Жалпы қол ұстасқандардың бетінен алып, қолынан қағатын ажырасудың алғашқы себепкері – дүние. Иә, материалдық жағдайдың жұтаңдығы, ер не әйел міндеттерінің дұрыс атқарылмауы, арадағы түсініспеушілік пен ата-ене, қайын-жұрт ықпалы, перзентсіздік пен қызғаныш – шаңырақтың шайқалуына апарар алғашқы баспалдақтар. Әрине, «үйлену оңай, үй болу қиын» екеніне ешкім шүбә келтірмес, дегенмен, болар-болмас қиындыққа төзбей, «отбасы» атты ұлы құндылықтың шаңырағын ортасына түсіретіндерді Шариғат жақтамақ емес. Бұл тақырып туралы Есік қалалық орталық мешітінің бас имамы Хазірет Рәтбек Нысанбайұлы Шариғаттан сыр шертті:
– Жалпы, ислам дінінде ажырасуды арабша «талақ» дейді. «Талақ» Шариғатта ең жек көрілген іс. Өйткені, ынтымақпен қосылған екі адамның бір-бірінен ажырасып, өcіп-өнуден алшақтауын Шариғат құптамайды. Ал егер мәселе шешімін таппай, талақ қылып ажырасса, әйелдің баласы болса, сол баласы 2 жастан асқанша ер азамат оларды бүтіндей бағып отыруы қажет. Себебі, бұл – міндет. Ал, міндеттен жалтаруға болмайды. Дегенмен де, мүмкіндігінше, шаңырақты шайқалтпауға тырысу керек» – дейді хазірет. Сондай-ақ, тағылымы мол тарихқа көз тастар болсақ, қазақ қоғамында ажырасу өте сирек кездескен. Тіпті некенің бұзылуы екі тараптың ата-анасы үшін абыройдан айырылумен тең болған. Ұятты өлімнен биік қоятын қазақ халқы қашанда жастардың шапқылап жүрген балауса өмірлерінің алты қырдың астында қалып қойып, екіге бөлінуіне жол бермеуге тырысқан. Жастар арасындағы кикілжің шешімін таппай жатса, ауыл ақсақалдары жиналып, жастарға дұрыс бағыт сілтеп, татулыққа шақырған. Соның арқасында, «ажырасу» деген ұғым халыққа таңсық болған. Бұл сөзіме тұздық ұлы Абай Құнанбаевтың жанұялық өмірі. Ол алғашқы әйелі Ділдәға, әмеңгерлікпен үйленген әйелі Еркежанға деген сезімі болмаса да олармен ажыраспаған. Осыдан-ақ, дәстүрлі құқықтық сананың ырқы орынсыз неке бұзылуына, тірі жетім-жесірлердің көбеюіне жол бермегендігін аңғарамыз.
Бұрындары «пәленшенің баласы мен келіні ажырасыпты» – десе, жаға ұстап таң қалатын еді. Ал, бүгінде «некелері бұзылыпты» – дегенді естігенде, екінің бірі селт ете қоймайды. Әлем емес, Қазақстанның өзінде ажырасудың өрісі кеңейіп барады. Ресми деректер бойынша, соңғы жылдары елімізде некеге тұрғандардың қатары сиреп, ажырасқандардың саны артқан. Ұлыбританияның «The Econоmist» басылымы жариялаған соңғы «Әлем статистикасында» Қазақстан ажырасудан 10-орында тұр. Әрине, бұл жесірін қаңғыртпай, жетімін жылатпаған қазақ үшін басқа біткен қасірет. Бүгінде елімізде азаматтардың некесі АХАЖ органдарымен қоса сот арқылы да бұзылады. Айталық, Еңбекшіқазақ аудандық сотының мәлімдеуінше, 2015 жылы 595 ажырасуға қатысты іс қаралып, оның ішінде 26-сы медиация тәртібімен шешілген. Ал 2016 жылы 516 некені бұзу өтініші қаралып, 66-сы медиация тәртібімен шешімін тапқан. Осылайша, Еңбекшіқазақ аудандық соты өз тарапынан түсіндірме жұмыстарын жүргізіп, жанұяларды табыстыруға, мейлінше, атсалысып жатыр.
«Отбасылық өмірде ірі зілзаладан аман қалу, ұсақ-түйек кикілжіңнен құтылаудан әлдеқайда оңай» – дейді, колумбиялық жазушы Габриэль Гарсиа Маркес. Расында да, отбасылық кикілжіңнің шешімін табу қиын-ақ. Сол аз күнгі азапқа төзбей, тауы шағылып жататын жастардың ажырасудан кейін қиыналары заңдылық. Ал, арада бала болса ше? Психологтардың айтуынша, отбасын сақтау мүмкін болмаған күннің өзінде балалы ата-аналар ажырасарында өте абай болулары қажет. Өйткені, психологиялық тұрғыда ең үлкен зардап шегетін – үйдегі балалар. Ең сорақысы, ажырасқан отбасында жетіліп, тағдырдың ауыртпалығына төзе алмаған бала стресске ұшырап, суицидке баруы әбден мүмкін. Сондықтан да, нақты шешім қабылдамас бұрын, алдағы күн мен арадағы перзентті де ойлаған абзал.
Ел келешегіне төндірер осынау ауыр дерттен халқын айықтыру үшін әр мемлекет әртүрлі саясат ұстануда. Сондай елдердің бірі – Малайзия. Бұл мемлекетте отбасын құруға өтініш білдірген жастарды арнайы отбасылық курстарға қатыстырады. Курсты сәтті тәмамдаған жұптардың ғана өтініштерін қанағаттандырып, жанұя құруға рұқсат береді екен. Нәтижесінде, Малайзияда ажырасудың деңгейі 7 пайызға төмендеген. Бәлкім, ажырасудың легін азайту үшін біздің елге де осы іспеттес бастамалар қажет те шығар. Дегенмен де, «ұяда не көрсең, ұшқанда соны ілесің» – демекші, бар шаруаның тәрбие мен санаға келіп тірелері сөзсіз. Сондықтан, болашақта түтіні түзу шығатын ошақтың иесі мен ұйытқысы болғыңыз келсе, отбасылық өмірдің қызығы мен шыжығына дайындығыңызды үдеткеніңіз жөн. Сонда ғана, жанұялық келеңсіздікте белдеспей жатып, беріле салатын бозкүйік борбас халыққа үлгі болар едік. Осылайша, болашағын бірлікке бағыттаған мәңгілік ел бұл індеттен мәңгіге айығар еді.
Зина ЕРЛЕНОВА.