Облыстардың, республикалық маңызы бар қалалардың және Астананың аумақтық референдум комиссиялары ұсынған хаттамалары негізінде Орталық референдум комиссиясы жаңа Конституия қабылданды деп жариялады.
Орталық референдум комиссиясының мәліметінше, референдумға қатысу құқығы бар 12 482 613 азаматтың 9 127 192-сі 15 наурыз күні өз таңдауын жасаған. Жаңа Ата заң жобасын жақтап 7 954 667 адам, яғни 87,15 пайызы дауыс берген. Ал референдумға шығарылған мәселеде 898 099 адам «жоқ» жауабын таңдаған. 146 558 бюллетень жарамсыз деп танылған.
«Дауыс беруге референдумға қатысуға құқығы бар азаматтардың жартысынан көбі немесе 73,12 пайызы қатысқандықтан, «Сіз жобасы 2026 жылғы 12 ақпанда бұқаралық ақпарат құралдарында жарияланған Қазақстан Республикасының жаңа Конституциясын қабылдайсыз ба?» деген сұрақ бойынша референдум өтті деп есептелсін. Республикалық референдумға дауыс беру үшiн шығарылған жаңа Конституция қабылданды деп есептелсiн, өйткенi облыстардың, республикалық маңызы бар қалалардың және Астананың кемінде үштен екiсiнде дауыс беруге қатысқан азаматтардың жартысынан астамы немесе 87,15 пайызы оң шешiм қабылдады», – делінген Орталық референдум комиссиясы таратқан хабарламада.
Иә, өткен демалыста ел ертеңі үшін маңызды шешім қабылданды, ел азаматтарының басым көпшілігі заман талабына сай жасақталған жаңа Конституцияны қолдады. Бұл саяи науқанда ауданымыздың тұрғындары да белсенділік танытып, мемлекеттің болашағына бейжай қарамайтындарын көрсетті. Еңбекшіқазақ аумақтық референдум комиссиясының мәліметіне сәйкес, 183 211 сайлаушының 116 631-і референдумға қатысып өз таңдауын жасаған. Қатысу деңгейі – 63,66 пайыз. Дауыс берген азаматтардың 77,48 пайызы, яғни 90 361 адам жаңа Конституция жобасын қолдаған. 21 943 (18,81 пайыз) адам қарсы дауыс берген. 4 327 бюллетень жарамсыз деп танылған.
Жалпы алғанда референдум аудан жұртшылығының саяси белсенділігін ғана емес, ұйымшылдығын, ауызбіршілігі мен азаматтық жауапкершілігінің көрінісі болды. Дауыс беру күні бірқатар елді мекендерде ұйымдастырылған мәдени және қоғамдық шаралар халықтың ынтымағы мен бірлігін айшықтай түсті. Референдум күні көпшіліктің назарын аударған жарқын сәттерге тоқталайық.
Референдум күні ерекше құрметке ие болған азаматтардың бірі – Ұлы Отан соғысының ардагері, 102 жастағы Солтанбай Жарықбасов. Алға ауылындағы №187 учаскесіне келген ардагер өз таңдауын жасап, азаматтық белсенділіктің жарқын үлгісін көрсетті. Ғасыр жасаған қарияның бұл қадамы ел тағдырына деген жауапкершіліктің айқын көрінісі ретінде көпшілікке өнеге болды.
Саяси науқан тек дауыс беру рәсімімен ғана шектелмей, қоғамдағы белсенділіктің, азаматтық ұстанымның көрінісіне айналды. Мәселен, Қаракемер ауылындағы референдум учаскесінде тұрғындардың қатысуын арттыру мақсатында ерекше форматтағы шара ұйымдастырылды. Учаске аумағында халықтық караоке өткізіліп, ауыл тұрғындары патриоттық және халық әндерін орындады. Әнді кәсіби әншілер емес, қарапайым ауыл тұрғындарының айтуы шараға ерекше мән беріп, ауылдағы ауызбіршілік пен ынтымақтың көрінісін көрсетті. Дауыс беруге келген азаматтар бұл бастаманы жылы қабылдап, саяси науқанның мерекелік атмосферасын сезінді.
