Бәріміз маңызды шешімдер көбіне «жоғарыда» талқыланып, ал халық ол туралы сыбыс пен біреудің айтуы арқылы ғана білетін жағдайға үйреніп қалғанбыз. Бұл жолы жағдай басқаша. Конституциялық комиссияның жұмысы ашық өтті, отырыс-тар тікелей эфирде көрсетілді, аралық жоба жарияланып отырды, ал азаматтардың ұсыныстары электрондық платформалар арқылы қабылданды.
Енді осы үлкен талқылау мәреге жақындап қалды. 2026 жылғы 15 наурызда жаңа Конституцияны қабылдау мәселесі бойынша республикалық референдум өтеді. Яғни соңғы сөз – өзімізде.
Жобаға келсек, онда күнделікті өмір деңгейінде сезілетін бірнеше «күшті» норма бар. Халық – биліктің бірден-бір бастауы әрі егемендіктің иесі екені тікелей бекітілген. Мемлекет өз легитимділігінің қайдан шығатынын – халықтан екенін тағы бір рет айқындайды.
Сөз бостандығы мен цензураға тыйым салу да жеке атап көрсетілген. Иә, онда шектеулер де бар – алауыздықты қоздырмау және зорлық-зомбылыққа итермелемеу үшін. Бірақ «сөз бостандығы – кепілдендіріледі, цензура – тыйым салынады» деген ұстанымның өзі қоғам үшін маңызды бағдар іспетті.
Бейжай оқуға болмайтын тағы бір норма – өлім жазасына тыйым салынатыны туралы. Қателіктің құны тым жоғары, ешкім адамның өмірін қию құқығын өз мойнына алмауы тиіс.
Көпшіліктің өзіне тікелей әсер ететін тағы бір мәселе – азаматтардың жағдайын нашарлататын заңдардың кері күші болмайды. Бүгін сен бір ережемен жұмыс істедің – ертең біреу норманы өзгертіп, сені өткенге қарап жазаламауы керек.
Ірі институционалдық өзгерістерге әртүрлі қарауға болады, саяси архитектура, өкілеттіктер мен жаңа органдар жөнінде пікірталас жүргізуге болады. Бұл – қалыпты нәрсе. Бірақ Конституция – бәріміз бірігіп жасайтын келісім екенін, кейін сол келісім бойынша өзіміз жауап беретінімізді түсіну маңызды.
Сондықтан 15 наурызда референдумға келіп, өз таңдауыңызды жасау – ең дұрыс қадам. Өйткені сол күннен кейін сөздер ережеге айналады, ал ережелер – біздің күнделікті өмірімізге айналады.
Т.Мукашев,
аудандық ақсақалдар кеңесінің төрағасы.




