Қазақ қыздарының сұлулығы мен инабаттылығын көрсетіп, салт-дәстүрімізді жаңғыртып, мәдени құндылықтарымызды арттыру мақсатында өткізілген сайыс Жетісу жұртшылығының көңілінен шыққаны сөзсіз. Іріктеу сындарынан сүрінбей өткен 12 ауданның 12 бойжеткені шешуші кезеңде де бар өнерлерін ортаға салды. Жарыстың алғашқы кезеңінде сән әлеміне сапар шеккен арулар өз қолдарымен тіккен көйлектерін жұрт назарына ұсынып, көпшіліктің таңдайын қақтырды. Білім сайысында қарым-қабілеттерін сарапқа салған арулар лэд-экран арқылы белгілі өнер жұлдыздарының әртүрлі тақырыптағы сауалдарына нақты жауап қайыруға тырысты. Осы сайыста аудан намысын қорғаған Назым Жұмағали белгілі әнші Жанар Айжанованың «Сыңсуды кім және қай жерде айтады?» деген сұрағына сүрінбей жауап беріп, өзінің салт-дәстүрден құралақан еместігін дәлелдеді. «Өз өнерін көрсету» сайысында да мың бұрала би билеп, көпшілікке мерекелік көңіл-күй сыйлады. Сондай-ақ, осы сайыста Махамбет Өтемісұлының шығармаларын толық жатқа айтқан Райымбек ауданының сұлуы Айзада Оразалының өнеріне көпшілік тәнті болып, қошемет көрсетті.
Сұлулардың өнерін белгілі кәсіби мамандар бағалап, әділ бағасын берді. Олардың құрамында дизайнер Аида Кауменова, журналист, телепродюсер Маржан Сәдуақасова, әнші Мадина Сәдуақасова, «Достар продакшн» продюсерлік орталығының продюсері Еркебұлан Молдашев, тележүргізуші, журналист Асхат Садырбай, «Бәрінен де сен сұлу» жобасының идея авторы Райхан Тұрсынбаева және жобаның бас директоры Мұхтар Әскербекұлы болып, қара қылды қақ жарғандай әділ бағасын берді.
– Бұл тек сұлуларды анықтап, салт-дәстүрді насихаттайтын шоу-байқау емес. Біз қайырымдылық шарасын да назардан тыс қалдырмадық – деп қазылар алқасының төрағасы Мұхтар Әскербекұлы шарадан түскен қаржыны Есік қаласындағы Есеновтар отбасылық үйінің отанасы Роза Есеноваға табыс-тады. Анасымен шыққан қос бүлдіршін алғыстарын өлең арқылы жеткізіп, аналарды төл меркелерімен құттықтады.
Аталған байқау белгілі эстрада жұлдыздарының концертіне ұласып, жиылған жұртшылықты бір серпілтіп тастады. Нұржан Керменбаев пен Салтанат Бақаеваның «Арнау» дуэты, Жанар Дұғалова, Қайрат Нұртас пен «RinGo», «BN» топтары өз репертуарынан бірнеше әндерін орындады.
Байқау нәтижесінде, қазылар алқасының шешімімен жүлделі үшінші орынды ауданымыздың аруы Назым Жұмағали иеленіп, «Өнерлі ару» атанды. Балқаш ауданының аруы Назерке Әлиакбар екінші орынға жайғасты. Бірінші орын сарқандтық Мадина Мейрамхановаға бұйырды. Ал, бас жүлдені иеленген Жамбыл ауданының сұлуы Камила Қожаханова «Бәрінен де сұлу» атағын еншілеп, 1 млн теңгеге ие болды. Сондай-ақ, жеңімпаздар мен қатысушылар қомақты қаржылай сыйлықпен марапатталды. Ал жүлделі орындардан көрінген бойжеткендер телевизиялық жобаларға қатысатын болады.
Сардарбек НҰРАДИН.