«Әділетті және Прогрессивті Қазақстанның Халықтық Конституциясы үшін!» коалициясының мүшелері Рахат елді мекеніндегі Рахат орта мектебінің педагогикалық ұжымымен кездесіп, 15 наурызда өтетін республикалық референдумға шығарылған жаңа Конституция жобасын талқылады.
Кездесу барысында коалиция мүшелері жаңа Ата Заңның ең басты ерекшелігі – адамды, оның өмірі мен құқықтарын мемлекеттің ең жоғары құндылығы ретінде бекіту екенін атап өтті. Бұл қағидат Преамбулада және 1-бапта нақты көрсетілген.
«Білім саласының қызметкерлері үшін жаңа Конституцияда маңызды кепілдіктер қарастырылған. 33-бапта мемлекеттік оқу орындарында ақы төлемей орта білім алуға кепілдік беріледі. Бастауыш және негізгі орта білім міндетті. Бұл – әрбір қазақстандық баланың мектеп табалдырығын аттауына мемлекет кепілдік береді деген сөз», – деді коалиция мүшесі Совет Смадылов.
Мұғалімдер өз сұрақтарын қойып, толыққанды жауаптар алды. Кездесу соңында ұжым өкілдері референдумға белсене қатысып, ел болашағына өз үлестерін қосатындарын жеткізді.
Кездесу ашық әрі мазмұнды форматта өтіп, білім беру саласына қатысты бірқатар ұсыныстар мен пікірлер ортаға салынды. Ұстаздар қауымы жаңа Конституция жобасының қоғамдағы әділдік қағидаттарын нығайтуға және әлеуметтік кепілдіктерді күшейтуге бағытталған нормаларын қолдайтындарын білдірді.




