Ұлттың ұлттық болмысын айшықтап, халықтың сана-сезімін, таным-түсінігін паш ететін, мемлекеттің әлем алдындағы мәртебесін асыратын бірден-бір құбылыс – елдің мәдениеті. Ақпараттар тасқынының қаттылығынан мәдениеттер тоғысып, салт-сана мен болмыс-бітім біте қайнасып кеткен бүгінгі заманда барлық ұлттың өз ұлттық мәдени мұраларын, рухани құндылықтарын сақтап қалуға, оны жаңғыртып, барынша жарқыратып, әлемге паш етуге деген зор ұмтылысы байқалады.
Егемендік алғаннан кейін «алдымен – экономика, содан соң – саясат» деп ұрандатқан еліміз, енді міне, араға ширек ғасыр салып, жаңғырудың үшінші кезеңі – рухани жаңғыру жылдарына да жетті. Саяси-экономикалық реформалардың рухани жаңғырусыз толыққанды болмайтынын айтқан Елбасымыз бұл тарихи кезеңнің бүгін ғана басталып отырмағанын тілге тиек еткен еді. Расында, елдің тарихи-мәдени мұрасын зерттеу, қалпына келтіру және сақтау, тарихи-мәдени дәстүрлерді қайтару, шет елдерде Қазақстанның мәдени мұрасын насихаттау мақсатында басталып, кейіннен бүтін бір елдің стратегиялық ұлттық жобасына айналып кеткен «Мәдени мұра» бағдарламасы – еліміздің мәдениет саласына әу бастан-ақ ерекше назар қойғанының бір дәлелі. «Мәдени мұра» бағдарламасы қабылданған 2004 жылдан бері қыруар жұмыстар атқарылды. Бұдан бөлек, 2014 жылы мәдениетті дамытуға жаңаша серпін беру мақсатында Елбасымыздың тапсырмасымен ҚР Мәдени саясатының тұжырымдамасы әзірленді. Саланың даму бағытын айқындауда темірқазық іспетті болған тұжырымдама қабылданғалы да біршама оң өзгерістер болды. Екі кезеңге бөліп жүзеге асыру көзделген тұжырымдаманың 2015-2019 жылдарға арналған бірінші кезеңінде тұжырымдаманы толық жүзеге асырудың алғышарттары жасала бастады. ҚР Мәдениет және спорт министрі А.Мұхамедиұлы халық алдында берген есебінде соңғы екі жылда 160 құқықтық-нормативтік акті дайындалып, «Мәдениет туралы», «Дене шынықтыру және спорт туралы», «Лотореялар және лоторея қызметі туралы», «Ұлттық мұрағат қоры және мұрағаттар туралы» заңдарына өзгерістер енгізілгенін айтты. «Осы өзгерістердің арқасында салада қордаланған көптеген мәселелер шешімін табуда», – деді министр.
Әрине, бір ғана министр есебі бүтін бір саланың бет-бейнесіне анықтауыш бола алмас. Десе де, соңғы жылдары мәдени саланың едәуір алға жылжып, ел өмірінде елеулі орынға ие бола бастағаны шындық. Халық болып күтіп, тілеуін тілеген «Қазақ Елі», «Алмас қылыш» фильмдері соңында көрермен қауымнан оң баға алды. «Анаға апарар жол», «28 Панфиловшылар» тәрізді патриотизм мен жоғары адами құндылықтарды дәріптейтін салмақты фильмдер отандық кинематографияның жаңа бір сатыға көтерілгенін айғақтайтындай. Ұлттық әдебиетті дамытудағы маңызды қадамдардың бірі – алғаш рет елімізде көркем шығарма авторларына қаламақы төлеу мәселесі заң жүзінде реттелді. Әдебиеттің әлеуметтік маңызы бар түрлерін басып шығару ісінде министрліктен арнайы комиссия құрылып, шығармаларды іріктейтін болады. Бұл да Тәуелсіздік алғаннан бері қалам ұстаған қауымды толғандырған, түйіні шешілмей келе жатқан мәселе болатын. Елдің мәдени өмірінде елең еткізер тағы бір жаңалық мәдени-туристік кластерлерді дамыту бағытында болып отыр. Тұжырымдамада бұл туралы нақты міндеттер көрсетілген. Сакральді туризмді дамыту мақсатында Ұлттық музейдің жанынан Қазақстанның тұтас аумағындағы ескерткіш орындардың бірыңғай желісін зерттеу және қалыптастыру, Сакральдық объектілердің картасын әзірлеу бойынша «Киелі Қазақстан» ғылыми-зерттеу орталығы құрылды.
