«Әділетті және Прогрессивті Қазақстанның Халықтық Конституциясы үшін!» коалициясының мүшелері Қаражота ауылындағы Б. Момышұлы мектебінің педагогикалық ұжымымен кездесіп, 15 наурызда өтетін республикалық референдумға шығарылған жаңа Конституция жобасының негізгі ережелерін талқылады.
Жиынға ұстаздар қауымы, ауыл тұрғындары және ақсақалдар алқасының мүшелері қатысты. Жиынның мақсаты – Ата Заңның жаңа жобасымен таныстыру, оның негізгі бағыттарын түсіндіру және алдағы референдумның маңызын кеңінен насихаттау болды.
Кездесу барысында жаңа Конституцияда адам құқықтары мен бостандықтарына айрықша басымдық берілгені атап өтілді. Әсіресе азаматтардың құқықтық қорғалуын күшейту, заң үстемдігін қамтамасыз ету және әділетті қоғам қалыптастыру бағытындағы өзгерістерге кеңінен тоқталды.
Сонымен қатар білім беру саласына қатысты нормалар, педагог мәртебесін арттыру, әлеуметтік кепілдіктерді нығайту мәселелері сөз болды. Қатысушылар жаңа редакцияда әлеуметтік мемлекет қағидаттарының сақталғанын және әрбір азаматтың құқықтары мен мүдделерін қорғауға бағытталған тетіктердің қарастырылғанын қолдады.
Жиын ашық пікір алмасу форматында өтті. Ұстаздар мен ауыл ақсақалдары өз ойларын білдіріп, ұсыныс-пікірлерін ортаға салды. Кездесу қорытындысында жаңа Конституция жобасы қоғам сұранысынан туындаған маңызды құжат екені айтылып, оның ел дамуы үшін маңызы ерекше екені атап өтілді.




