Жуырда аудан әкімдігінің үлкен мәжіліс залында мемлекеттік органдар мен діни құрылымдар өкілдерінің қатысуымен аудандық ведомствоаралық кеңестің кезекті отырысы өтті. Кеңес жұмысына құқық
қорғау органдарының, жергілікті атқарушы биліктің, дін саласына жауапты құрылымдардың, сондай-ақ аудан аумағындағы мешіт имамдары қатысты. Жиынды аудан әкімі Талғат Ескендірұлы жүргізді.
Аталған жиынның басты мақсаты – аудан аумағында дін саласындағы мемлекеттік саясаттың іске асырылу барысын талқылау, діни ахуалға қатысты өзекті мәселелерді саралау және мемлекеттік органдар мен діни бірлестіктер арасындағы өзара іс-қимылды одан әрі нығайту.
Кеңес отырысына Алматы облысының дін істері басқармасының басшысы Ерғали Ақылбекұлы, Алматы облысы полиция департаментінің экстремизмге қарсы іс-қимыл басқармасының қызметкерлері, Ұлттық қауіпсіздік комитетінің аудандық бөлім өкілдері, Еңбекшіқазақ ауданының прокуроры Бауыржан Маратбекұлы, аудандық полиция басқармасы басшысының орынбасары, ауданның бас имамы Ибрагим Қондыбаев қатысты. Сонымен қатар, аудан әкімдігінің жанындағы діни бірлестіктермен байланыс жөніндегі кеңес мүшелері, бөлім басшылары, Есік қаласы мен ауылдық округ әкімдері де жиыннан табылды.
Кеңес отырысының күн тәртібіне дін саласындағы бірқатар маңызды мәселелер енгізілді. Атап айтқанда, діни экстремизм мен радикализмнің алдын алу, Қазақстан Республикасының «Діни қызмет және діни бірлестіктер туралы» Заңы талаптарының қатаң сақталуын қамтамасыз ету, сондай-ақ аудан аумағындағы мешіттердің құжаттарын заңдастыру барысы және осы саладағы проблемалық түйіткілдер кеңінен қаралды. Бұл бағыттар аудан аумағындағы қоғамдық-саяси ахуалдың тұрақтылығын қамтамасыз ету және дін саласындағы мемлекеттік сая-сатты жүйелі түрде іске асыру тұрғысынан аса маңызды екені анық.
Кеңесті аудан прокуроры Бауыржан Маратбекұлы ашып, дін саласындағы заң талаптарының сақталуы, алдын алу шаралары және анықталған құқық бұзушылықтар жөнінде баяндама жасады. Сонымен қатар, аудан прокурорының орынбасары Асхат Қажығалиұлы да атқарылған жұмыстар мен өзекті мәселелерге тоқталды. Прокуратура өкілдерінің сөзіне сүйенсек, аудан аумағында 194 деструктивті діни бағыттардың жақтастары есепке алынған. Аталған азаматтардың 58 пайызы, яғни 112 адам жеке прафилактикалық іс-шаралармен қамтылған. Нәтижесінде 4 азамат дәстүрлі ислам дініне оралған. Осы орайда діннің айналасындағы кез-келген мәселеге прокуратура мән беріп, тиісті жұмыстарын атқарып жатқанын ескертті.
Алматы облысы-ның дін істері басқармасының басшысы Ерғали Ақылбекұлы еліміздегі діни ахуалға жалпы талдау жасап, мемлекеттік саясаттың негізгі бағыттары мен алдағы міндеттерді атап өтті. Қазақстан Конституциясында бекітілгендей еліміздің зайырлы мемлекет екенін ескеріп, «зайырлы» сөзінің төрт бірдей негізгі принциптеріне тоқталды. «Олар – ресми мемлекеттік діннің болмауы, барлық діндердің теңдігі, діни сенім бостандығы, зайырлы білім беру, яғни оқу ошақтарында ғылыми білім беріледі», – деп кең көлемде, баяндамасын ұсынды.
