Бүгінгі бала – ертең еліміздің тұтқасын ұстар азамат, мемлекеттің болашағы. Сондықтан болашақ иелерінің жаны мен дені сау болып өсуі аса маңызды.
Бұл сұхбатымыздың арқауы зейнетке шыққанына қарамастан, қазіргі кезде ауданымыз бойынша балалар денсаулығының сақшысы болып, педиатр әрі
балалар неврологі ретінде қызметін жалғастырып, кейінгі буын – жас мамандарға осы сала бойынша жинақталған тәжірибесін үйретіп жүрген, халық құрметіне бөленген Гүлжан Умекова туралы болмақ.
– Гүжан Рыскелдіқызы, алдымен өзіңіз жайлы айтып берсеңіз.
– Мен Кеген ауданы, Ұзынбұлақ ауылында дүниеге келдім. 1974 жылы орта мектепті алтын медальмен тәмамдап, Алматы мемлекеттік медицина институтына педиатрия мамандығы бойынша оқуға түстім. Қолыма диплом алған соң, Шелек аудандық орталық ауруханасының балалар бөлімшесінде еңбек жолымды бастадым. Кейін ауданның педиатрия жөніндегі бас маманы, осы аурухананың балалар бөлімшесінің меңгерушісі болып тағайындалып, 2018 жылға дейін абыроймен қызмет атқарып келдім. Сонымен қатар, аудан деңгейіндегі педиатрия бойынша бас маман қызметін қатар алып жүрдім.
– Сізді өте еңбекқор, ұйымдас-тыру қабілеті жоғары, жаңашылдық-ты жаны сүйетін, жылы жүректі, мейірбан, өз ісіне адал балалар дәрі-гері ретінде көпшіліктің құрметіне бөленгеніңізді, тіпті «бала біткен-нің анасы» деп атап кеткенін де білеміз.
– Бар еңбегім балалар денсаулығына арналған соң, балалар ауруларының алдын алу, профилактикалық шаралар жүргізудің, балалар өлімін азайтудың тиімді жолдарын іздестіруге, емдеу шараларының жаңа тәсілдерін қолдану-ға қолдан келгенімді аянған жоқпын. Халық құрметіне бөлендім. Соның арқасы шығар, еңбегім еленіп, облыс деңгейінде көптеген алғыс хаттармен, құрмет грамоталарымен марапатталдым. «Қазақстан Республикасының Денсаулық сақтау саласының үздігі», «Еңбекшіқазақ ауданының құрметті азаматы» атағын алдым. Сондай-ақ, «Мәслихат депутаттарына – 20 жыл», «Қазақстан Республикасы Конституциясына – 20 жыл» мерекелік медальдары-мен, мемлекеттік емес конкурсқа қаты-сып, «Қазақстан Құрметті азаматы» атағын жеңіп алдым. Аудандық мәсли-хаттың V шақырылымының депутаты болдым.
– Қазіргі кезде сіз қолға алып, айналысып жүрген патронаждық қызметтің мақсаты мен міндеті қандай? Соны түсіндіріп кетсеңіз.
– Қазақстан Республикасы Денсау-лық сақтау министрлігінің 2022 жылғы 15- наурыздағы №25 бұйрығына сәйкес, елімізде педиатрия саласындағы қызмет көрсетудің стандарты нақты және анық көрсетілген. Қазіргі кезде медицина саласының амбулаториялық-поликлиника саласы отбасы дәрігерлік жүйемен халыққа қызмет көрсетеді. Бұрынғы жүйедегідей педиатр және терапевт болып бөлінбейді. Әрине, отбасы дәрігері бұйрықта көрсетілгендей балаларға сапалы қызмет көрсете алмайды. Сондықтан да, осы бұйрық аясында 2015 жылдан бастап Қазақстан территориясында Дүниежүзілік денсаулық сақтау ұйымы жанындағы ЮНИСЕФ балалар қоры ұсынған, елімізге бейімделген патронаждық медбикенің жаңа әмбебап-прогрессивті моделі енгізілуде. Бұл бағдарламаның маңызы өте зор. Жүкті әйелдер мен 5 жасқа дейінгі балаларды сапалы қарау үшін арнайы патронаждық қызметкер бөлінеді. Бала анасының жатырына біткен уақыттан бастап 5 жасқа дейін осы арнайы бөлінген патронаждық медбикенің қарауында болады.
Жүкті әйелдің көңіл-күйі, дұрыс тамақтануы, денсаулығы, оның әлеуметтік жағдайы, босанғаннан кейінгі жағдайы, баласының даму кезеңдері жасына сай ма, баланың дұрыс, толыққанды дамуына қандай жағдайлар жасалуы керек, қоршаған ортаның балаға қаншалықты әсері бар – осындай мәселелердің бәрін мұқият бақылап, дер кезінде сауатты кеңестер беріп, ата-анамен сенімді қарым-қатынас орнатып, дұрыс жұмыс жасайтын осы патронаждық қызметкер. Күрделі жағдайлар кездескенде отбасы дәрігерімен, әлеуметтік қызметкермен және де тағы басқа профильдік мамандармен командалық топ құрып, бірлесіп шешуге атсалысады.
