Осыған орай жақында аудандық прокуратура аудан аумағында тексеріс жұмыстарын жүргізген. Анықталғандай, жылына 15 мың 730 тонна қоқыс шығарылса, оның ішінде 3146 тоннасы медициналық қалдықтар. Сәйкесінше, осыншама көлемдегі тұрмыс қалдықтарын төгетін орындар әрбір ауылдық округте жасақталған. Жалпы көлемі 87,6 га жер телімі бөлініп, құжаттары рәсімделіп, селолық округ әкімдері аппараттарының теңгеріміне берілген. Алайда, аудандық прокуратураның тексеруі нәтижесінде мынадай олқылықтар орын алған. Шелек, Масақ, Нұрлы, Қазақстан, Ж.Қайыпов, Балтабай, Ақбастау, Бірлік, Еңбек, Бәйдібек би, Ақжал, Ащысай, Тауқаратұрық, Х.Бижанов, Қорам, Саймасай, Нұра, Қаражота, Ақтоған, Сарыбұлақ, Тескенсу, Толқын, Көлді, Ақши, Казатком, Қарасай, Аймен, Ават, Түрген, Қаракемер, Ташкенсаз елді-мекендерінде тұрмыстық қалдықтар тастайтын орындар санитарлық-экологиялық талаптарға сай емес. Өндіріс және тұтыну қалдықтарын жинауға, пайдалануға, қолдануға, залалсыздандыруға, тасымалдауға, сақтауға және көмуге қойылатын санитарлық-эпидемиологиялық талаптарды орындау үшін және полигондардың экологиялық құжаттары жасалмаған. Полигондардың құрылысы дұрыс жүргізілмеген.
ҚР экологиялық Кодексінің 292 бабының 1 тармағына жергілікті атқарушы органдар коммуналдық қалдықтардың бағалы құрауыштарын бөлек жинауды, уақытша сақтауды, ұдайы тасып әкетуді және залалсыздандыруды, сондай-ақ елді мекеннің аумақтарын тазартуды көздейтін, коммуналдық қалдықтарды жинаудың ұтымды және экологиялық қауіпсіз жүйесін ұйымдастыруға жауап беретіні көрсетілген. Аудандық прокуратураның шешіміне сәйкес, жоғарыда аталған округтерді тексерудің қорытындысымен анықталған заң бұзушылықтар бойынша, Қазақстан Республикасы Әкімшілік құқық бұзушылық Кодексінің 324 бабының 1 бөлігі бойынша жоғарыда аталған округ әкімдеріне айыппұл салу туралы ұсыныс аудан әкімдігіне жіберілді.
Сардарбек НҰРАДИН.