Бейсенбі, 13 Сәуір 2017 14:11

«Сәулет өнері – замана айнасы»

Сәулетшілік – адамзат ғұмырымен бірге тарихы тереңде жатқан, шоқтығы биік өнер. Ол қай заманда болмасын өзінің өзектілігін жоғалтқан емес. Оған дәлел, заманының баға жетпес байлығы болған Айша бибі, Арыстан-Баб, Қожа Ахмет Яссауи кесенелері әлі күнге өз биігінен түскен жоқ. Қазіргі таңда да сәулет өнері жоғары бағаланады. Ол – кешегі мен бүгінді байланыстырып, адамзатқа рухани тәрбие сыйлайды. Сондықтан, екінің бірі бұл өнердің тізгінін ұстай алмайды. Оған туындысымен халықтың эстетикалық талғамына лайықты жауап бере алатындар ғана лайық. Солардың бірі әрі бәрегейі – Қазақстан Сәулетшілер одағының мүшесі, еліміздің Құрметті сәулетшісі, «Есік Геосәулет» мекемесінің директоры Дәркенбаев Таңатар Садықұлы. Ауданымызда ғана емес, облыс, республикалық деңгейдегі сәулет жобаларының авторы, өз ісінің шебері биыл асқаралы алпысты алқымдады. Мерейтой қарсаңында сәулет өнерінде өзіндік қолтаңба қалдырған Таңатар Дәркенбаевпен аз-кем әңгімелескен болатынбыз.

 

– Таңатар Садықұлы, осынау талабы зор күрделі салаға қалай келдіңіз?

– Әрбір адамның азамат болып қалыптасуына, рухани жетілуіне, қандай да бір мамандықты таңдап, оны жанына серік етуіне көптеген жағдаяттар әсер етеді. Мәселен, туған ауылым қазіргі табиғаты көркем Лабасы, Шаған тауларының етегі, Көксу өзенінің бойы, бақ дарып, қызыр қонған шұрайлы мекен – Көксу ауданы. Жүрегі елім деп соққан  аталарымыздың  табаны, атының тұяғы тиген қазақ даласында өскен адамзат сұлулыққа тамсанбауы мүмкін емес. Атамекеннің терең тарихы, сұлу табиғаты,  мені түрлі ойға жетелеп, қиялымды шарықтатып, жан дүниемді ерекше  сезімге бөлейтін.

Өзім туып өскен ауылымның өркендеуі халықтың еңбегін өз көзіммен көріп өстім. Біздің ауыл ол кезде (Лабасы ауылы, Ленин атындағы колхоз орталығы) сәулеті жағынан Республика көлемінде ең алдыңғы қатарда болды. КСРО көлемінде абаттандыру көркейту жағынан Москвада ВДНХ-ның алтын  дипломын 1974 жылы жеңіп алды. Бұл жасалған жұмыстар бізге бөлек әсерін тигізіп, өнерге ынталандырды. Осы кезден менің өнердегі жолым басталды деу-ге де болады. Кейіннен, Талдықорған облысы колхоз, совхоздары бас жоспарымен бірге, Ленин колхозының бас жос-парын жасап, ретке келтіру жұмыстарын орындап, өз ауылымның көркеюіне біраз үлес қостым. Сонымен қатар, сәулетші болуыма тағы бір себеп – суретке деген  бала кезімнен құштарлық. Алматы қаласындағы Ы.Алтынсарин атындағы 2 экспериментті мектеп-интернатының қабырғасында Сапа Искаков сурет, сызу сабағынан дәріс беретін. Менің суретке құштарлығымды байқап, ерекше баули бастаған да сол кісі.

– Әркімнің, әсіресе, өнер адамының алғашқы туындысы өзіне ыстық. Өзіңіздің тұңғыш жобаңыз жайлы айтып өтсеңіз.

– Әке-шешем егде тартқан кісілер болғандықтан, институт бітіргеннен кейін туған өлкем Талдықорған облыстық архитектура басқармасына жолдама алдым. Әрине, Алматы, Павлодар сынды өндірісті қалаларға баруға болар еді. Ол кездерде творчествалық ізденіс беретін тапсырыстар бас қалаларда болатын. Алайда, қызметтік жолымды туып-өскен жерімнен бастағанды жөн көрдім.

