Осы күні кеше ғана қазақстандықтар 1 наурызда осымен екінші рет Алғыс айту күнін атап өтті. Дүниеге алып келген ата-анамызға, тәрбие, білім берген ұстаздарымызға, желеп-жебеген, қиын-қыстау шақтарда қамқор қолын созып, шапағат-шуағын аямаған жандарға, ағайындарға бір ауыз жылы сөзімізді жеткізіп жаттық. Қашанда мәртебеңді асырып, мерейіңді өсіретін осындай бір ауыз жылы сөз ғой!
1 наурыз күні мен де анам Күлбала Әлиасқарқызы мен әкем Сәрсен Әбдіхалықұлына құран бағыштап, жатқан жерлерінің жайлы, мәңгілік ұйқыларының тыныш болуына тілек тіледім. Ұл-қыздарын өсіріп, біздерді, барлығымызды ел қатарлы тұрмыс-халге жеткізгені үшін мың мәрте алғысымды білдірдім. “Әке – Асқар тау, Ана – мөлдір бұлақ” деген ғой. Анамыз үйде бала тәрбиесімен айналысса, әкеміз Таутүрген ауылында қырық жыл ұстаздық қызмет атқарды. Шәкірт тәрбиеледі. Ұжымшардағы еңбеккерлердің, малшы-лардың балаларын оқытты. Таутүрген мектебінде жиырма бес жылдай мектеп директоры болып, оның материалдық-техникалық базасын нығайтуға көп еңбек сіңірді. Соның жарқын бір дәлелі – 1965 жылы Таутүрген ауылында қазіргі екі қабаттан тұратын мектептің бой көтеруіне тікелей мұрындық болды. Әкем Сәрсен Әбдіхалықов 1949 жылдан 1975 жылға дейін 26 жыл Түрген селолық кеңесінің депутаты болды. 1922 жылы дүниеге келген әкем, ойлап отырсам небәрі 27 жасында халық қалаулысы болып, оны 53 жасқа келгенше мінсіз де, қалтқысыз атқарыпты. Сол депутаттық ман-датының арқасында бұрындары ауылда ауыз су құбыры жоқ еді, Тескенсу, Төрежайлау жақтан елдімекенге құбыр тартылып, колонкалар орнатуға ықпал етті. Қоғамдық монша салынды. Бүгіндері ауыл тұрғындарының тұрмыс жағдайы жақсы, әрбір үйде жеке моншалары бар десе де болады.
Әкемнің таулы өңірлерге 360 гектар жерге алманың небір түрін отырғызуға колхозшылар мен мектеп оқушыларын жұмылдырғанын көз көрген үлкендер жастарға айтып отырады. Мұны әкемнің атының өшпегені деп ұғынамын мен. Тау-таста өсіп тұрған жабайы алма ағаштары апорт, тас алма сияқты екпе ағаштарымен будандастырылып, кезінде Таутүрген ауылының еңбеккерлері ауданға жүздеген тонна алма жинап өткізетінін өзіміз де көргенбіз.
Ұлы Отан соғысына қатысқан әкемнің мемлекеттік 32 наградасы бар. Қазақ КСР оқу ісінің үздігі, аудандық және облыстық деңгейде алған марапаттары жетерлік еді. Москваны жаудан қорғады. Кейінгі кездері енді-енді айтып жүрген Ржев, Новоржев қалалары үшін болған қанды шайқастарға қатысушы. Дәл осы қалаларда жау оғынан үш рет жарақат алған әкем туған ауылына оралған соң оның өркендеуіне араласып, өзінің өлшеусіз үлкен үлесін қосты.
Соғыс жылдарында 16 жасынан еңбекке араласып, тылда жұмыс жасаған-дықтан анамыздың да алған 5-6 медалі бар. Соғыс ардагерлеріне теңестірілген деуші еді ғой оны. Сондықтан адал еңбектерімен ел құрметіне, абыройға бөленген әке-шешемді осы күні бір еске алуды жөн көрдім. Бастысы, әкем Сәрсен Әбдіхалықовты 1945 жылы Москвада 24 маусымда өткен Жеңіс парадына мотоцикл мініп қатысқан (командирі) майдангер қазақ болғаны үшін де зор мақтаныш етемін.
Ұстаз болған әкем шәкірттерге ұстаздық тәлім-тәрбие берудің небір тәлімін, қыры мен сырын айтып, маған аманат етіп еді. Сол өсиетін орындап, ұстаздық жолын жалғастырып келемін.
Гүлнәр АНАРҚҰЛОВА,
Таутүрген мектебі
директорының орынбасары