XXI ғасыр – цифрлық революция заманы. Бүгінде әлемдегі барлық салалар цифрлық
технологияның ықпалымен қарқынды дамуда. Экономикадан бастап, білім беру, денсаулық
сақтау, мемлекеттік басқару, ауыл шаруашылығы, өндіріс пен мәдениетке дейінгі барлық
бағыттарда цифрландыру үдерісі жүріп жатыр. Қазақстан үшін де бұл – болашаққа бастар
маңызды стратегиялық қадам. Қоғам цифрлық дәуірге аяқ басты. Бірақ бұл өзгеріс
бәрімізге бірдей әсер етіп жатқан жоқ. Бір жағынан заманауи технологиялар, екінші
жағынан — ұлттық құндылықтар мен дәстүр. Бұл екеуі бір-біріне қайшы ма? Әлде үйлесімді
өмір сүрудің жолы бар ма?
Цифрландыру – жай ғана технологиялық үрдіс емес. Бұл – ұлттың бәсекеге қабілеттілігін арттыратын, адам әлеуетін ашатын, жемқорлықты азайтатын және мемлекеттік басқару сапасын көтеретін жүйелі бағыт.
Бүгінде халыққа мемлекеттік қызмет көрсету бұрынғыдай қағазбастылықпен емес, электронды түрде іске асуда. «Egov.kz» порталы, «E-Salyq Azamat», «E-licensing», «E-Kinotar» сынды элек-трондық платформалар азаматтарға уақыт үнемдеуге, артық шығыннан құтылуға әрі адами фактордың әсерін азайтуға мүмкіндік береді.
Цифрландырудың келесі деңгейі – жасанды интеллект. Қазақстанда бұл сала енді қалыптасып келеді. Меди-цинада диагноз қою, қаржы саласында тәуекелдерді болжау, құқық қорғау органдарында талдау жүргізу – осының бәрі жасанды интеллект көмегімен іске аспақ.Қазақстандық IT-мамандар осы бағытта белсенді жұмыс істеуде. Astana Hub, Tech Garden, NURIS, Alem School сияқты технопарктер мен стартап алаңдары отандық технологияны дамытуға үлкен үлес қосуда.
Цифрландыруды енгізу үшін технология ғана емес, оны игеретін білікті кадрлар қажет. Цифрлық сауаттылық – бүгінгі азаматтың басты дағдысына айналуы тиіс. Мектептерде информатика пәнін ерте жастан оқыту, IT-мамандықтарға гранттар бөлу, кәсіби қайта даярлау курстары – осының бәрі цифрлық дәуірге сай ұрпақ тәрбиелеудің кепілі.
Білім беру саласы – цифрлық технологияны ең қажет ететін әрі тез өзгеретін сала. Қашықтан оқыту, онлайн курстар, цифрлық платформалар (BilimLand, Kundelik.kz, Daryn.online) бүгінде мектеп пен университет өмірінің ажырамас бөлігіне айналды.
Болашақта дәстүрлі білім жүйесі мен цифрлық білім беру арасындағы шекара жойылып, аралас модель толық қалыптасады деп ойлаймыз. Цифрлық білім берудің артықшылықтары:
- Оқушы өз қарқынымен оқи алады
- Мұғалім ресурстарды оңай тарата алады
- Цифрлық бағалау жүйесі арқылы әділдік артады
- Аймақтық теңсіздік біртіндеп жойылады
Дегенмен, бұл саланың да проблемалары бар: интернетке тәуелділік, кон-тент сапасы, мұғалімдердің цифрлық дайындық деңгейі. Сондықтан педагогтарды қайта оқыту, сапалы контент жасау – басты міндет.
Технологияны енгізу – бір басқа, оны қоғамның қабылдауы – мүлдем басқа дүние. Цифрландыру – тек техника емес, ол – мәдени өзгеріс. Халықтың цифрлық мәдениеті артпайынша, кез келген озық жүйе тиімді жұмыс істемейді.
