Ұлттық сананы сақтай отырып рухани жаңғыруға бет қою тақырыбы мақаланың өзегі. Қазақтың аузындағы аталы сөздің бірі де бірегейі сана сөзі екенін білеміз. Мақтағанда «санасы бар жігіт екен» – дейміз, «ақылды, саналы қыз екен» –дейміз, ал даттағанда «сана да жоқ, ұят та жоқ адам» екен дейміз. Ал теріс жолға түсіп тентіреп кеткен, теріс пиғылдың жетегінде жүрген адамды қарғап-сілемей-ақ бір сөзбен «санасыз» – деп жекіріп жеріне жеткізудің өзі-ақ жеткілікті. Сананың негізгі құрамды бөлігі әдет-ғұрпымыз ұлттық әдеп-этикамыз. Жоғарғы оқу орнында дәріс оқыған менің, курстастарымның сүйікті профессоры француздың ежелгі Сорбонна университетін тәмәмдап, Ломоносов атындағы Мәскеу университетінде де білімін тереңдете түскен Астраханның адуынды қазағы Бейімбет Бәбектіұлы кезекті лекциясын кілт тоқтатып: «Жалығып кеткен шығарсыңдар, ұлттық мораль, ұлттық сана туралы бірер сөз айтып желпіндірейін», – дейтін еді де таза орыс тілінде тең жартысы орыс халқының өкілдерінен тұратын аудиторияның осы бөлігіне бағыттап былай дейтін еді: «Бізді сіздер – орыстар көп нәрсеге темекі тартуға, арақ ішуге үйреттіңіздер. Сол үшін «рахмет» айтамыз. Бірақ сіздерді қартайған ата-аналарыңызды жұртқа тас-тап кететін, ең әрісі қарттар үйіне тапсыра салатын әдеттерің үшін жек көремін. Ең өкініштісі біздің қазақтар осы әдеттеріңізді де үйреніп сол жолға түсіп бара жатыр». Бейімбет ағаның темекі, ішімдік жайлы сөздері ащы мысқыл да, ал «қарттар үйіне тапсырылған қариялар өмір шындығы еді. Орыс тілін жетік меңгерген, француз тілін одан да артық білетін Бейімбет Бәбектіұлы ана тілін ең жоғарыға қоятынын ол кісінің қазақ тілін әлем тілдерімен салысты-ра тұрып, француз тіліндегі секілді барлық сөздеріміздің екпіні соңғы буында тұратынын атап, сөздік қорының байлығын да мақтанышпен айтар еді.
Ұлттық кодты, ұлттық сананы сақтап, жаңғыртуда тілдің алатын орны ерекше. «Тарихы мен тілі, әдебиеті жоқ елдер, қатардан шыққан мемлекеттер» – демеп пе еді алаш ардақтысы Міржақып Дулатұлы. «Ұлтты жою үшін оның әдебиетін жою жеткілікті», – деп Әлихан Бөкейхан да ұлттылығымыздың басты белгісіне аса назар аударғанын білеміз.
Өз мақаласында Нұрсұлтан Назарбаев ұлттық сананың кемелдену жолында ұлттық салт-дәстүрлеріміз, тіліміз бен музыкамыз, әдебиетіміз, жоралғыларымыз бір сөзбен айтқанда ұлттық рухымыз бойымызда мәңгі қалуға тиіс екеніне баса назар аударды. Ал әдебиет пен тіліміз ұлттық рухымыздың, санамыздың зәулім де берік діңгегі.
Латын қарпіне көшу бүйірден қойып қалғандай бүгін туындаған мәселе емес екенін ел біледі. Өз кезегін күтіп жатқан бұл жұмысты әбден пісіп-жетілген сәтте жария еткен Елбасы кезең-кезеңімен байыптылықпен аптықпай өткізуді ұсынып отыр.
Мақала жарияланған күннен әңгімені байбаламнан бастағандар да табылып жатыр. Өзіміздің сыншылар әліппе ауыстыру көп шығынға ұшыратады десе империялық-шовинистік пиғылдан арыла алмай отырған алып көршіміздің кейбір саясаткерлері қазақтар латын қарпіне көшсе ұлттық қасиетін жоғалтады, орыс әлемінен алшақтап ішкі тұрақтылықтан айырылады деп «көрегендік» жасаған болады. Шығын жағына, өтпелі кезең қиындықтарына келетін болсақ өткен ғасырдың қырықыншы жылдары латын қаріптерінен кириллицаға көшкенде экономикалық жағдай қазіргіге қарағанда әлдеқайда қиын болатын. Ал қазіргі материалдық-техникалық мүмкіндіктеріміз еселеп артқаны мәлім. Сондықтан да «Ит үреді, керуен жүреді» деп те, «Шегірткеден қорқып егін екпегеннің кебін кимейік» деп айтсақ та бүгінгі күннің өзекті мәселесі тіліміздің қуатын арттырып, қолдану аясын кеңейтуге ықпал етеді деп күтіліп отырған, түркі әлемімен де, батыс елдерімен де интеграциялануымыз нығайып, еліміздің алдыңғы дамыған мемлекеттер қатарына қосылуына ықпал етеді деген үкілі үмітіміздің орындалуына да көмектеседі деген латын қарпіне көшу мәселесі нақтыланғаны әрине, қуантады да, жігерлендіреді.
Өз кезегінде тіл, әдебиет, өнер әлемінің жаңғыруы санамыздың жаңғыруына бас-тайтыны анық. Сондықтан да кезінде жоғарғы оқу орнында жадымызға әбден сіңірген «сананы тұрмыс билейді» деген материалистік идеология қағидасын бүгінгі заман талабына сай «тұрмысты сана» билейді деп өзгерту туралы философ ғалымдардың ұсынысын қабылдай отырып, санамызды жаңғыртуды міндетімізге алайық ағайын.
Тұрмысымызды сана билейтін болса сананың тірегі – тіл болса басшы болып, қосшы, қостаушы болып қолдау, қолдап қана қоймай тіліміздің де латын әліппесімен бірге жаңарып, жаңғырып дами түсуі өзімізге байланысты. Бұл жерде «өзіңнен баста» принцип – қағидасы жұмыс істеу керек. Ал біздің мемлекет көлемінде терминологияда жүйе болмай тұрғаны аян. Әр сала өзінше латыннан, орыстан, ағылшыннан дегендей жөнді-жөнсіз терминдерді аударып жариялап жатқаны да адастырудан басқа нәтиже беріп жатқан жоқ.
«Қазақтың өзінен де сөзі ұзын» деп дана Абай айтқандай қазақтың әдеби тілін де оңды-солды бұзып, ұзартып жатқан мысалдар жетіп артылады. Тәп-тәуір басшыларымыз білімді азаматтарымыз «оған дейін» деген тіркесті «оғанға дейін» деп тұрса, «алға» сөзінің орнына «алдыға» деп ұзартса, тіліміз қайда барады деген сұрақты еріксіз қоямыз. Бұл енді бөлек тақырып.
Тілімізді шұбарламай әдеби негізде мәдениетті сөйлеу мектебін қалыптастыру да бүгінгі күннің өзекті мәселесі болу керек.
Х.АХМЕТЖАНОВ.