Бұқаралық ақпарат құралдарында республикалық референдумға шығарылатын жаңа Конституция жобасының соңғы нұсқасы жарияланды. Менің ойымша, қазақстандықтар үшін құжатта адам құқықтары мен бостандықтарын қорғау бағытының айқын басымдыққа ие болуы ерекше маңызды.
Бұл қағидалар жаңартылған Кіріспеде (Преамбулада) бекітіліп, бүкіл конституциялық жүйенің негізгі басымдығы ретінде айқындалған. Кіріспеде бірлікке, ынтымаққа, ұлтаралық келісімге мемлекеттіліктің іргетасы ретінде ерекше мән берілген.
Сонымен қатар, егемендік, тәуелсіздік, унитарлық және елдің аумақтық тұтастығы өзгермейтін негізгі құндылықтар ретінде белгіленген. Бұдан бөлек, конституциялық деңгейде «Әділетті Қазақстан» идеясы мен «Заң және Тәртіп» қағидаты бекітіледі, сондай-ақ биліктің бірден-бір бастауы және егемендіктің иесі – Қазақстан халқы екені көрсетілген.
Айта кету керек, Жобада алғаш рет азаматтардың цифрлық ортадағы құқықтарын қорғау нормасы енгізілді. Әрине, адами капиталдың құрамдас бөліктері – білім, ғылым, мәдениет және инновациялар да назардан тыс қалмаған. Негізгі қағидаттар ретінде ұлттық мәдениетті қолдау және тарихи-мәдени мұраны сақтау айқындалған.
Меніңше, жаңа Конституцияның ережелері мемлекетіміздің институционалдық негізін жаңғырту үдерісінің аяқталғанын және мүлде жаңа конституциялық модельге көшуді білдіреді. Жаңа Негізгі заң жобасы қоғамдық құндылықтар мен мемлекеттік саясаттың өзекті қағидаттарын ғана емес, сонымен қатар еліміздің заманауи талаптарға сай ұзақ мерзімді әрі прогрессивті дамуының берік негізін қалайды.
15 наурызда өтетін референдум – әділетті әрі тиімді мемлекеттік басқару жүйесін құру жолындағы маңызды кезең. Оған әрбір қазақстандықтың қатысуы аса маңызды. Біз дұрыс таңдау жасауымыз керек – бұл келер ұрпақ алдындағы жауапкершілігіміз.
А.Куленова
Қоғамдық кеңестің мүшесі



