Бүгінде балалардың патриоттық тәрбиесі ұлтжандылық сананы арттырып, Отанына деген сүйіспеншілік сезімін қалыптастыратыны белгілі. Қазіргі заман талабында азаматтық борыш пен негізгі конституциялық міндеттерді орындауға дайындық талаптары көңіл толтырарлықтай десек қателеспейміз. Бұл бағытта атқарылып жатқан жұмыс еліміздің азаматтарының бойында патриоттық сананы қалыптастыру жөнінде стратегиялық міндеттерді толықтай орындауға бағытталған.
Еліміз Тәуелсіздік алып, Егемендікке жеткелі қазақ халқының ұлттық дүниетанымының өсуіне жағдай жасалуы арта бастады. Қазақстанның орта білім беру орындарында оқушыларға ел тарихы мен мәдениетін, сондай-ақ халықтың батыр ұл-қыздарының ерлік істерін назарға алу жастарды патриоттыққа тәрбиелеудің және оны қазіргі жағдайда зертеудің қажеттілігін арттыра түсті.
Міне, сондай ізгі іс-шара жақында Қаражота ауылындағы Бауыржан Момышұлы атындағы орта мектепте өтті. Әуелі халық қаһарманы Бауыржан Момышұлының музейі мен «Жас құтқарушылар – ел қауіпсіздігінің болашақ тірегі» атты жас құтқарушы-патриоттық сыныбының ашылу салтанатына келген қонақтарды қарсы алудан басталды. Алматы облысы білім басқармасының дене тәрбиесі, спорт, алғашқы әскери дайындығы және қосымша білім берудің ғылыми-тәжірибелік орталығының директоры Қайрат Берікболов, «Қазақстандық жас патриоттар Академиясы» республикалық қоғамдық бірлестігінің Алматы, Жетісу облыстары филиалының директоры Жанатгүл Буртимбаева, Алматы облысы бойынша республикалық қоғамдық бірлестігінің «Жас сарбаз» балалар мен жасөспірімдер әскери-патриоттық қозғалысы филиалының төрағасы Досым Абдрешов, Еңбекшіқазақ аудандық білім бөлімінің басшысы Шолпан Қошаханова, «Barys Lyseum» жасөспірімдер әскери-патриоттық қозғалысының басшысы, генерал-майор Дулат Адырбеков, Алматы облыстық ардагерлер кеңесінің төрағасы Бекзат Махатов, облыстық филиал басшысының Еңбекшіқазақ ауданы бойынша орынбасары Ержан Ақылбеков, Қазақстан Республикасы Ұлттық қауіпсіздік комитеті шекара қызметі, техниканы және қару-жарақтарды жөндеу басқармасы бастығының орынбасары Ринат Баетов, Алматы облысы ҚХП филиал төрағасы, қарулы күштер ардагері Асқар Ниязов, Бауыржан Момышұлы атындағы әскери-спорт колледжінің директоры Берден Ақпанбеков, Қаражота ауылдық округінің әкімі Нұрберген Қожамберді және аудандық төтенше жағдайлар бөлімінің Шелек ауылындағы №11 өрт сөндіру бекетінің бастығы, азаматтық қорғау капитаны Алибек Жуманмуратов әуелі мектептің «Самғатқан сан қыранды алтын ұям» атты көрмемен танысты.
Одан кейін қонақтар Бауыржан Момышұлы музейінің лентасын қиып, ішін аралап, тамашалады. Сонымен қатар «жас құтқарушы» сыныбы туралы таныстырылып, қысқаша бейнеролик көрсетілді. Келесі кезекте жас құтқарушы сыныбынында тәрбиеленушілер ант қабылдады. Оларға қонақтар салтанатты түрде куәлік тапсырды. Сондай-ақ бұл тарих пен тағылым тоғысқан ерекше шараға Германияда және басқа да шетелдерде әскери борышын өтеген аудан ардагерлері де қатысып, жылы лебіздерін білдірді. Қонақтар Отан қорғаушылардың мәртебесі, ерлік істері мен отансүйгіштік қасиеттері, елге деген патриоттық құндылықтар туралы кеңінен әңгімелеп берді.
«Жас құтқарушы» патриоттық сыныбы мүшелерінің (8 «Б» сыныбының оқушылары) ата-аналары да қатысып, олардың атынан Ұлжан Қожалімова сөз сөйлеп, бүгінгі игі шараның жастар үшін үлкен маңызы бар екенін тілге тиек етіп, қонақтардың тәрбиелік маңызы зор сөздеріне алғысын айтты. Ауылдың ақсақалдар алқасының мүшелері мен кәсіпкерлер қатысып, осы игі іске демеушілік көрсетті.
Қонақтар жаңа мектепті аралап, тамаша оқу орынында білім алып жүрген жастардың бақытты өмір сүріп жатқанының куәсі болды. Мектеп оқушыларының әрнәрседен бейімділігінің жоғары деңгейде екеніне көз жеткізді. Соңында оқушылардың патриоттық, Отан, ел, жер туралы әндерге толы концертін тамашалады. Ту көтеріліп, ел Гимні шырқалды. Мектеп директоры Анаргүл Алимбаева семинарды қорытындылап: «Президент Қасым-Жомарт Кемелұлы Тоқаевтың отансүйгіштікке баулып, патриоттық сезімін ояту мақсатындағы: «Еліміздің әрбір азаматы жұртшылықтың алдына шыққанда ұлттық мүдде мен қазақстандық патриотизм қағидаттарын басшылыққа алуы керек» деген сөзін қашан да есте сақтайық!», – деген сөзімен аяқтап, осы орайда «Жас құтқарушы» патриоттық сыныбын ашуда көрсеткен көмектері үшін қонақтар мен ардагерлерге алғысын білдірді.
Анарбек БЕРДІБАЕВ.