Алғашқы өз бетіммен жасаған жобам – облыстық драма театры. Өзі тұрған  кинотеатрға қосымша ретінде тұрғын үй есебінен салынды. Сол сәтте, бұл қаладағы үлкен кешен менің жобаммен салынып жатқанына төбем көкке жеткендей болды. Ойыңнан туған жұмысқа халық жоғары баға беріп, туындың жарқырап тұрса – міне нағыз бақыт. 

– Облыста басқа да ғимараттар мен кешендердің салынуына үлес қосқан боларсыз.

– Әрине, Тәуелсіздікке дейін де, кейін де облыс аумағында ауыз толтырып айтарлықтай жұмыстар атқардық. Атап айтқанда, Талдықорғандағы облыстық өлкетану мұражайы, Жетісудың қаза болған батырларына арналған ескерткіш, Ақсу ауданындағы Ш.Уәлиханов ескерткіші, Талдықорғандағы «Қазақстан» кинотеатрының алдын абаттандыру, Үштөбе, Қаратал аудандарына кіре-берістегі арканың, сондай-ақ, көптеген ғимараттар, ескерткіштер мен алаңдардың жобасын жасаған болатынбыз.

– Аудан аумағындағы жұмыстары-ңыз жайлы әңгімелесеңіз.

– Осы аудандағы ең негізгі жобам – Есік қаласының төменгі жағында орналасқан «Алтын адам» тарихи-мәдени қорық-мұражайы. 2007 жылы ғимараттың жобасын бастап, 2009 жылы аяқтадық. Нысанның жобасын жасау барысында біз барымызды салдық. Себебі, қасиетті Алтын адамның табылған жеріне кез-келген ғимаратты тұрғыза салуға болмайды. Сондықтан, біз ұсынған бірнеше жобаның ішінен қазіргі салынған ғимараттың жобасы баршаның көңілінен шықты.

– Саябақ ше?

– Есіктегі Жамбыл атындағы жастар саябағы да біздің жобамыз бойынша күрделі жөндеуден өтті. 2013 жылы аудан әкімі Бинәлі Әбдіқапасұлының тапсырмасымен жобасы дайындалған болатын. Өткен жылы қаржы бөлініп, құрылысты «Сұңқар» компаниясы жүргізді. Аумағы 39 гектарды құрайтын саябақтың жобасын сызғанда да біз барлық нәрсеге мән бердік. Ендігі кезекте, инвесторлар тартылып, түрлі аттракциондар қойылса қала тұрғындарының демалуына таптырмас мекен болады.

Сондай-ақ, округтер-дегі көшелерді абаттандыру мен Есік қаласындағы Амангелді көшесінің және аудан бойынша 15 көшені күрделі жөндеуден өткізу үшін жоба дайындадық. Оған қоса, ауданның ауылдық округтер мен ауданның бас жоспарын дайындап жатырмыз.

– Бас жоспарды айтып қалдыңыз. Осы құжат бойынша келешекте аудан, аудан орталығы қалай өзгермек?

– Биылдың өзінде аудандық мәдениет үйінің айналасын абаттандыруды бастаймыз. Жобалық-сметалық құжаттары дайын. Жоба бойынша, мәдениет үйінің айналасында бос жатқан жерлер түгелдей тазаланып, ғимараттың алдына Ұлы Отан соғысына қатысқан ардагерлерге арналған ескерткіш және ақын Тұманбай Молдағалиевтің ескерткіш-мүсіні орнатылады. Ғимараттың айналасына ағаштар отырғызылып, орындықтар қойылып, жарықтандырылады. Сонымен бірге, теннис, үстел теннисі, баскетбол, волейбол ойнайтын алаңдар жасақталады.

– Есік өзенінің айналасы жасыл-желекке айналады деген сыбыс шыққан бір жылдары. Қаншалықты шындыққа жанасады?

– Ол рас. Аудан әкімі Бинәлі Ысқақ өзеннің айналасын абаттандыру жөнінде бірқатар тапсырмалар берген болатын. Алайда, бұл бүгін-ертең іске асады деп айту қиын. Біз өзен айналасын абаттандыруды үш кезеңге бөліп, жобасын жасап жатырмыз. Жоба бойынша, мұнда тура Алматыдағы Есентай өзеніндегідей болады. Ағаштар отырғызылып, орындықтар мен жарық шамдары қойылады. Бұл – болашақтың еншісінде. Оған қоса, күн сайын қаладағы көліктер саны артып, екі бірдей көпір тарлық етуде. Соған орай, тағы бір үлкен көпір салуды жоспарлап отырмыз. Есік қаласына кіре-берістегі аркадан жоғары бульвар жасап, абаттандыру жұмыстарын жүргізу де жоспарда бар.

