Алғашқы мәселе бойынша мінберге экономика және бюджеттік жоспарлау бөлімінің басшысы Ермек Жакеев көтерілді. Оның айтуынша, биылғы жылды аудан жалпы сомасы 20 млрд теңгемен бастаған. Ал былтырғы жылғы сәйкес мерзімде бұл көрсеткіш 17 млрд теңгенің айналасында болған екен. Жаңа жылғы жоспарларды жан-жақты тыңдаған депутаттар бірден өзекті сұрақтарға көшті. Оның ішінде Бекет Төлегенұлы: – Өздеріңіз білетіндей 2016 жылы аудандық мәслихат депутаттары Есік қаласы мен ауылдық округтердің барлығын аралап, кешенді мәселелерді депутаттық сауал ретінде жолдаған болатын. Бірақ, сол сауал бойынша көтерілген түйіткілді сұрақтар сіздерде неге қаралмаған? – деді. Ермек Ильянұлы депутаттық сауалдардың жартысынан астамына тиісті жауаптар берілгендігі, қалғаны құжаттары толық болмағандықтан жүзеге аспағандығын тілге тиек етті. Ал: – Оқушыларды тасымалдауға қажетті жанар-жағармайға міне тағы да 20-25 млн. теңге көлемінде қосымша қаражат керек деп отырсыздар. Бірақ, сол тасымалдап жүрген азаматтардың қалай жұмыс істеп отырғандарын көрдіңіздер ме? Ішіндегі балалар есігін ашса сыртына сыймағандықтан құлап шығып жатады. Ал тасымалдап жүрген көліктері 6 автобус мемлекеттікі. Олар соны жалдағаны үшін шартқа отырып, бюджетке қаражат төлей ме өзі?, – деген мәслихат хатшысының сөзіне Ермек Жәкеев үнсіз қалды.
Кезекті есеп беруге шыққан аудандық ветеринария бөлімінің басшысы Бейсенғали Бименовке аудандық мәслихат депутаты А.Дауытқұлов: – Сіздер 2016 жылы 168-ге жуық ветеринар қызметкерлерін алған болатынсыздар. Олар бүгінгі таңда ақысыз демалысқа жіберіліп тастады. Жұмыссыз, жалақысыз жатқандарына 3-4 ай болды. Бұл мәселені қалай шешесіздер? – деді. Сұраққа бөлім басшысы: Көктем келісімен малдарды емдеу жұмыстары күшейе түспек. Осы ретте тағы да қосымша жұмыс күші керек болады. Сол кезде келісімшарттағы азаматтарды қайта жұмысқа қабылдайтын боламыз. Қазіргі уақытта әр ауылдық округте мал санына қарай бірден, екіден мамандарымыз өз жұмысын жүргізіп отыр – деді.
Мұндағы бірліктердің қысқаруына еңбекақы өскен сәтте бюджет дұрыс есептелмеу себеп болған. Бұл тұрғыда Бекет Төлегенұлының: – Сіздер бюджетке сұраныс жасағанда, оны жоспарлағанда қалай есептедіңіздер. Қаражаттың жетпей қалатындығын білмеген бе сонда осы бағыттағы жауапты мамандарыңыз. Неге басқа бөлімдер секілді қосымша сұраныс жолдап, оны бақылауға алмадыңыздар? – деген сұрағы да қанағаттандырылмай қалды.
Сонымен қатар аудандық білім бөлімі басшысының міндетін атқарушы Әсел Молдасбаеваға да сұрақтар желісі толассыз болды. Алайда, көңілге қонымды жауап алынбады.
Сонымен бір жарым сағатқа созылған біріккен комиссия отырысы арнайы қаулы шығарып, қойылған сұрақтар бойынша нақты жұмыстар жүргізілуін талап етті.
Қайнар ЖҰМАҒОЖА.