Бейсенбі, 03 Қараша 2016 12:05

Шаруалар мәселесі көтерілді

Алтайдан Атырауға созылып, Арқа мен Алатаудың арасын алып жатқан ұлан-ғайыр жеріміз – ата-бабалар найзаның ұшымен, білектің күшімен қорғап қалған атырап. Теңдессіз байлығымызды шетелдіктерге сатайын деп жатыр деген бәз-біреулердің арбауына ерген халық осы жылы алаңға шығып, өз ойларын ашық білдерген болатын. «Жер ешкімге сатылмайды, сатуға да ешкімнің құқығы жоқ. Бұл жердің иесі – қазақ халқы» – деген Елбасы Н.Ә.Назарбаев арнайы Жер комиссиясын құрып, жер-жерде қарапайым халықпен кездесу өткізді. Түрлі тараптың пікірлері тыңдалып, заң қайта қаралатын болды. Сонымен, Президент жер заңнамасының кейбір нормаларын қолдануға 5 жылға мораторий енгізді. Осыны аудан тұрғындары арасында түсіндіру және жер учаскелерін өз бетімен басып алуды болдырмау мақсатында кешенді ақпараттық-насихат жұмыстарын жүргізу үшін Бәйтерек, Рахат ауылдық округтері мен Есік қаласында кездесу өткізілді.

 

Тәуелсіздігіміздің 25 жылдығы аясында өткізіліп отырған шараны аудандық прокуратура ұсынып, аудандық ішкі саясат бөлімі қолдап, «Еңбекшіқазақ ауданының әйелдер одағы» қоғамдық қоры ұйымдастырды. Үш елді мекенде өткен жиынға прокуратура, әділет басқармасы, жылжымайтын мүлікті тіркеу және халыққа қызмет көрсету орталықтарының, заң және мемлекеттік құқық, сәулет және қала құрылыс, жер қатынастары бөлімдерінің өкілдері мен жергілікті әкімдер қатысып, тұрғындар сұрағына жауап берді.

Шара барысында құзырлы орган басшылары мен мамандары баяндамалар оқып, мораторийдің қандай мақсатта, қандай жерлерге жарияланғанын түсіндіріп өтті.

Мораторий негізінен ауылшаруашылығы жерлеріне қатысты болғандықтан Есік қаласының тұрғындарында аталған мәселе аясында көп сұрақ туындаған жоқ. Алайда, қала әкімі Бауыржан Бименов аудан орталығына қатысты бірнеше қуанышты жаңалықты жеткізді. Соның бірі – қаланы газдандыру мәселесі. Айтуынша, келер жылы қалаға газ құбыры тартылады деп жоспарлануда. Күш ауылынан Түргенге, Түрген арқылы Есік қаласына тартылатын газ құбырларын жүргізуді инвесторлар талқылап, керек қаражатты есептеп жатыр.

Бәйтерек пен Рахат ауылдық округтеріндегі кездесуде құзырлы мекемелерге ауылшаруашылық жерлеріне қатысты бірнеше сауал туындады. Шаруалардың айтуынша, бүгінде көптеген ауыл тұрғындары егін егумен айналысады. Көктемде отырғызып, жаз бойы күтіп-баптайды. Алайда, күз мезгілінде ерте қар түссе, жердегі егін қар астында қалып, үсіп кетеді. Осыны ескеріп, ауылшаруашылық жерлеріне қойма салуға рұқсат беруді сұрады. Себебі, жинаған өнімін қабылдайтын орындар күніге белгілі мөлшерде ғана тауар қабылдайды. Ал өзінің кезегін күткен шаруалардың өнімдері бұзылып кетеді. Сондай-ақ, егін салған адам күндіз-түні өз жерін қарау керек. Олай дейтініміз, ұрылар түнгі уақытта шаруалардың маңдай терімен өсірген өнімін қолды қылуда. Осыған орай, егістік жерлеріне қойма немесе тұрғын үй салуды заңдастырып беруді сұрады ауыл тұрғындары. Осы сауалға жауап берген жер қатынастары бөлімінің өкілдері:

– Заңға сәйкес, суармалы жерлерге құрылыс нысандарын салуға рұқсат жоқ. Ал жайылымдық, шабындық жерлерге ғимарат салуға болады. Бұл заң – біз одан аттап өте алмаймыз. Алайда, осы және басқа да ауылшаруашылығына  қатысты келеңсіз мәселелерді 70 адамнан құралған республикалық комиссия қарап жатыр. Сондықтан олар еліміздің түпкір-түпкірін аралап, өздеріңіз секілді шаруалармен жүздесіп, пікірлеріне құлақ асқан болатын. Мәселеңіз оң шешімін табуы бек мүмкін. Алайда, қазіргі уақытта суармалы жерге салынған құрылыс нысандарын заңдастырып бере алмаймыз – деді. Сонымен қатар, жиын барысында ауылдастардың екінші үлкен мәселесі көтерілді. Ол – кезіндегі пайға берілген жерлерді заңдастыру. Өткен ғасырдың аясында мемлекеттік және бюджеттік сала қызметкерлеріне бір-екі гектардан жер бөлініп берілген болатын. Сол кездері тапсырылған жердің қожайыны екендігін растайтын құжат «Көк қағаздың» бүгінде көк тиындық құны жоқ. Оның күші 2005 жылы жойылған. Тіпті, кейбірінде көк қағаз да жоқ. Ал шаруа қожалығы ретінде конкурсқа қатысып, заңдастырып алайын десе, конкурстың шарты бойынша шаруа қожалығының жері 10,5 гектардан кем болмауы тиіс. Мұны Алматы облыстық мәслихаты бекітіпті. Осы сауал бойынша түсініктеме берген жер қатынастары бөлімінің өкілі облыстық мәслихатқа аталған жер көлемін азайту туралы ұсыныс жіберетінін айтты. Алайда, ауыл ақсақалдарының айтуынша, аталған жер көлемі қысқарған күннің өзінде, кемінде 5 гектар болып бекітіледі. Бұрын да солай болған. Ал мемлекет кезінде жерді бір-екі гектардан ғана, тіпті кейбіреулерге бірнеше сотықтан ғана таратып берген. Енді көк қағазын құшақтаған шаруалар қайда барарын білмей сенделіп жүр. Шыны керек, бұл мәселені шешуге аудан шенділері қауқарлы емес. Сондықтан, сұрақ жауапсыз күйінде қалды. Жиналыс-та саяжайлардың проблемалары да айтылмай қалмады. Әсіресе, құрамындағы саяжайлар санынан көш бастап тұрған рахаттықтар үйлерін заңдастыра алмай жүргендіктерін алға тартты. Саяжайлар, негізінен, ауылшаруашылық жерлерге жатады. Ауылшаруашылық жерлеріне мораторий жарияланғандықтан олар 2021 жылға дейін құжаттарын рәсімдей алмайды. Ал саяжайларды санатын елді мекенге ауыстыру үшін көшелері, су жүйелері сынды инфрақұрылымдары талапқа сай келмейді. Алайда, мораторийға еніп кеткен саяжайлардың мәселесін шешу мақсатында құзырлы органдар прокуратураға өтініш жолдап жатқан көрінеді.

Жиналыстарды қорытындылаған «Еңбекшіқазақ ауданының әйелдер одағы» қоғамдық қорының төрайымы Роза Исатаева:

– Осы жерде қаншама мәселе көтеріліп, сөз болды. Бұл тек сіздердің емес, мемлекеттің бас қатырып отырған мәселесі. Елбасының тапсырмасымен құрылған республикалық жер комиссиясы да жоғарыда аталған проблемаларды жіті тексеріп, оң шешімін іздестіруде – дей келе жер учаскелерін өз бетімен басып алуды болдырмау керектігін атап өтті. Сонымен бірге жұртшылыққа жер туралы заңға енген өзгерістер мен толықтырулар жазылған кітапшаларды таратып берді.

Сардарбек НҰРАДИН.

Оқылды 3618 рет

Соңғы жаңалықтар

Қырқ 28, 2024

АЭС – объективті қажеттілік

АЭС — электр энергиясын экологиялық таза жолмен өндірудің бір түрі. Ядролық энергия…
Қырқ 27, 2024

о проведении республиканского…

г.Қонаев – 2024 год 1. Общие положения 1.1. Настоящее положение определяет порядок…
Қырқ 27, 2024

Республикалық конкурс өткізу туралы …

Қонаев қаласы – 2024 жыл 1. Жалпы ережелер 1.1. Осы ереже «Сыбайлас жемқорлыққа қарсы…
Қырқ 27, 2024

Сарапшы: Қоғамдық мәселелерге…

Ел тұрғындарының энергетика саласындағы мәселелерге қатысты пікірі қалыптасып, саяси…
Қырқ 27, 2024

АЭС салуды қолдау штабының өкілдері…

Атом электр станциясын салуды қолдау жөніндегі Халық штабының өкілдері ақтөбеліктермен…
Қырқ 27, 2024

Члены Народного штаба за…

В регионе продолжилась работа Народного штаба за строительство АЭС. Депутаты, эксперты и…
Қырқ 27, 2024

АЭС-тен көмірқышқыл газы да, күл де…

ҚР Ұлттық Ғылым академиясының президенті Ақылбек Күрішбаев АЭС экологиялық таза…
Қырқ 27, 2024

Халықтық штаб: Атом электр…

Ақылбек Күрішбаев АЭС экологиялық таза энергияның сенімді көзі ретінде маңызды рөл…
Қырқ 27, 2024

АЭС салуды қолдау жөніндегі халықтық…

АЭС салуды қолдау жөніндегі Халықтық штабтың жұмысы бүгін Ақтөбе облысында жалғасты.…

Күнтiзбе

« Қыркүйек 2024 »
Дс Сс Ср Бс Жм Сб. Жк
            1
2 3 4 5 6 7 8
9 10 11 12 13 14 15
16 17 18 19 20 21 22
23 24 25 26 27 28 29
30            

Кез келген материалды
көшіріп басу үшін
mezet.kz - ке гиперсілтеме
қою керек 

Яндекс.Погода

 

https://kurs.kz/ - Курсы валют в обменных пунктах г. Алматы и других городах Казахстана

Жарнама

для детей, достигших 12 лет