Аудан аумағындағы мешіттердің құжаттарын заңдастыру мәселесі бойынша ауданның бас имамы Ибрагим Нұрахмедұлы баяндама жасап, қазіргі ахуал, атқарылып жатқан жұмыстар және кездесіп отырған қиындықтар туралы ақпарат берді. Бас имамның дерегінше, ауданымызда әділет басқармасынан БИН алып жұмыс жасап жатқан 65 мешіт бар. Ал, құжаттары толық заңдастырылған мешіттер саны – 22, қалған 43 мешіттің құжаттарында мәселелер туындап тұр. Осы орайда құжаттары толық рәсімделмеген мешіттерге жекелей тоқталды. Сонымен қатар, ауданымызда дін саласында кадр тапшы екенін ескеріп, себептерін түсіндіріп, құзыретті органдардан мешіттердің құжаттарын заңды түрде рәсімдеуге ықпал етуді сұрады.
Жиын барысында қатысушыларға сұрақ қою мүмкіндігі беріліп, бірқатар олқылықтардың басы ашылып, тиісті шаралар қолдану тапсырылды. Мәселен, кейбір ауылдар мешіт салып алып, ауыл тұрғындары діни басқармаға тіркелмеген адамды имам етіп сайлап алады екен. Біздегі дін өкілдері бұл әрекеттің заңға қайшы екенін ескертсе де, жергілікті жұртшылық немесе мешітті салған демеуші өз дегенін істейтін оқиғалар орын алыпты. Ал, бұл экстремизмге жол ашу, деструктивті бағыттағы адамдардың көздегені осындай мешіттер екені айтылып, бұл олқылықтарды болдырмау керектігі қатаң тапсырылды. Сондай-ақ, бас имам барлық мешіттердің атауы бірінші қазақша жазылуы керектігін айтты, ал бұл орайда арабша немесе басқа тілде ғана жазылып тұрған бірді-екілі мешіттердің барын алға тартты. Бұдан өзге де сұрақтар кең көлемде талқыланып, жауапты бөлімдерге мәселелерді шешу тапсырылды.
Кеңес қорытындысы бойынша аудан аумағындағы діни ахуалдың тұрақтылығын қамтамасыз ету мақсатында бірқатар нақты хаттамалық тапсырмалар қабылданды. Атап айтқанда, аудандық полиция басқармасына діни экстремизм мен радикализмнің алдын алу бойынша жедел-профилактикалық іс-шара-ларды тұрақты түрде жүргізу, экстремистік материалдардың таралуына жол бермеу және қоғамдық тәртіпті қамтамасыз ету тапсырылды.
Аудандық ішкі саясат бөліміне ақпараттық-түсіндіру жұмыстарын жүйелі түрде ұйымдастыру, діни бірлестіктермен өзара іс-қимылды күшейту және мешіттердің құжаттарын заңдастыру барысына талдау жүргізу міндеті жүктелді. Сонымен қатар, интернет ресурстарға тұрақты мониторинг жүргізу қажеттігі атап өтілді.
Сәулет және қала құрылысы бөліміне діни нысандардың құрылыс және пайдалану құжаттарының заңдылығын тексеру, ал білім бөліміне білім беру ұйымдарында зайырлылық қағидаттарын түсіндіру және жастар арасында алдын алу шараларын күшейту тапсырылды.
Жастар ресурстық орталығы мен ауылдық округ әкімдеріне де нақты міндеттер белгіленіп, діни ахуалға тұрақты мониторинг жүргізу, заңсыз діни қызметтің алдын алу және мешіттердің құжаттарын заңдастыруға қолдау көрсету қажеттігі айтылды.
Кеңес барысында қабылданған тапсырмалар мен ұсынымдар нақты іс-қимылға айналуы тиіс екені баса көрсетіліп, барлық мемлекеттік органдар мен діни құрылымдардың үйлесімді жұмысы аудан аумағындағы діни ахуалдың тұрақтылығын сақтаудың негізгі кепілі екені аталып өтті. Осылайша, ведомствоаралық кеңес өз жұмысын аяқтап, алдағы кезеңге нақты міндеттер айқындалды.
Ринат НАРХАНОВ.