– Қазір бұл патронаждық қыз-меттің қолданыс аясы қалай?
– Қазіргі жағдайда бұл қызмет өз деңгейінде халыққа қызмет көрсете алмай келеді. Мысалға, Шелек ауруханасын алайық. Мүмкін патронаждық қызметкерлер бөлінген шығар, оқытылған шығар, дегенмен де бір учаскіде тұрақты қызметкерлер жоқ. Дәрігері де, медбикесі де жиі ауысып кетеді. Баланың дамуы және қандай да бір проблемасы болса, онымен уақтылы жұмыс жасап, реттейтін тұрақты адамдар жоқ деп нақты айта аламын. Өйткені, мен күнделікті неше түрлі проблемалармен балаларды қабылдаймын. Жүкті әйелдерге ақыл-кеңес толыққанды берілмегендіктен туу процесі кезінде босанатын әйелдер нәрестелерін наталды травмалармен туу жиі орын алып барады. Сондай-ақ, балаларды алты айға дейін тек ана сүтімен, ары қарай жасына сай сапалы қосымша тамақпен бірге ана сүтімен тамақтандыруды екі жасқа дейін созу қағидасы сақтала бермейді. Сауатты кеңес берілмегендіктен ата-ана өздігімен тамақтандыра бастайды. Бұл баланың дамуына теріс әсерін тигізеді. Алты айдан бастап балаларға дұрыс қосымша тамақ ережесін анасы да, әкесіде білмейтін жағдайлар кездеседі.
– Кейінгі кезде балалардың тілі кеш шығуы жиі кездесуде. Бұның салдары неден?
– Оныңыз рас. Бұл – қатты алаңда-татын мәселе. Қазіргі кезде уақтылы тілі шықпай, сөйлеуі тежелген балалардың саны артуда. Бұл да осы жаңа бағдарлама аясында тұрақты, сауатты түрде жүргізілетін жұмыс. Ерте жастағы балалардың даму мониторингісінің 10 қадамын бақылау – отбасы дәрігері мен патронаждық қызметкердің міндеті. Бұл жұмыс та ақсап жатыр.
Отбасы әлеуметтік жағдайына байланысты кейбір ата-аналар балаларын балабақшаға ерте береді. Балабақшаға бала тек 2,5-3 жасынан бастап қабылдануы тиіс. Және баланың дамуы жасына сай болса ғана. Ескі көзқарас – «балабақшаға барса сөйлеп кетеді, дамып кетеді» деген өте теріс пікір. Баланың үйретушісі де, оқытушысы да, тәрбиешісі де – ата-ана. Ал, ата-анаға дұрыс ақыл-кеңес беретін де, оларды үйрететін де – патронаждық қызмет.
Ауырған балаларға қызмет көрсету жағы да ойландыратын жағдай. Жас дәрігерлерге де ақыл айтып, практикалық кеңес беретін, тәлімгер болатын тәжірибиелі дәрігерлер жағын да ойластыру керек. Ауруы асқынып, ауыр жағдайдағы баласын амалдың жоқтығынан ата-анасы тәжірбиелі дәрігерлерге жүгінуге мәжбүр болады. Ондай жағдайда талай баланы қарауға тура келді.
– Туа біткеннен денсаулығының кінәраты бар балалар да көбеюде.
– Сөзіңіздің жаны бар. Медицина саласынан басқа мүмкіндігі шектеулі балаларды емдеп, бейімду мекемелері де жұмыс істейді. Мысалы, Шелекте коррекциялық педагогикалық-психологиялық кабинет бар. Мұнда мүмкіндігі шектеулі, сөйлеуі, психикалық дамуы тежелген балалардың саны 200-ден асады. Олардың саны уақыт өткен сайын артып келеді. Қазір бұл кабинет политехникалық колледжінің жатақханасында уақытша орналасқан. Өйткені, Абай атындағы мектептің бір қанатын жалдап келген, оқу орнына күрделі жөндеу жұмыстары жүргізіліп жатыр. Осы уақытқа дейін штаты сол баяғы қалпы. Көмекке зәру бала саны көбеюде. Сондықтан бұл кабинет балаларды толыққанды қамтамасыз ете алмайды.
Өзіңізге белгілі, бұрынғы балалар ауруханасы болып 20 жыл халыққа қызмет еткен мекеме біресе емхана, біресе басқа мекеме болып сан құбылды. Халықтың қажетін өтеп жүрген балалардың киелі мекенін жаппай-ақ, осы коррекциялық кабинетпен біріктіріп, балаларды дамыту орталығына айналдырып, қызметкерлер санын арттырып, балалардың игілігіне қолдануға әбден болар еді. Бала денсаулығы – ұлтымыздың байлығы. Өйткені өскелең ұрпақ – елге тұтқа болар келешегіміз. Бұл мәселені шындап қолға алатын кез – бұл.
– Сұхбаттасып, оңтайлы ой бөліскеніңізге рахмет. Ел үшін атқа-рып жүрген ерен еңбегіңіздің жемісін көруіңізге тілектеспіз!
Тілдескен Анарбек БЕРДІБАЕВ.