«Әділетті және Прогрессивті Қазақстанның Халықтық Конституциясы үшін!» коалициясының мүшелері Шелек өңіріндегі Абай атындағы қазақ орта мектебі ұстаздарымен кездесіп, 15 наурызда өтетін республикалық референдумға шығарылған жаңа Конституция жобасын талқылады.
Кездесу барысында коалиция мүшелері жаңа Ата Заңның ең басты ерекшелігі – адамды, оның өмірі мен құқықтарын мемлекеттің ең жоғары құндылығы ретінде бекіту екенін атап өтті. Бұл қағидат Преамбулада және 1-бапта нақты көрсетілген.
«Білім саласының қызметкерлері үшін жаңа Конституцияда маңызды кепілдіктер қарастырылған. 33-бапта мемлекеттік оқу орындарында ақы төлемей орта білім алуға кепілдік беріледі. Бастауыш және негізгі орта білім міндетті. Бұл – әрбір қазақстандық баланың мектеп табалдырығын аттауына мемлекет кепілдік береді деген сөз», – деді коалиция мүшелері.
Ұстаздар өз ой-пікірлерін білдіріп, сауалдарын қойып, жан-жақты жауаптар алды. Кездесу соңында педагогтер референдумға белсене қатысып, ел болашағына бейжай қарамайтындарын жеткізді.