Аудан экономикасының дамуына үлес қосып отырған ірі кәсіпорындар да бұл маңызды науқаннан тыс қалған жоқ. Солардың бірі – ауданның ірі өндіріс орындарының бірі саналатын «Адал» компаниясының ұжымы. Кәсіпорын қызметкерлері референдум учаскелеріне келіп, өз таңдауларын жасап, азаматтық белсенділіктерін көрсетті. Елімізді сапалы сүт өнімдерімен қамтамасыз етіп отырған еңбек адамдарының бұл қадамы олардың қоғам өміріне бейжай қарамайтынын аңғартады. Компания қызметкерлері мемлекет тағдырына қатысты маңызды шешімдер қабылданатын кезеңде әр азаматтың дауысы маңызды екенін атап өтті.
Ауданның бірқатар учаскелерінде мәдени іс-шаралар ұйымдастырылып, ұлттық құндылықтарды насихаттауға ерекше көңіл бөлінді. Ақши ауылындағы Бөлек батыр атындағы орта мектепте қолөнер көрмесі ұйымдастырылып, дауыс беруге келген тұрғындар ұлттық өнер туындыларымен танысты. Көрмеге келген жұртшылыққа ұлттық мұраны дәріптеудің маңызын атап өткен Дәулет Шоқпаров мұндай шаралар қоғамдағы рухани құндылықтарды жаңғыртуға ықпал ететінін айтты.
Есік қаласындағы №123 референдум учаскесіндегі ерекше көрініс көпшіліктің назарын аударды. Дауыс беруге ел тарихының символына айналған «Алтын адам» бейнесіндегі азамат келіп, тұрғындарға көтеріңкі көңіл күй сыйлады. Бұл бастама ұлттық тарих пен Тәуелсіздік құндылықтарын дәріптеудің жарқын үлгісі болды. «Алтын адам» – Тәуелсіздіктің символы болса, Конституция – сол Тәуелсіздіктің кепілі.
Маңызды күні азаматтық белсенділік танытқан тұрғындардың қатарында түрлі буын өкілдері болды. Есік қаласында енді ғана шаңырақ көтерген жас отбасы таңдауларын жасады. Жас жұбайлардың айтуынша, мемлекет тағдырына қатысты маңызды шешімдер қабылданатын кезеңде әр азаматтың дауысы маңызды. Бұл – жаңа отбасының азаматтық жауапкершілікті сезінуінің белгісі. Ал Түрген ауылында шаңырақ көтергендеріне 75 жыл толған Искаковтар отбасы да референдумға қатысып, үлгі көрсетті. Өнегелі өмір сүріп келе жатқан қариялар кейінгі ұрпаққа үлгі болудың маңызын атап өтті.
Маңызды саяси науқанда түрлі этнос өкілдері де белсенділік танытты. Дауыс беру учаскесіне этномәдени бірлестіктердің мүшелері ұлттық нақыштағы киімдерімен келіп, өз таңдауларын жасады. Бұл бастама елдегі татулық пен қоғамдық келісімнің нақты көрінісі ретінде бағаланды. Бірлестік мүшелерінің айтуынша, мұндай тарихи кезеңде әрбір азаматтың дауысы маңызды. Сондықтан олар референдумға белсенді қатысып, ел бірлігі мен ынтымағын қолдайтындарын көрсетті.
Жалпы алғанда, аудан аумағында өткен референдум тұрғындардың жоғары белсенділігімен және ұйымшылдықпен ерекшеленді. Қоғамның әр буыны – жас-тар, еңбек адамдары, зиялы қауым өкілдері, ардагерлер мен этнос өкілдері маңызды саяси науқанға қатысып, ел болашағын айқындауға үлес қосты.
Бұл – қоғамдағы азаматтық сананың өсіп келе жатқанын, халықтың ел тағдырына жауапкершілікпен қарайтынын білдіретін маңызды көрсеткіш. Референдум күні аудан тұрғындарының белсенділігі мен бірлігі елдің болашағына деген сенімнің берік екенін тағы бір мәрте дәлелдеді.
С.НҰРАДИН.




