Бейсенбі, 26 Қыркүйек 2019 17:02

Қариялар – тәрбиенің тал бесігі

Үлкенді сыйлау, оларға құрмет көрсету – ата-бабадан келе жатқан салтымыз. Қарттарымызды ардақтауға ерекше көңіл бөлген қазақ халқы олардың өмірлік тәжірибелерінен үлгі-өнеге алып, ақыл кеңесіне құлақ асып отырған. Бүгінгі таңда да барлық қоғамдық жұмыстар көнекөздерімізбен ақылдаса отырып жасалады. Осындай асыл қазыналарымыздың қазір қарасы сиреп барады. Ақиық ақын Мұқағали жарлағандай, бірі келместің кемесіне мініп, енді бірі кеме күтіп жағада тұр. Аз болса да, бейнетінің зейнетін көрер шағында еліміздің дамуы жолында аянбай тер төгіп, ұрпақ тәрбиесіне, ұлт тәрбиесіне ерекше көңіл бөліп жүрген қарттарымыз бар арамызда. Солардың бірі Есік қаласының тұрғыны Әпсемет Мырқасымов. Сексеннің сеңгіріне таяған ақсақалымызбен халықаралық қарттар мерекесі қарсаңында кездесіп, тілдесіп қайтқан болатынбыз.

– Әпсемет ата, өнегелі өміріңізден сыр шертіп өтсеңіз.

– Мен 1942 жылы қазіргі Қызылжар (Көктөбе-2) ауылында дүниеге келдім. Біздің балалық шағымыз соғыстан кейінгі жылдары өтті. Өте қиын кезең болатын. Әкем менің бір айлығымда әскер қатарына алынып, майданға аттанады. Соғыста Волоколамскіде қайтыс болады. Бала күнімізден үй шаруасымен айналысып, анамызға қолғабыс ететінбіз. 11 жасымда Алатаудың етегінен шөп шауып, есекке артып, таситынбыз. Үйдегі малды жайғау біздің мойнымызда болатын.

Институтқа түсіп, оқуымды тәмам-дағаннан кейін Шымкентте бір жыл жұмыс істедім. 1968 жылы Төле би ауылындағы Құрылыс-монтаж конструкцияларының комбинатына (КСМК-3) жұмысқа орналасып, 18 жыл еңбек еттім. 1986 жылы Қаракемер кірпіш зауытына директор қызметіне тағайындалып, Кеңес үкіметі тарқағанша сол жерде болдым.

– Сіздің 3 қыздың асқар тау әкесі екендігіңіз бізге мәлім. Қазақ халқы ертеден қыз тәрбиесіне ерекше көңіл бөлген ғой ...

– Әрине, бала сүю – әрбір адам үшін баға жетпес бақыт, таусылмас қуаныш. Тек сол баланың тәлімі мен тәрбиесі, адамгершілігі мен адалдығы ғана қуанышыңды еселей түседі. «Тәрбие» сөзі араб тілінен аударғанда, «көктеу, өсіру, жетілдіру» деген мағынаны білдіреді. Яғни, сәбидің болашағы алған тәрбиесіне тікелей қатысты болары анық. Сондықтан, дана қазақ тәрбиені тал бесіктен бастаған. Әсіресе, қызға қырық үйден тыйым салған ата-бабамыз қыз баланы қонақ санаған. Жатжұрттық баланың тәрбиесіне қатты көңіл бөліп, ерекше назар аударған. Бұл туралы Жүсіп Баласағұн ХІ ғасырда былай деген:

Тәрбиесіз бала білім ұғар ма,

Олай болса, уысыңнан шығарма.

Ұл мен қызын шолжаңдатса бетімен,

Тартар күйік, ет кескендей етінен.

