр деп ашық айтты Елбасы.
Алтыншы – қаржы секторын «қайта жаңғырту».
Қарапайым азаматтардың мүддесін ескеру арқылы, қаржы секторының жүйесін қайта қарау, несиелендіруді кеңейту және қор нарықтарын дамытуды қамтамасыз етуді талап етеді.
Жетінші – адами капитал – жаңғыру негізі. Бұл негізгі бағыт.Ең алдымен, білім берудің – жаңа сапасын қалыптас-тыру. IT-білімді, гуманитарлық және математикалық бағыттағы кадр дайын-дығына баса назар аудару керек.
Жаңа бағдарламалар, оқулықтар, стандарттар және кадрлардан құрылған – білім жүйесінің жаңа мазмұның енгізу міндеті белгіленді.
Осы тұста, білім беру мекемелерінің арасындағы бәсекелестікті арттырып, жеке капиталды тарту үшін қала мектептерінде жан басына қатысты қаржыландыру енгізу.
Үш тілді оқуға кезең-кезеңмен көшу арқылы болашақта толық қамтылуын ұйымдастырып, жаһандық әлемде өмір сүріп, жұмыс істеуі үшін қажетті деңгейде үш тілді меңгерген жастарды тәрбиелеу.
Заманына қарай жас буынды тәр-биелеу мақсатында 90 жылдық тарихы бар Қазақ ұлттық педагогикалық университетімен екіжақты келісімге келіп отырмыз. Ауданымыздағы 86 мектеп заманауи білімнің тәжірибе алаңына айналатын болады.
Ауданымызда 6-7 колледж жұмыс істеп жатыр. Оның ішінде 60 жылдық тарихы бар Есік гуманитарлық-экономи-калық колледжінен басқасы заман талабына сай дәріс беріп отыр деп айта алмаймын. 2,5 млрд теңгеге салынған Қаракемер кәсіптік колледжі шаштаразшы, болмаса аспазшы дайындап жатыр ма? Біз оны сол үшін салдық па? Бізде қазір жел, су, күн электр стансалары салынып жатыр, газ келді. Жақын жылдары осы бағытты білетін мыңдаған маманға тәуелді боп қаламыз. Неге осы бастан қолжетімді мамандарды даярламасқа?
Шелек өңірінен 237 гектар, Ақшиден 100 гектар жерге «Нұрлы жер» бағдарламасы аясында инфрақұрылым жүргізуге қаржы сұрап отырмыз. Себебі, аудан бойынша 17 мың адам жер алуға кезекте тұр. Мұның бәрі де адами капиталдың сапасын арттыруға өзіндік ықпалын тигізеді.
Сегізінші – тиімді мемлекеттік басқару.
Мемлекеттік әкімшілендіру кезін-де кәсіпкерлер мен тұрғындардың шығындарын қысқартуға байланыс-ты жұмыстар жалғасын табады. Бұл тұста, бизнесті реттеуге бағытталған заң қабылданып, бизнесті көлеңкеден шығарып, оны қолдауға бағытталған жүйелі шаралардың жаңа пакеті дайындалады.
«Бір терезе» қағидаты бойынша бизнеске мемлекеттік қолдау көрсету үдерістерін цифрландыру енгізіледі.
Мемлекеттік органдардың ақпарат-тық жүйелерінің интеграциясы үшін «бір өтініш» қағидаты бойынша жекелеген мемлекеттік қызмет көрсетуден кешенді қызмет көрсетуге көшу процесін және нақты уақыт және жедел жауап беру режімінде азаматтардың ескертпелері мен ұсыныстарын есепке алу үшін заманауи цифрлық технологияларды қолдану жүйесіне өту жұмысы ұйымдастырылады.
Бұл өз кезегінде, тұтынушыға бағдар принципіне негізделіп, мемлекеттік қызмет ұйымдарындағы қажетті мекемелердің бірігіп, факторлық – балдық шкала бойынша мемлекеттік қызметшілердің бағаланып, тиісті жалақасын алуға мүмкіндік береді.
