«Алматы облысының оқу-ағарту және бюджеттік ұйымдары қызметкерлерінің кәсіптік одағы» қоғамдық бірлестігі Еңбекшіқазақ аудандық филиалының бастамасымен жыл сайын дәстүрлі түрде Еңбекшіқазақ ауданы білім беру мекемелерінің бастауыш кәсіподақ ұйымдарының арасында шаңғы жарысы өткізіліп келеді. Бұл спорттық шара кәсіподақ мүшелерін бір арнаға тоғыстырып, саламатты өмір салтын насихаттауға, дене шынықтыру мен спортқа жаппай тартуға, сондай-ақ ұжымдық бірлікті нығайтуға бағытталған. Игі шара биыл да жүйелі жалғасын тапты. Шаңғы жарысы Алмалы ауылындағы И.Шорманов атындағы орта мектептің спорт алаңында өтті.
Қуантарлық жайт, жыл өткен сайын жарысқа қатысушылардың саны артып келеді. Биылғы жарысқа ауданның әртүрлі білім беру ұйымдарынан 40-тан астам кәсіподақ мүшелері қатысып, өзара бақ сынасты. Бұл білім саласының қызметкерлерінің спортқа деген қызығушылығының жоғары екенін және осындай бұқаралық спорттық іс-шараларға белсенді қатысатынын көрсетеді. Аталған спорттық шараның жоғары деңгейде өтуіне аудандық кәсіподақ ұйымының төрағасы Серік Надырбаев ерекше үлес қосты. Оның бастамасы мен тұрақты қолдауының нәтижесінде бұл жарыс жыл сайын дамып, қатысушылар саны артып, аудан көлеміндегі игі дәстүрге айналып отыр.
Жарыс жыл сайынғы дәстүрлі форматта жалпы аудандық іс-шара ретінде өткізілді. Сонымен қатар, жарысқа ерлер мен әйелдер бірдей қатысты, алайда нәтижелер жынысына және жас ерекшеліктеріне қарай жеке-жеке бағаланды. Атап айтқанда, 20–29, 30–39, 40–49, 50–59, 60 және одан жоғары жас санаттары бойынша ерлер арасында бөлек, әйелдер арасында бөлек сайыстар ұйымдастырылып, әр санатта жүлделі орын иегерлері анықталды. Бұл тәсіл жарыстың әділ өтуіне және қатысушылардың мүмкіндіктерін тең бағалауға мүмкіндік берді.
Жарыс қорытындысы бойынша әр жас санаты бойынша үздік нәтиже көрсеткен қатысушылар марапатталды. Жүлделі орын иегерлеріне дипломдар мен ақшалай сыйлықтар табысталып, олардың спорттағы белсенділігі мен ұйымшылдығы жоғары бағаланды.
Шаңғы жарысын дайындау және өткізу жұмыстарына И.Шорманов атындағы орта мектептің дене шынықтыру пәні мұғалімдері жетекшілік етті. Тәжірибелі төрешілер алқасы жарыстың әділ өтуін қамтамасыз етіп, нәтижелерді бекітілген талаптарға сай қорытындылады.
Қанат БІРІМБАЕВ,
И.Шорманов атындағы орта мектебінің дене шынықтыру пәнінің мұғалімі



