Бейсенбі, 28 Сәуір 2016 10:47

Мылтықсыз майданның мықтысы

1986 жыл. 26 сәуір. Азамат тарихында өз масштабы бойынша ұмытылмас із қалдырған техногендік әрі гуманитарлық қасіретті апат – Чернобыль атом электр станциясының /АЭС/ жарылысы болған күн. Айдаһардай  аузынан ажал отын шашқан алапат апатты ауыздықтауға атсалысқандарды алып демей не дейміз? Ертегідегі кейіпкерлер іспеттес олар осыдан 30 жыл бұрын өмірде көзге көрінбей жалмайтын ажалмен айқасты. Сондықтан да бұл күн Чернобыльдік халықаралық еске алу күні болып тарихқа енді.

 

Мамандар есебі бойынша сол күні атмосфераға 190 тонна радиоактивті залалдар атылған. Реактордағы өрт екі апта өршіп, жүздеген мың адам тағдырын тәлкекке салған. Осы алып «айдаһардың» көмейін тас қып бітеу үшін бұрынғы КСРО бойынша қаншама адам жұмылдырылды. Соның ішінде қазақстандықтар да бар. «Аждаһамен» айқасқан 30 мыңнан аса Қазақстан қаһармандары осы опық жегізген оқиғаның куәсі. Сол азаматтардың қаншасының өмірі ерте өшсе, қаншасы мүгедек болып азабын әлі күнге арқалап келеді. Бүгінгі таңда «чернобыльдықтар» деп аталатындардың бәрі келешек ұрпақ өмірі үшін өздерін құрбандыққа қиғандар. «Өлі аймаққа» өмір дәнін сеуіп, мылтықсыз майданның жауынгеріне айналғандар. Соның бірі – шелектік Ержан Омаров.

«Ержан» деп атын тауып қойыпты ата-анасы. Бала кезден кітаптан оқыған, кинодан көрген қаһармандар ерлігіне еліктеп өсті. Бала қиялының әсері ғой, ертегінің ерлеріндей болмақ ниетпен аудандық әскери комиссариатқа барып, «Мені Ауғанстанға жіберіңдер» деп сұранған кездері де болды. Тағдыр шығар, ағайындары «Ажалға асығып жүрсің бе?» – деп Ауғанстаннан алып қалғанмен, Чернобыль АЭС апаты күтіп тұрыпты. 1986 жылы Харьков қаласында әскери сапта далалық су жабдықтау мамандығы бойынша                    курста оқыды. Бұрғыламаға автосүзгіш қондырғы орнату бригадасының басшысы ретінде қызметтес сарбаздармен бірге Гомель облысы Брагино қаласына ауыстырылды. Құлаққа ұрған танадай тыныштық орнаған қалаға келгенде залалданған аймақты тазарту жұмыстарын атқаратынын бірақ білді. 1987 жылдың көктемінде Парышев қаласына Ержан басқарған взводты жедел жеткізді. Бұл Чернобыль АЭС-ынан 8 шақырым қашықтықта орналасқан қала. Олар БТР-ға мініп көшелерді, ғимараттарды жуу жұмысын атқарды. Ағаштар мерзімінен бұрын сарғайған, жемістер қалыпты жаратылысынан екі-үш есе ұлғайып, самсып пісіп, ауыздың суын ағызады. Алайда... жеуге болмайды. Көздің құрты болып қызықтырса да, тәбетіңді тиған абзал. Бұл сиқырланған аймақ «аждаһасының» ажалға арбаған тажал құрығы еді. Нағыз ертегілер елінде жүргендейсің. Қала орталығындағы Отан соғысында мерт болған бауырластар бейітіне келгенде, өзгелерден еңсесі биік ескерткіш орнатылған моладағы жазуға көзі түсті. Онда «Қ.Аухадиев» деген фамилия көзіне оттай басылды. Аухадиевтар Шелек ауданында да бар еді.

– Көрдіңдер ме, мынау – Кеңес Одағының Батыры менің жерлесім, қазақ, – деп қояды.

Шынында да Қойгелді қазақ еді. Ержан ойлағандай жерлесі болмаса да Қазақстанның Батыс облысының тумасы еді. Ұрыс кезінде фашистердің бес танкісін, өздігінен жүретін «Фердинанд» зеңбірегін, оқ-дәрі таситын үш автомашинасын жойып, Днепрден алғашқылардың бірі болып өтіп, қарсы шабуылға шыққан жаудың жолын бөгегені үшін Кеңес Одағының Батыры атағы берілген. «Қазақ мұндай ерлік жасаса, мен неге аталарымдай ер болмасқа» деген ой келді Ержанға. Ерлік Ержанға үлгі болды. Сондықтан болар, оның әскери және саяси дайындықтың үздігі болғаны. Ол басқарған взвод басқаларға өнеге болып, тапсырмаларды тыңғылықты атқарды. Олар туралы қабырға, әскери газет беттерінде мақтап мақала жазылды.