– Өзіңіздің осы салада тер төгіп жүргеніңізге аз болмады. Сәулетшіге көз тоймас тамаша туындылар жасау үшін не керек деп ойлайсыз?

– Ең бірінші, адамға ынта мен жігер, кейін білім керек. Сәулетшілер – кеңістікті пайдасына жаратып, одан керемет дүниелер шығаратын адамдар. Сондықтан, сәулетшілер әрдайым ізденіс үстінде болуы тиіс. Сондай-ақ, сәулетшілер түрлі маманның кейпіне ене білуі де маңызды. Айталық, мектептің жобасын жасау үшін, мұғалімдер мен оқушылардың күйін кешуіміз керек. Оларға қолайлы жағдай туғызу үшін ізденеміз. Басқа жобаларды жасағанда да дәл солай.

– Бүгінде сәулет өнерімен айналысатын жастардың қарасы қалың. Олардың жұмысына көңіліңіз тола ма?

– Жастардың жұмысына тәнтімін деп айта алмаймын. Бірі білсе, бірі білмес, дәрігер мен архитекторлар оқуының сырттай бөлімі жоқ. Дәрігердікі айтпасақ та белгілі. Ал сәулетшілердің жұмысы аса маңызды әрі көп білімді қажет ететіндіктен сырттай оқып диплом алу мүмкін емес. Соның өзінде, жас мамандарымыздың білімі таяз екендігін байқап жатамыз. Мен көп елдің сәулетшілерімен жұмыс жасаймын. Сонда байқағаным, Ресей, Өзбекстаннан білім алып келген жастардың жұмысына көңілің толады. Ал отандық жоғарғы оқу орнын бітіргендерге қарап қарның ашады. Мұнымен, университеттер білім бермейді деуден аулақпын. Десек те, жастарымыз көп ізденбейді. Теориямен сусындаған оларға тәжірибе жетіспейді.

– Уақытыңызды бөліп, сұхбат бергеніңізге рахмет. Мерейтойыңыз құтты болсын!

 

Әңгімелескен

Сардарбек НҰРАДИН.

Оқылды 3934 рет

Соңғы жаңалықтар

Маус 19, 2025

Атамекен Отаны – Бейбіт өмір ауылы

Тарих бетіне үңілсек, 1722 жылы Бірiншi Петр: «Қазақ Ордасы бүкiл Азия елдерi жерлерiне…
Маус 19, 2025

Қажырлы еңбек — ел мүддесіне адал…

Қытайдың Боғда тауының Күнгейінен Қазақстанға көшіп келген жерлестердің бас қосуында…
Маус 19, 2025

Ел жүрегінде сақталар қос есім

Кім келіп дүниеден кім кетпеген, Ащы қайғы кімдерді жүдетпеген. Еске алып дұғасына…
Маус 19, 2025

Бір әкенің тәрбиесін жүз мектеп…

Әр шаңырақта әкенің орны ерекше. Әке – отбасының асыраушысы, қамқоршысы. Әкенің…
Маус 19, 2025

«Атамекен» – ұлттық рух мекені

Жазғы демалыста балаларға арналған мектеп жанындағы «Атамекен – ұлттық рухтың бесігі»…
Маус 19, 2025

Жаңарған ғимарат – жаңа мүмкіндіктер

Денсаулық сақтау жүйесін дамытып, сапалы медициналық көмекті ауыл халқына барынша…
Маус 19, 2025

Алғыс пен құрмет иелері

Елімізде маусым айының үшінші жексенбісі – медицина саласындағы қызметкерлердің кәсіби…
Маус 19, 2025

У нас союзнические отношения с…

Заместитель директора ТРК Президента РК Аскар Джалдинов спросил Президента России…
Маус 19, 2025

«Я не вижу никаких осложняющих…

 Отвечая на вопрос заместителя директора ТРК Президента РК Аскара Джалдинова, Президент…

Күнтiзбе

« Маусым 2025 »
Дс Сс Ср Бс Жм Сб. Жк
            1
2 3 4 5 6 7 8
9 10 11 12 13 14 15
16 17 18 19 20 21 22
23 24 25 26 27 28 29
30            

Кез келген материалды
көшіріп басу үшін
mezet.kz - ке гиперсілтеме
қою керек 

Яндекс.Погода

 

https://kurs.kz/ - Курсы валют в обменных пунктах г. Алматы и других городах Казахстана

Жарнама

для детей, достигших 12 лет