А.Саттаров атындағы орта мектепте орыс тілі мен әдебиеті, ұйғыр тілі мен әдебиеті және ағылшын тілі пәндері бірлестігінің ұйымдастыруымен «Жасанды интеллект – оқушылардың оқырмандық сауаттылығын қалыптастырудағы көмекші» тақырыбында он күндік пәндік декада өтті.
Декада аясында мектеп кеңістігі толықтай жаңаша форматта безендірілді. «Говорящие стены» стикер-арт жобасы, үш тілдегі күрделі сөздермен безендірілген баспалдақтар, орфографиялық қателерге «санкция енгізетін» жазушылар бейнеленген мемдер мен «Стирка слов» акциясы оқушылардың қызығушылығын арттырып, тіл мәдениетіне деген жауапкершілікті қалыптастырды.
Онкүндіктің әр күні белгілі бір тақырыпқа арналды. Алғашқы күні классикалық әдебиетке заманауи көзқарас ұсынылып, QR-квест арқылы оқушылар әдеби кейіпкерлермен «диалогқа» түсті. Келесі күндері цифрлық ассистенттерді қолдану, мәтінді визуализациялау, интерактивті әдеби кейіпкерлер, мағыналық оқу, шешендік өнер, оқу қиындықтарын еңсеру, сөз экологиясы және журналистика бағытында түрлі іс-шаралар ұйымдастырылды.
Оқушылар нейрожелілер көмегімен иллюстрациялар жасап, мектеп газетін шығарды, шешендік сайыстарға қатысып, тілдік қабілеттерін шыңдады. Ал мұғалімдер үшін тәжірибе алмасу алаңдары, тренингтер, пікірталастар мен подкаст форматындағы кездесулер өткізіліп, жасанды интеллектіні оқу үдерісінде тиімді қолдану жолдары талқыланды.
Онкүндік соңында үздік оқушылар мен мұғалімдер марапатталып, педагогикалық тиімді тәжірибелер жинақталды. Декада барысында жинақталған материалдар мен іс-шаралардың нәтижесін кеңінен тарату мақсатында пән бірлестігінің «Instagram» парақшасы мен «YouTube» арнасы ашылып, барлық іс-шаралар фото, бейнежазба, қысқа роликтер мен подкасттар арқылы кең көлемде насихатталды. Бұл платформа оқушылар мен ұстаздардың шығармашылығын көпшілікке ұсынатын тұрақты ақпараттық алаңға айналды.
Филологиялық онкүндік дәстүр мен цифрлық мүмкіндіктің үйлесімді тоғысуы, оқушының оқу мәдениетін жаңаша деңгейге көтерген мазмұнды жоба ретінде есте қалды.
Назбану ОРАЗАЛЫ,
А.Саттаров орта мектебінің ағылшын тілі пәні мұғалімі



