Жұма, 18 Желтоқсан 2015 15:13

Нәпсінің құлын түлен түртер, Жақсының күнін иман күтер

«Айналайын баладан, тауып алған даладан» дегенге сенетін заман келмеске кетті. Бесіктен белі шықпай жатып күн санап қарыштап дамыған техника тілін тез меңгерген қазіргінің балаларын ересектердің «ертегісіне» сендіре алмайсың. Жасөспірімдер үшін жабық тақырып, анайы көріністерді жаһанды жаулаған ғаламтордан көріп біліп, ата-ананың емес, теңдесіз техниканың «тәлімін» түйсігіне түйіп алған. Соның соңы індеттің ұясы, өкініштің ошағы, ажалдың аранына айналған айықпас ауруларға  арандатуда.

 

Ғасырдың қауіпті дерті – жұқпалы қорғаныс тапшылығын құртатын /ЖҚТҚ-СПИД/ аурудың алдын алуда сақтандыру семинарлары мен айлық  акциялар өтуде. Жақында Шелек селолық округі әкімдігінің мәжіліс залында кәсіпкерлер, шаруа қожалық басшылары мен колледж студенттерінің басын қосқан «Халық денсаулығын сақтайық!» деген тақырыпта семинар өтті. Аудан бойынша ЖҚТҚ-ға жауап-ты дәрігер, акушер-гинеколог Назгүл Намазбекова ажал құштыратын бұл аурудың 1981 жылы АҚШ-та тіркелгенін, ол тек қана  жыныстық қатынас, ауру адамның қаны /қан құю, ортақ шприц пайдалану т.б./ және осы қоздырғышты жұқтырған анадан балаға ауысу арқылы жұғатынын арнайы көрсетілім бойынша айтып, тәптіштеп түсіндіріп берді. Салауатты өмір салтын насихаттаушы дәрігер Арухан Нысанбаева, сенім бекетінің мейірбикесі Кенжеш Батырбекова нашақорларды басып озып, ЖҚТҚ жұқтырушылар бірінші орынға шыққанын, республика бойынша 23700-дей, ал ауданда 271 адам осы аты жаман аурумен ауыратынын, сақтануда саналылық танытып, тегін тексеріліп, алдын алу шараларын қазақ, орыс тілдерінде әңгімелеп берді. Көптеген сұрақтарға жауап беріліп, жастардың қауіпті дерт жайлы түсінік, пікірлері тыңдалды.

БҰҰ-ның есебі бойынша 15-24 аралығындағы жастардың 12 миллиондай адамдағы қорғаныс тапшылығын әлсірететін ВИЧ-инфекциясына шалдыққандар. Республикамызда ер балалар-дың 8, қыз балалардың 3-4 пайы-зы 15 жасқа дейін жыныстық жақындықта болған. Бұл жерде басты кемшілік аналар қыздарына, әкелер ұлдарына ұят саналатын жабық тақырып аясында әңгіме өрбітіп, ақыл айтып отырса, үйленбей жатып опық жеудің алдын алуға болар еді. Ата-анасын ғаламторға айырбастаған жариялылық жөнсіз жайлаған заманда: «Ақыл айтып шаршама, айтар сөзің қонбасқа» – деп Саққұлақ шешен айтпақшы, экономикасы дамыған Канада, Франция, Швеция сияқты елдерде осындай тақырып кеңінен ашық айтылып, түсінік шаралары жүргізілгендіктен жасөспірімдер арасындағы жүктілік және жыныстық қатынас арқылы жұғатын түрлі жұқпалы аурулардың көрсеткіші едәуір төмендеген. Бұл семинарда да «ұлы сөздің ұяттығы жоқтығы» ескеріліп, ашық сырласу, сақтану салдары – мүшеқап, кеңес кітаптары таратылып, түсіндірілді. Өйтпеске амал да жоқ, «махаббаты маздаған» жасөспірімдердің өкініш өртіне шалдықпауы үшін санасына сақтанудың сара жолын көрсетуден басқа.

Малайлар қожайынға қалай құл болса, ақымақ адам да өз нәпсісіне солай құлға айналады. Шылым тартып, арақ ішіп, есірткіге есі кетіп, ерсі қылықтарға барады. Қала берді «жабайы» жыныстық жақындасуға бой ұрады. Ақыры айықпас ажал ауруына шалдығады. Мұндай жабайы әрекеттен құтқарып, арсыздықты тыятын бір-ақ жол бар. Ол – имандылық. Семинар, кездесулерде арнайы мамандармен қатар имамдарды да шақырып, имандылық жайлы сананы сергітер әңгімелерді тәрбиелік тақырыпқа арқау етсе, жастардың ашық күнде адасып, теріс жолға түсуден сақтандыруға септігі тиер еді. Өйткені, нәпсінің құлын түлен түртеді, жақсының күнін иман күтеді.

Анарбек БЕРДІБАЕВ. 

Оқылды 3556 рет

Соңғы жаңалықтар

Сәу 30, 2025

Стартовал первый день IV…

8-9 апреля 2025 года Высшая школа экономики и бизнеса Казахского национального…
Сәу 28, 2025

Әлемдік қант алыбы Қазақстанға келеді

Алматы облысында әлемдік қант өнеркәсібінің көшбасшыларының бірі – Al Khaleej Sugar…
Сәу 28, 2025

Сахарный гигант из ОАЭ приходит в…

В Алматинской области может появиться завод одного из мировых лидеров сахарной…
Сәу 25, 2025

Алматы облысында өрт қауіпсіздігін…

Бүгінгі таңда орман шаруашылығы мекемелерінің 10,6 гектар аумағында 2 орман өрті…
Сәу 25, 2025

«Кибернадзор» жүйесі арқылы 520…

Алматы облысының Өңірлік коммуникациялар қызметінде өткен баспасөз мәслихатында облыстық…
Сәу 23, 2025

Қазақстандықтардың басым бөлігі…

Мемлекет басшысының бастамасымен биыл (2025 ж.) Қазақстанда алғаш рет Ұлттық кітап күні…
Сәу 23, 2025

«Әлеуметтік әмиян»: оқушылардың…

Өткен жылдан бастап Қазақстан мектептерінде «Әлеуметтік әмиян» атты жаңа цифрлық жүйе…
Сәу 23, 2025

Былтыр Атырауда өткен Ұлттық…

Соған сәйкес, биылдан бастап 23 сәуір – Ұлттық кітап күні болып белгіленді. Атаулы күнге…

Күнтiзбе

« Мамыр 2025 »
Дс Сс Ср Бс Жм Сб. Жк
      1 2 3 4
5 6 7 8 9 10 11
12 13 14 15 16 17 18
19 20 21 22 23 24 25
26 27 28 29 30 31  

Кез келген материалды
көшіріп басу үшін
mezet.kz - ке гиперсілтеме
қою керек 

Яндекс.Погода

 

https://kurs.kz/ - Курсы валют в обменных пунктах г. Алматы и других городах Казахстана

Жарнама

для детей, достигших 12 лет