Қыз әуелде ана бауырында, отбасы тәрбиесінде болады. «Шешеге қарап, қыз өсер» дегендей, біздің отбасымызда да үш қыздың тәлім-тәрбиесімен анасы   айналысты. Мен де бабалар жолын ұстанып, үш қызыма әдептілік, ибалық-инабаттылық сипаттарын үйретіп, білімді, тәрбиелі болуға баулыдым. Қазір Аллаға шүкір, оқуларын тәмамдап, тұрмысқа шығып, өздері бір шаңырақтың ұйытқысына айналып, ұл-қыз тәрбиелеп отырған жайлары бар.

– Бүгінгі жастардың ұстанатын бала тәрбиесіне көңіліңіз тола ма?

– Шынымды айтсам, қазіргі күнгі тәрбиеге мүлдем қарсымын. Әрине, көпке топырақ шашуға болмайды, бірақ, бүгінгінің жас аналары балаларды смартфонның көмегімен тәрбиелеуде. Олар өз балаларының емес, бүтін бір ұрпақ тәрбиесімен айналысып отырғандығын сезінбейтін секілді. Телефондардың бала денсаулығына зиян екендігін мен секілді қарттар емес, әлем ғалымдары айтып дабыл қағуда. Алайда, нәтиже шамалы. Мен балаларымызды заман көшінен қалдырып, жаңа технологияларды меңгермесін деген ой тастаудан аулақпын. Әр нәрсе өз орнымен, өз уақытымен болуы керек. Қазір қай үйге барсаң да құндақтағы баланың өзі телефонға үңіліп, неше түрлі дүниелерді қарап отырады. Бұл – аналардың үй       шаруаларын тындыру үшін ойлап тапқан айласы болса керек.

Біздің бала күнімізде сәбилерге бесік жыры айтылып, ес білген балаларға әжелері ертегі, аталары тағылымды аңыз-әңгімелер айтып беретін. Бүгінде ертегі айтатын әжелеріміз азайып кеткен.

– Оныңыз рас, бүгінде ертегі тыңдап өскен бала көрмейміз. Ал ақыл айтар ақылгөй қарияларымыз бар ма?

– Қай заманда  болмасын, артынан ергендерге жөн сілтеп, тура жолға бастар қарияларымыз болған, болады да. Тек, уақыт өте келе олардың да саны азайып бара жатқан секілді. Тіпті, бата бере алмайтын қарияларды да көзіміз көріп жүр, өкінішке қарай. Қазақтың хас батыры Бауыржан Момышұлы қарттарды төртке бөлген. Отбасы, ошақ қасынан ұзап шыға алмай, түтін аңдып, үй аралап өсек айтатын қарт – шал. Өз әулетін шашау шығармай уысында ұстап, билік жүргізген қартты – қария. Тұтас бір ауылдың жыртығын бүтіндеп отырған қартты – ақсақал. Ал елдің дау-дамайын шешіп, тұла бойына тағылымды тарихты, ізгі қасиеттерді сіңірген қартты – абыз деп атаған. Қазіргі уақытта батыр айтқан қарттардың қатары азайып барады. Ақсақалдарымыз өз ортасында, отбасында ғана ақыл айтып отырады. Кейбірінде, тіпті, мұндай қасиет те жоқ. Оған себеп – асығыс заманда өмір сүріп жатқан бүгінгі қоғам. Бұл олқылықтың орнын толтыру жастарға айтары бар қарияларды оқушылармен, студенттермен жиі кездестіріп, іс-шараларға шақыртудан басталады. Бұл жұмыстармен аудандық ақсақалдар кеңесі айналысып келеді. Десек те, игі істі жандандыру қажет. Қарттарды отбасы, тәрбие құндылықтарын арттыруға тарту керек.

– Бүгінгінің жастары қандай? Көңіліңізден шығады ма?

