Бұл – әр азаматтың ел болашағына қатысты маңызды шешім қабылдауға тікелей қатысу мүмкіндігі. Өкілдік демократия жағдайында халық өз таңдауын депутаттар мен сайланған тұлғалар арқылы жүзеге асырса, референдум барысында шешім тікелей азаматтардың дауыс беруі арқылы қабылданады. Яғни, бұл – мемлекеттің ең өзекті, стратегиялық мәселелерін халықтың өзі айқындайтын айрықша саяси-құқықтық құрал.
Референдум – құқықтық мемлекет қағидаттарын нығайтудың маңызды механизмі. Ол заң үстемдігін, ашықтықты, жариялылықты және халықтың билікке деген сенімін арттыруға ықпал етеді. Себебі референдум арқылы қабылданған шешімдер кең қоғамдық қолдауға ие болады және олардың легитимдігі (заңдылығы) жоғары деңгейде мойындалады. Бұл өз кезегінде қоғамдағы тұрақтылықты сақтауға, түрлі пікірлер мен көзқарастарды өркениетті жолмен үйлестіруге мүмкіндік береді.
Сонымен қатар, референдум азаматтық жауапкершілікті арттырады. Әрбір дауыс – ел тағдырына қосылған үлес. Азаматтар тек бақылаушы емес, белсенді қатысушы рөлін атқарады. Мұндай тәжірибе қоғамда саяси мәдениетті қалыптастырып, құқықтық сананы көтереді. Халықтың шешім қабылдау үдерісіне қатысуы – демократиялық дамудың айқын көрсеткіші.
Қорытындылай келе, референдум – мемлекет пен қоғам арасындағы сенімді байланысты күшейтетін, халық еркін заңды түрде рәсімдейтін және ел дамуының стратегиялық бағытын айқындайтын маңызды институт. Ол – шынайы демократияның көрінісі әрі құқықтық мемлекеттің берік іргетасы.
Касымбаева
Шолпан Булетаевна
Аудандық маслихат депутаты



