Мерейлі күндегі игі шараның ашылу салтанатында азаттық-тарды мерекемен құттықтап, қуанышына ортақтасқан Бақтияр Өнербаев облыс бюджетінің үштен бір бөлігі білім саласына бөлінетіндігін атап өтті.
– Бүлдіршіндеріміздің заман талабына сай мектепте білім алуы – тәуелсіздіктің берген сыйы. Осындай жағдайда оқы-ған ұл-қыздарымыз келешекте еліміздің патриоты болып, егемендік тұғырын бекем етеріне сенім мол.
Облысымызда бүгінгі таңда 36 мектептің құрылысы жүріп жатыр. Жылдың аяғына дейін тағы 5 мектептің құрылысы басталады.
Сонымен, алдағы екі жылдың ішінде 41 мектеп салынып, бүлдіршіндердің қуанышы еселенбек. Қазіргі уақытта облысымызда 3 ауысымда оқытатын 51 мектеп бар. Осы білім мекемелерінің мәселесін шешуге Ұлттық қордан, жергілікті бюджеттен 50 млрд теңгеге жуық қаржы бөлініп жатыр. Аталған қаржы игеріліп, 2 жылда 3 аусымды мектеп проблемасы толығымен шешіледі – деп Жетісу жеріндегі мектеп мәселелеріне тоқталып өтті. Сонымен қатар, ауыл жұртшылығына облыс әкімі Амандық Баталовтың құттықтауын жеткізіп, жаңа мектепке теледидар тарту етті. Мектептің құрылысын жүргізген мердігер «Риголит» жауапкершілігі шектеулі серіктестігінің директоры Сейдулла Сәрсеков мектеп директоры Шолпан Қошахановаға салтанатты түрде ғимараттың кілтін тапсырып, жаңа мектептегі жаңа оқу жылында сәттілік тіледі. Ескі мектеп пен хан сарайына бергісіз зәулім ғимаратты салыстыра сөз сөйлеген ауданымыздың құрметті азаматы Қожахмет Шамахунов Мемлекет басшысы Н.Ә.Назарбаевтың жүргізіп отырған саясатына дән риза екендігін жеткізіп, білім беру мәселесін бірінші кезекке қойған облыс пен аудан әкімдігіне шексіз алғысын жеткізді. Кейіннен, құрметті қонақтар мен ауыл тұрғындары оқу ордасының лентасын қиып, қазақы дәстүрге сай шашу шашты. Ауыл ақсақалдары ақ батасын беріп, барлығы ғимаратты аралады.
Рахат ауылдық округінің тұрғындарымен кездесу барысында Мәжіліс депутаты Зағипа Балиева: «Қалалық оқушылардан ауыл балаларының қай жері кем? Олардың да жаңа, кең, заман талабына сай мектепте білім алуына толыққанды мүмкіндіктері бар. Болашақта солай болады» – деген болатын. Міне, бүгін азаттық оқушылар үшін заманға сай жаңа мектепте білім алатын күн туды. Алғашқы оқу күні ғимаратты аралаған оқушылардың қуанышында шек жоқ. Ескі тар мектепте бір-бірімен сығылыса білім алған балғындар «Нұрлы жол» бағдарламасы аясында бой көтерген жаңа мектептегі дәліздің кеңдігіне қуанып, құралдармен жабдықталған оқу кабинеттерін, мәжіліс залы мен спортзалды көріп, таң-тамаша күй кешті. Солай болуға себеп те бар. Үш ауысымды мектептің орнына салынған 300 орындық білім ошағының құрылысына бюджеттен 748 млн теңгеге жуық қаражат бөлінген. Оқу ордасы заманауи материалдық-техникалық базамен толық қамтылған. Ішінде 2 лингафон-мультимедиялық кабинеті, 90 компьютермен жабдықталған информатика сыныптары мен интерактивті тақталар жұмыс істеп тұр. Тіпті, қыз балаларға арналған тігін шеберханасы бар. «Барлық жағдай жасалған осындай мектепте жақсы оқимыз. Бізге сапалы білім алуға толыққанды жағдай жасаған мемлекетіміздің дамуына өз үлесімізді қосамыз» – дейді мектеп оқушылары бірауыздан.
Сардарбек НҰРАДИН.