– Бұл сұрақты екіжақты қарастыруға болады. Бір жағынан, әрине, жастарға дән ризамын. «Ақыл – жастан, асыл – тастан» деген сөз бекер айтылмаса керек. Бүгінгінің жастары білімге құштар. Бәсекелестік дамыған заманда білімді мамандарға еліміз мұқтаж. Сондықтан бұл бағытта көшіміз ілгері келеді. Дей тұрғанмен, білімнің, күйбең тіршіліктің қамымен жүрген жастарымыз ұлттық, рухани құныдылықтардан алыстап бара жатқан секілді. Ақпараттық технологияны меңгеру үшін алдымен тіл білу керектігіне таласым жоқ. Бірақ, өзіміздің ана тіліміз, баба тіліміздің күйі не болмақ? Осыны қазіргі қоғам ұғынса деймін. Себебі, қазақ тілі – қазақтан басқа ешкімге қажет емес. Сондай-ақ, салт-дәстүріміз бен әдет-ғұрпымыз да жастарымыздан алыстап барады. Бір ғана мысал, жаңа туылған нәрестелеріміздің басым бөлігі бесікке бөленбейді. Бесік – біздің тарихи құныдылығымыз ғана емес, ол тазалықтың белгісі. Бесікке бөленген бала таза, жылы жатады әрі денсаулығына оң әсерін тигізеді.

Тағы бір мәселе – қазір кітап оқудан қалдық. Кеңес үкіметі тұсында, тығылып жүріп парақтайтын құныдылықтарымыз осы күні кітапханаларда шаң басып жатыр. Аудио кітап, электронды кітаптар қаптап, заманауи үлгіде білім кеңістігін кеңейтетін күйге жеттік. Алайда, электронды кітаптың көзге зиян екендігін, аудиооқулықтардың оқу мәнеріне кері әсерін тигізетіндігін біле бермейміз.

– Сұхбатыңызға рахмет.

 

Әңгімелескен Сардарбек НҰРАДИН.

Оқылды 2222 рет

Соңғы жаңалықтар

Маус 24, 2025

Алматы облысы әкімінің өкімімен…

Бақытнұр Бақытұлы 1986 жылы туылған, білімі жоғары, 2008 жылы Нархоз университетін…
Маус 24, 2025

Распоряжением акима Алматинской…

Бакытнур Бакытулы родился в 1986 году, имеет высшее образование. В 2008 году окончил…
Маус 24, 2025

По поручению Президента Олжас…

По поручению Главы государства Касым-Жомарта Токаева в Астане в рамках объявленной недели…
Маус 24, 2025

Олжас Бектенов Президент тапсырмасы…

Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаевтың тапсырмасы бойынша жарияланған «Заң және тәртіп»…
Маус 24, 2025

Қазақ спортшыларының өткен аптадағы…

Ақмарал Ерекешеваның тарихи алтыны 16–23 маусым күндері Болгария астанасы Софияда өткен…
Маус 24, 2025

Қазақстанда “Заң мен Тәртіп” жаңа…

Қазақстанда “Заң мен Тәртіп” жаңа цифрлық сервисі іске қосылды, — деп хабарлайды…
Маус 24, 2025

В Казахстане запустили новый…

В Казахстане запустили новый цифровой сервис "Закон и Порядок", сообщает Polisia.kz.…
Маус 23, 2025

Полиция и народ — единое целое

Глава государства подчеркнул: основа доверия — это живой диалог с обществом. Участковые…
Маус 23, 2025

О приглашении присоединиться к…

18 июня 2025 года Комитет министров Совета Европы одобрил инициированную Генеральной…

Күнтiзбе

« Маусым 2025 »
Дс Сс Ср Бс Жм Сб. Жк
            1
2 3 4 5 6 7 8
9 10 11 12 13 14 15
16 17 18 19 20 21 22
23 24 25 26 27 28 29
30            

Кез келген материалды
көшіріп басу үшін
mezet.kz - ке гиперсілтеме
қою керек 

Яндекс.Погода

 

https://kurs.kz/ - Курсы валют в обменных пунктах г. Алматы и других городах Казахстана

Жарнама

для детей, достигших 12 лет