Өздеріңіз білетіндей, 2018 жылдың 1 қаңтарынан бастап 2 мыңнан астам адам тұратын аудандық маңызы бар қалалар, ауылдар мен ауылдық округтерде ал, 2020 жылдан бастап барлық елді мекендерде күшіне енетін, жергілікті өзін-өзі басқарудың дербес бюджеті мен коммуналдық меншігін енгізу заңы негізінде, Сіздер бүгін, 4 деңгейдегі бюджетте жұмыстарыңызды бастап кеттіңіздер.
Осы нормалардың өзгеруі - салықтық және салықтан тыс басқа да түсімдердің 7 түрін, сондай-ақ шығындардың 19 бағытын ауыл бюджетіне беруді көздейді.
Сонымен қатар, жергілікті маңызы бар мәселелерді шешу үшін халықты тартуға мүмкіндік береді.
Тоғызыншы – жемқорлықпен күрес және заңның үстемдігі.
Жемқорлықтың алдын алу бағытында да цифрландыру жүйесі енгізіледі – яғни мемлекеттік органдардағы процестерді, соның ішінде олардың халықпен және бизнеспен қарым-қатынасына электрондық бақылау орнатылады.
Атап айтқанда, азаматтар өз өтініштерінің қалай қарастырылып жатқанын көріп, дер кезінде сапалы жауап ала алады.
Біз жеке меншікті қорғауға, құқық үстемдігіне және баршаның заң алдында теңдігін қамтамасыз етуге бағытталған реформалар жүргізудеміз. Бұл жұмысты жалғастыру керек.
Қоғамдық тәртіпті сақтау және қауіпсіздікті қамтамасыз ету саласында көшелерде және адам көп жиналатын қоғамдық орындарда бейнебақылау жүргізетін, азаматтарды анықтайтын және жол қозғалысын қадағалайтын интеллектуалды жүйелер енгізілетін болады.
Оныншы – «Ақылды қалалар» «ақылды ұлт» үшін.
Бұл бағыт бойынша Астана, Алматы я болмаса, Талдықорған ғана дамысын деген сөз емес бұл. Қалаға бергісіз елді-мекендеріміз қаншама. Бәрі де өз ретімен дамуға бет алатын болады.
Дегенмен, 2018 жыл – елордамыз Астананың 20 жылдығын атап өтетін мерейтойлы жыл. Еуразияның ортасында қалыптасқан бұл қаламыз – баршамыздың ортақ мақтанышымыз.
Астана қаласының тәжірибесі негі-зінде заманауи технологияларды қолдана отырып, жылдам өсіп келе жатқан мегаполистің проблемаларын тиімді шешуге ұмтылуымыз қажет. Бұл тұста, «Смарт Сити» тұжырымдамасы мен қалаға қоныс аударатын адамдардың құзыреттерін дамыту негізінде қалалық ортаны басқаруды кешенді түрде енгізу қажет.
Себебі, кез келген адам, өз-өзіне жұмыс істейтін, тұруға қолайлы қалаға бет алады. Осы ретте біз, Қазақстан қалалары арасында озық практиканы таратуды және тәжірибе алмасу ісін бастау керек.
«Ақылды қалалар» өңірлік дамудың жоспары – инновацияны тарату, тұр-ғындардың тұрмыс сапасын арттыру арқылы еліміздің қалаларын күн-күнге дамитын локомотивтерге айналдырады.
«Төртінші өнеркәсіптік революция жағдайындағы дамудың жаңа мүмкіндіктерінде» аталған 10 бағыт – әр саланы қамтыған, дамыған елдердің қатарына қосылатын жаңа бағыттарды ұсынды. «Еңбегіне қарай – өнбегі» дейді халық даналығы Елбасының жаһандық даму жолына бет түзеген тәуелсіз еліміздің қуатты да, шуақты ұлысқа айналуы мақсатындағы, ел игілігі жолындағы міндеттерді бірге жүзеге асырайық, – деп қорытты ойын.