Мәдени саладағы осы тәріздес басты жаңалықтардан бөлек, театр, мұражай, кітапхана ісі, ұлттық музыка, сурет, бейнелеу өнері тәрізді салаларда да қызу жұмыс, қайнаған тіршілік. Мұражайларды барынша ұлттық мәдени мұралармен толықтырып, заманға сай жабдықтап, үлкен ағарту орындарына айналдыру ісі, кітапхана қорын молайтып, электронды форматқа түгелдей көшіру жұмыстары жүріп жатыр. Елбасымыз Н.Назарбаев «Болашаққа бағдар: Рухани жаңғыру» атты мақаласында көптеген жәйттердің басын ашып көрсетті. «Ұлттық салт-дәстүрлеріміз, тіліміз бен музыкамыз, әдебиетіміз, жоралғыларымыз, бір сөзбен айтқанда ұлттық рухымыз бойымызда мәңгі қалуға тиіс», – деді Елбасымыз. Өркениет көшінен қалмайын, заманымнан ұтылмайын деген саналы қазақтың алдында жаңа заманға сай бәсекеге қабілетті маман болумен бірге, түптамырға оралып, өз рухани әлемін ұлттық құндылықтарымен толтыру қажеттілігі тұр. Дәстүрлі музыканы қолдаудағы айтулы істердің бірі – Алматыда «Алатау» дәстүрлі өнер театрының ашылуы болды. Қала әкімі Бауыржан Байбектің бастамасымен ашылған театр дәстүрлі өнер өкілдерінің қарашаңырағына айналып, халыққа дәстүрлі ән, жыр-терме мен күй, айтыс өнері тәрізді сап өнерден рухани сусындауға жағдай жасалды.
Ал ауданымызға келсек, былтырғы жылы аудандық мәдениет үйінің айналасы абаттандырылып, мәдениет ордасына ақын Тұманбай Молдағалиевтің есімі берілді. Есік қаласындағы жастар саябағына Жамбыл Жабаевтың есімі беріліп, ескерткіші бой көтерді. Нұра ауылында қоғам қайраткері Сағыныш Есбергеновтың ескерткіші ашылды. Ономастика саласында да айтарлықтай оң өзгерістер жүзеге асырылуда. Биыл бірінші тоқсанның аяғына дейін кеңестік идеологияны насихаттайтын және ескірген 350 көшенің, Май, Лавар, Космос, Казатком ауылдарының атауын тарихи-жер су атауларына ауыстыру міндеті қойылыпты. Қазіргі уақытта облыстық ономастикалық комиссиясына – төрт, аудан әкіміне – сегіз ұсыныс жолданған. Аудандық кітапхана мен 15 ауылдық кітапхана оқырмандардың сұранасына сай қызмет көрсетуде. Осы орайда бір айта кетерлігі, ауданымызда, Есік қаласында заман талабына лайықты кітап дүкенінің жоқтығы. Қазіргі уақытта сәнге айналған, еліміз және әлем бойынша сатылымда алдыңғы қатарда тұрған түрлі мотивациялық, бизнес-психологиялық кітаптардың аудан тұрғындарын да қызықтыратыны сөзсіз. Ауданда кем дегенде бір кітап дүкені болып, онда ұлттық тәрбие мен салт-дәстүрлерді насихаттайтын кітаптар сатылғанда тұрғындарымыздың рухани азық алуына тағы бір қолайлы мүмкіндік болар еді.
Жоғарыда аталған жақсы істердің бәрі, әрине, еліміздің мәдени өмірінде болып жатқан тың серпілістің бір парасы ғана. Соңғы жылдары мемлекетіміз тарапынан мәдениет саласына жасалып жатқан қамқорлық пен қолдау осындай мысалдардан айқын көрінеді. Бұл серпіліс ұзағынан болып, тұжырымдамада көрсетілген міндеттер жүйелі түрде жүзеге асырылған сайын, ұлттық мұра жауһарларының төрткүл дүниені тамсандырып, әлемдік мұралардың қатарынан орын алуына мүмкіндіктер ашыла бермек.
Нұрбану КАМАЛ.