Көше, ғимараттарды сумен шайып, үйреншікті тапсырманы орындап жүрген жаздың жайма шуақты күндерінде ұшқан құсты алғаш көрді. Бір ләйлек көкте қалқып ұшып, биік шатырдың үстіндегі бұрынғы ұясына қонды. Бұл қаладағы тіршіліктің алғашқы белгісі еді. Барлық сарбаздардай арнайы киім, тыныс алу бет бүркегіш киіп алған Ержан ажал шашқан «айдаһардың» өзі ажал құшқанын сезді. Туған жерге оралған соң Ержан Жармұханбетұлы жұмысқа құлшына кірісті. Чернобыль АЭС апаты ардагерлерінің ғана емес, Ауған соғысына қатысқандарды қосып, қоғамдық ұйым құрды. Кейінірек Венгер соғысына қатысқан және Семей атом сынағы жасалған аймақты залалсыздандыруға қатысқан ардагерлерді де өзіне қосып алды. Оларға әлеуметтік жеңілдік жасау, санаторийге барып емделу, мектеп оқушыларымен кездесу өткізіп, патриоттық тәрбие беру мәселелерін қолға алды. Әр жыл сайын әр селолық округ әкімдерімен келісіп, кездесулер өткізуді ұйымдастырды. Қайтыс болған ардагерлер үйінің маңдайшасына арнайы тақтайша жасатып ілдірді, жесірлеріне жәрдемақы алуға көмектесті. Алексей Займидорога деген ауғандық ардагер туыстарына алданып, баспанасыз қалғанда, жалғызбастылар  тұратын арнайы үйге орналасуына көмектесті. «Жақында хабарласып, жағдайын білдім. Сол жердегі бір келіншекке үйленіпті» деп қуанышты хабарын айтты. «Нұр Отан» партиясы Шелек бастауыш ұйымының атқарған жұмысы бойынша аудан, облыста алдыңғы қатардан көрінуі де осы Ержанның ерен еңбегінің жемісі. Сол үшін де ол Елбасы Н.Назарбаевтың алғыс хатымен марапатталды. Чернобыль АЭС апатының 30 жылдығына орай төтенше жағдайлар министрлігінің  арнайы медальмен марапатталуға ұсынылды.

Мылтықсыз майданның мықтысы  Ержан Омаровты бүгінгі бейбіт күннің батыры десе де болады. Оның өзі сияқты азаматтарға қол ұшын созып, азаматтық танытуы ерге тән қасиет. 

Анарбек БЕРДІБАЕВ.

Оқылды 3296 рет

Соңғы жаңалықтар

Сәу 30, 2025

Стартовал первый день IV…

8-9 апреля 2025 года Высшая школа экономики и бизнеса Казахского национального…
Сәу 28, 2025

Әлемдік қант алыбы Қазақстанға келеді

Алматы облысында әлемдік қант өнеркәсібінің көшбасшыларының бірі – Al Khaleej Sugar…
Сәу 28, 2025

Сахарный гигант из ОАЭ приходит в…

В Алматинской области может появиться завод одного из мировых лидеров сахарной…
Сәу 25, 2025

Алматы облысында өрт қауіпсіздігін…

Бүгінгі таңда орман шаруашылығы мекемелерінің 10,6 гектар аумағында 2 орман өрті…
Сәу 25, 2025

«Кибернадзор» жүйесі арқылы 520…

Алматы облысының Өңірлік коммуникациялар қызметінде өткен баспасөз мәслихатында облыстық…
Сәу 23, 2025

Қазақстандықтардың басым бөлігі…

Мемлекет басшысының бастамасымен биыл (2025 ж.) Қазақстанда алғаш рет Ұлттық кітап күні…
Сәу 23, 2025

«Әлеуметтік әмиян»: оқушылардың…

Өткен жылдан бастап Қазақстан мектептерінде «Әлеуметтік әмиян» атты жаңа цифрлық жүйе…
Сәу 23, 2025

Былтыр Атырауда өткен Ұлттық…

Соған сәйкес, биылдан бастап 23 сәуір – Ұлттық кітап күні болып белгіленді. Атаулы күнге…

Күнтiзбе

« Мамыр 2025 »
Дс Сс Ср Бс Жм Сб. Жк
      1 2 3 4
5 6 7 8 9 10 11
12 13 14 15 16 17 18
19 20 21 22 23 24 25
26 27 28 29 30 31  

Кез келген материалды
көшіріп басу үшін
mezet.kz - ке гиперсілтеме
қою керек 

Яндекс.Погода

 

https://kurs.kz/ - Курсы валют в обменных пунктах г. Алматы и других городах Казахстана

Жарнама

для детей, достигших 12 лет