Үндеуге үн қосамын деп шыққан «Адал» компаниясының ауылшаруашы-лығы директоры Медетхан Игіліков агросектордың адымы туралы айтты: – Елбасымыз былтырғы жылғы Жолдауында «Аграрлық сектор экономиканың жаңа драйверіне айналуы керек» деген болатын. Енді міне, бір жыл жылжып өткенде әлемдік экономикаға орасан ықпал еткен құлдыраудан еліміз еркін тыныстап шығып, дамудың сара жолына түсті. Бұл тапсырма үдесінен шығудың кепілі – ең бірінші жылт еткен әлемдегі инновациялық технологияларды енгізу, ғалымдармен қоян-қолтық еңбек ету, технологиялық процестерді компьютерлік жүйе арқылы басқару, сандық экономикаға жол ашу. Осы мақсатта ауданымыздағы ерекше серпінмен дамып келе жатқан «Адал» агроөнеркәсіп кешені өндірісті бүгінгі кезеңдегі жаңғырту мен жаһанданудағы бәсекелестікке қабілетті ету мақса-тында 2,5 млрд теңгеге жуық инвес-тиция салып, мегаферма құрылысын евростандартқа сай пайдалануға берді. Сүт зауытын ең озық үлгідегі қондырғылармен жарақтандырды, содан өнім сапасы артып, шетелдерге сүт өнімдерін экспорттауға әлеуетіміз жетті.
Еңбек процесін автоматтандыру арқасында ауыл шаруашылығында бар болғаны 165 адам жұмыс істеп, 2017 жылы нарықтық бағамен 2 млрд теңгенің өнімін өндірдік. Бір кездері бұл бағытта 700 адам еңбек еткен.
Бүгінгі жеткен жетістік ертеңге кепілдік емес. «Адал» агроөнеркәсіп кешені де Елбасымыздың Жолдауын қызу қолдайды,аудан, облыс көлемінде ауыл-шаруашылық құрылымдарына, өзінің озық тәжірибесін бөлісуге әзір және базалық негізінде ауылшаруашылығы кооператив-терін құрып, өңір шаруашылығын алға сүйреудің үздік үлгісін көрсетуге дайын екенін жеткіземін, – деді.
Кезекті мінберге көтерілген А.Мәлкеев атындағы қазақ-түрік лицей-интернаты директорының орынбасары Амирхан Саулембеков «Цифрлы Қазақстан» бағдарламасының білім ошағы аумағында қай деңгейде атқарылып жатқанын атап берді.
– «Цифрлы Қазақстан» бағдарлама-сының 4 негізгі бағыттары ауыл-аймақтарды кең жолақты интернетпен қамтамасыз етіп, еліміздің транзиттік мүмкіндіктерін арттыру, экономиканың салаларына цифрлы технологияларды енгізу, мемлекеттік органдар жұмы-сының сапасын арттыру, ІТ мамандарды даярлау секілді міндеттер бойынша интернатта бірқатар ауыз толтырып айтарлық жұмыстар атқарылды. Лицей кең жолақты оптикалық 20Мб/с жылдамдықтағы интернет желісіне қосылды. Локальды сеть құрылды, лицейімізде барлық кабинеттер заманауи интерактивті тақтамен және физика кабинеті интерактивті қабырғамен жұмыс жүргізеді. «КҮНДЕЛІК.КZ» электронды журналын пайдаланудамыз, – дей келе ІТ саласы бойынша оқушыларға білім беру де оң жолға қойылғандығы турасында ойын жеткізді.
Бәрін айт та, бірін айт. Шын мәнінде табиғаттың төрт мезгілін түгелдей нәсіп еткен тағдырымызға сансыз шүкіршілік етіп, жатқа алақан жаймайтындай, кісіден сауын саумайтындай, барымызды бағалап, дарындарды даралап, асылды саралап, дарияда балықтай жүзіп, сайын далада тұлпардай жүйткіп, алысты жақын, жатты туыс ететін қазақы болмысымызбен-ақ айдай әлемді тамсандырайық. Сең бұзатын сенімге сүйенген, шыңға шығатын тәуекелден туған Ұлы бастама ұлы жолдың басы болсын!
Қайнар ЖҰМАҒОЖА,
аудандық мәслихат депутаты.