Мұқағали Мақатаев – қазақ поэзиясының жауһары. Ақынның жырларын бүгінде өлең сүйер қауым жатқа айтады. Мұқаң «Поэзия, менімен егіз бе едің?» деп жайдан-жай жырлаған жоқ. Біртуар ақиық ақын поэзияда туған өнер деңгейіндегі ғана құбылыс емес, оның сезімінен туындаған сөздің құдіреті, қанатты жырлары қазақ халқының парасатын кемелдендіре түсті. Көзі тірісінде бағалана қоймаған ақынның ендігі дастаны шексіз екенін көріп келеміз. Күні бүгінге дейін халықтың ақын шығармаларына деген құрметі бір мысқал кеміген емес
Бүгінде Мұқағалидің өлеңдері мен шығармалары толассыз халық көкейінде сайрап, ұрпақтармен бірге жасап келеді. Ақпан айының алғашқы күні Қаражота ауылдық округіне қарасты Сарыбұлақ ауылының өлең, өнер сүйер қауымы Мұқағали Мақатаевтың туғанына 95 жыл толуы құрметіне орай, өз өнерлерін ортаға салып, ақынның шығармаларынан сахналық қойылымдар көрсетіп, өлеңдерін жатқа оқыды.
Шалғайдағы шағын ауыл қайта жаңғырған ескі клубқа құлып салдырмай, түрлі іс-шаралар өткізумен еленіп жүр. Клуб жетекшісі Қарлығаш Қосалиева, көркемдік жетекшісі Ақгүл Бәкірдің ұйымдастыруымен талай іс-шаралардың куәсі болдық. Міне, енді, ақиық ақынның 95 жылдығына орай, Мұқаңның өлеңдеріне жазылған әндерді орындауда «Мен өмірді жырлау үшін келгенмін» атты байқау ұйымдастырды.
Байқаудың мақсаты – мұзбалақ ақынның шығармаларын кеңінен насихаттау, өлеңдеріне жазылған ескі де есті әндерді асқақтата орындап, М.Мақатаевты еске алу. Көрмеде ақын атындағы журналдар мен суреттері, жыр кітаптары арқылы да тұрғындар ондағы қызықты дүниелерді оқып, кеңінен танысуға да уақыт тапты.
«Аққулар ұйықтағанда» поэмасы желісімен әзірленген сахналық қойылыммен басталған байқауда ауылдың тұрғындары мен өнерпаздары өз өнерлерін ортаға салып, өнерде қара жаяу емес екендерін танытты. Ақынның сыршыл лирикаға толы өлеңдеріне жазылған әндерді шырқап, көрерменге ерекше әсер сыйлады.
Шара соңында ауылдың ардақты анасы Емелхан Қайыпова мен Индира Етекбаеваның демеушілігімен жүлделі орындарға ие болған және барлық қатысқан өнерпаздарға заттай сыйлықтар мен дипломдар табыс етілді.
Ауылдың тұрғындары балаларымен келіп, жерлестерінің өнерлерін тамашалап, сазды әуенмен өздері де билеп, кешті көңілді өткізіп, тарасты.
Анарбек МӨКІШҰЛЫ.