Мысалы, электрондық қолтаңба, онлайн өтініш беру, QR төлем – бұлардың барлығы ыңғайлы. Бірақ кейбір азаматтар қағаз құжатты әлі де артық көреді. Себебі сенім жоқ, немесе цифрлық құралдарды қолдана алмайды. Осы себепті:
- Азаматтардың цифрлық сауаттылығын арттыру курстары көбірек ұйым-дастырылуы тиіс
- Әсіресе, жастар мен зейнеткерлер арасында арнайы түсіндіру жұмыстары қажет
- Цифрлық жүйелер қолданушыға ыңғайлы және қарапайым болуы тиіс
Мемлекеттік органдар мен бизнес цифрлық мәдениетті дамытуда үлгі көрсетуі қажет. Бұл – технологияның халықпен табысуына жол ашады.
Цифрлық даму – өздігінен келетін құбылыс емес. Оны таңдау – біздің міндетіміз. Біз уақыт ағымына еріп жүре береміз бе, әлде цифрлық көшбасшы елге айналамыз ба – бұл сұрақтың жауабы әрқайсымыздың ісімізге байла-нысты.
Білімді ұрпақ, ашық қоғам, сенімді инфрақұрылым мен ұлт болашағына сенім – міне, цифрландыру табысты болу үшін қажет алғышарттар.
Цифрландырудың тағы бір тиімді бағыты – мемлекеттік қызметтерді онлайн алу. Бұрын құжат үшін аудан орталығына бару керек болса, енді оны үйде отырып-ақ рәсімдеуге болады. Бұл әсіресе үлкендер мен мүгедектігі бар адамдар үшін өте қолайлы.
Қазіргі жастар арасында онлайн білім беру, қолөнер бұйымдарын сату сияқты бағыттар танымал бола бастады. Instagram, TikTok секілді платформалар оларға шығармашылығын көрсетуге және табыс табуға мүмкіндік беріп отыр. Бұл үдеріс тоқтамайды, керісінше, кеңеюі мүмкін.
Қазақстанда мыңдаған тарихи құжаттар, қолжазбалар, сирек кітаптар бар. Бірақ олардың көбісі тек қағаз күйінде сақталған. Уақыт өте келе олар тозып, жойылуы мүмкін. Сондықтан оларды сканерлеп, сандық форматқа көшіру – аса өзекті міндет. Кейбір қалалық кітапханалар бұл процесті бастап кеткенімен, ауылдық жерлердегі мұрағаттар мен музейлер әлі де назардан тыс қалуда. Цифрлық мұрағаттар арқылы адамдар үйінен шықпай-ақ тарихи материалдарды қарап, зерттей алады. Бұл әсіресе студенттер, тарихшылар, журналистер мен қызығушылық танытқан кез келген азамат үшін өте ыңғайлы. Мысалы, егер аудандық кітапхананың қорындағы ескі шежіре цифрландырылса, ол бүкіл елге қолжетімді болар еді.
Кейінгі жылдары ауылдық клубтар мен мәдени орталықтар интернет арқылы көрмелер, концерттер, шеберлік сабақтарын өткізе бастады. Бұл мәдениеттің «тек қалада ғана болады» деген стереотипті бұзып отыр. Жастардың басым бөлігі уақытының көбін онлайн өткізеді. Сондықтан мәдени мазмұнды солар тұтынатын форматта ұсыну қажет: TikTok-та шағын деректер, YouTube-та дәстүрлі әндердің видеосы, Instagram-да ұлттық киімдер топтамасы. Осылайша мәдениет тек мұражайда емес, интернетте де «тірі» күйінде өмір сүреді.
Цифрландыру – уақыт талабы ғана емес, ұлттық өркендеудің жолы. Бұл бағытта Қазақстан алғашқы қа-дамдарын жасады. Ендігі мақсат – бар мүмкіндікті тиімді пайдалану, азаматтардың өмір сапасын арттыру, адами капиталды дамыту және технологияны адамзат игілігіне жарату. Цифрландыру шекарасыз мүмкіндік береді. Бірақ бұл еркіндік шынайылық пен жауапкершілікпен қатар жүруі тиіс. Сандық әлемде адаспау үшін – сыни ойлау, медиасауат және ішкі сенім қажет.
Цифрлық даму – бұл болашаққа апарар көпір. Ол көпірден кім ерте өтсе, сол көш бастайтыны анық. Қазақстан сол көштің алдыңғы қатарында болуы тиіс.
Аяжан ҒАЗИЗҚЫЗЫ.