Бала тәрбиесінде кітаптың атқарар рөлі зор. Себебі, баланың алғашқы оқыған кітабы, танысқан кейіпкері оның болашақ көзқарасы мен мінез-құлқының қалыптасуына әсер етеді. Бұл тұста балалар әдебиеті – жас ұрпақтың қиялын ұштап, дүниетанымын кеңейтетін, ізгілік пен адамгершілікке баулитын рухани қазына. Осы орайда, балалар әлемін терең түсініп, өз шығармалары арқылы бала бойына мейірім, адалдық, еңбекқорлық пен отансүйгіштік сияқты қасиеттерді дәріптеп қалам тербеген – қазақ әдебиеті мен баспасөзінің дамуына сүбелі үлес қосқан қаламгер, баспагер, аудармашы, мәдениет жанашыры, көптеген әдеби жинақтардың авторы, Қазақстан Жазушылар одағының мүшесі Қанат Қайымның шығармашылығына арналған кездесу Рахат №1 орта мектебінде өтті.
Шығармашылық кездесуді Рахат №1 орта мектебі мен «Мейірімді періште» жекемен-шік мектеп-гимназиясының ұжымы ұйымдастырды. Салтанатты кездесудің шымылдығы оқушылардың «Туған жер» әнімен ашылды. Құрметті қонақтар қатарында Халықаралық «Алаш» әдеби сыйлығының иегері Ділдар Мамырбаева, қаламгердің әріптесі әрі «Құрмет» орденінің иегері Болат Үсенбаев, адал достықтың куәсіне айналған сыныптас достары Есенбай Нургазиев, Бахыткүл Жұманиязова болды. Кездесу барысында оқушылар Қанат Қайымға көкейкесті сұрақтарын қойып, ашық сұхбат жүргізді. Қаламгер жазушылыққа қалай келгенін баяндап, еңбек жолымен бөлісті.
– Еңбек жолымды ұстаздықтан бастадым. Еңбекшіқазақ ауданындағы Азат сегізжылдық мектебінде қазақ тілі мен әдебиеті пәнінен мұғалім болдым. Ұстаз бола жүріп, балалар әдебиетіне бет бұрдым. Ұзақ жылдар бойы әртүрлі балалар басылымдарында қызмет істеп жүріп, жазушылыққа келдім. Солай алғашқы шығармаларым да жарық көре бастады. Жазушы кейіпкерімен сөйлесе білуі керек, оның сан қырларын танып, содан кейін ғана шығармаға кіріседі. Журналистің барлығы жазушы болмайды, бірақ жазушылардың көбі журналист бола алады, – дейді жазушы.
Сондай-ақ қаламгер жазушы болуға ұмтылған жас буынға ақылын да айтты.
– Бүгінгінің баласы оқитын кітап жаңа тәсілмен жазылуы керек. Жазушы адам үнемі ізденісте болғаны абзал. Заман талабына сай жаңа технологияларды да меңгергені дұрыс. Бала жүрегіне жол табу үшін тынбай іздену керек. «Көпір астындағы үй» атты хикаямда өмірдің ақ пен қарасын айқын суреттейтін оқиға баяндалады. Бұл шығармам жеткіншек баланың басынан өткен әлеуметтік психологиялық қатпары көп терең ойлы шығарма. Бірақ балаларға оқуға жеңіл. Мен идеяны алыстан алмаймын. Күнделікті өмірде орын алатын оқиғаларды да байқай білу керек. Өйткені, әр адамның өмірі – өзіндік тарихы бар кітап. Сондықтан байқампаздық қасиет жазушы үшін міндетті.
Шығармашылық кездесуде халықаралық «Алаш» әдеби сыйлығының иегері Қанат Қайымның шығармашылығына шолу жасалып, қаламгердің өнегелі өмірі жайлы қатарластары мен достары сыр шертті.
– «Автордың тілінің өзгешелігі сақталуы керек. Әр адамның ішкі сезімі, пікірі, пайымы болады», – дейтін Қанат. «Мәтінге, шығармаға корректура жасағанда, автордың жазу мәнерін өзгертпеңдер», – деп, өзінің кәсібилігін танытып отыратын, – дейді белгілі қазақ журналисі, жазушы Кәкен Қамзин.
Салтанатты кездесуде оқушылар қаламгердің көркем шығармаларынан үзінді оқып, сахналандырылған көрініс қойды. «Мейірімді періште» мектеп-гимназиясының «Ша-быт» балалар хоры «Қазақ рухы» әнін орындап, залдағы көрерменнің рухын көтеріп, жігерлендірді.
Сондай-ақ, кездесу барысында аудандық білім бөлімінің басшысы Шолпан Қошаханова, қаламгерді сахна төріне шақырып, қазақтың дәстүрін дәріптеп, иығына шапан жапты. «Үлкенге құрмет, кішіге ізет» көрсеткен дана халқымыздың үлкенге деген ілтипаты жас буынға үлгі. Тағылымы терең, рухани мәні зор кеш оқушылардың «Ұмытпа, қазақ!» атты әнімен аяқталды. Айта кету керек, осындай тәрбиелік мәні бар шығармашылық кездесулер оқушылардың әдебиетке, тілге деген сүйіспеншілігін арттырары сөзсіз.
Еңбек жолын ұстаздықтан бастаған қаламгер Қанат Қайым бұрынғы «Қазақстан пионері» қазіргі «Ұлан» газетінде, «Алматы ақшамы» және басқа республикалық газет-журналдарда жауапты қызмет атқарған. Оның қаламынан туған повестер мен әңгімелер, хикаяттар мен балаларға арналған шығармалары оқырманның жүрегінен ерекше орын тапқан. «Пионерлік ферма», «Топан су», «Еркеш-Еркебұлан», «Көпір астындағы үй», «Патшалар алқабына саяхат», «Алтын балық», «Айналайын, абай бол!», «Халқымның қадір-қасиеті» сынды кітаптары соның айғағы іспеттес.
Жанерке САТЫБАЛДЫ.



